«Соғыс енді болмасын…» деп 1948 жылдан бері, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесін Бесоба ауылының орда азаматы Ағыбаев Мәди ағамыз тоқсанның төрінде болған шағында құрметті жиынға жиналғандарға, маңайын қоршап тұрған балаларға арнап айтушы еді…
Қойын дәптер шерткен сыр…
Иә, осы тақырыпта шыққан сырлы да, қырлы да, мұңды да, шаң басқан сандықтың кілтін салып, етегін қақ алған, сексен жылдан астам уақыт өрнегі бар орамалға түйілген түйінін шешіп, сарғайған дәптерден алынған сағыныш әңгіме мен ойлы жырлар болатын.
Себебі, Қарқаралы ауданы, Бесоба өңірінің «Қамқор» (ертеде 17 ауыл) елдімекенінің, Қоңыртөбе тауы баурайында (05.05.1924) дүниеге келген, ауылдың қара домалақ баласы, қадамын нық басуға, жастайынан өмірге деген құштарлығын шыңдап, ортаға қажеттілігін көрсетіп, дүркіреген соғысқа аттанып, қиындық өмір көрген (1942-1948) жеңімпаз ардагер атанып, қажымас шаруа еңбекқоры, елін, жерін сүйген (патриот) Ағыбаев Мәди аға еді.
1942 жылдан бастап 1948 жылға дейін, жат жерін жауынгер ретінде Жеңіске деген үмітпен, жауға қарсылық білдіріп, еліне амандық қадаммен аттап келген Мади аға болатын.
Сол таршылық заманда, қойнына тығып, «сары майдай» сақтап, Батыс Европаның шоң құрлық етегін жаяу аралап жүріп, еліне деп, жеріне деп, анасына, жақын туыстарына, ұрпағын ойлап, «жанындай» сақтап келген екі дәптері сыр шертіп, ғасырлық туған жасына, әкеміздің аруағына ризашылық білдіріп, туған ел-мекенімізде арнайы ас беріліп, дұға оқылғанның куәсі болдық. Әңгіменің тілашарын бастаған, ұлағатты ұстаз баласы Ағыбай Мәдиқызы Рысжан еді.
Мәди Ағыбаев әкеміз шынында, ел айтса сенбес, өзі-өзін тыс қалдырмай, жол торабын кезген «патриот азамат» екендігін ел біледі. Қараңыздаршы, Қамқор, Қарағанды, Ақмола, Сталинград (Ленинск қ.), Курск-Белгород, Харьков, 20.07.1943 күні «Смело» деген жерде лагердің қамауына алынады. Бұл қамау жалғасып, Карашино, Крымка, Каменный мост, әрі-қарай Бессарабия, Румыния, Чехословакия, Венгриядан Карпат тауларынан, Сельце қ., Лигуманштадт деген қалаға тоғытылады. Екінші жылдың күзінде (31.08.1944) күні француз әскері Бостон қаласын босатып алады. Осы жылдың шаңқай күзінде Шотландия арқылы Англияның Гул қаласына жеткізілген.
Жол тарта, Ливерпуль қаласының теңіз портынан үлкен соғыс кораблімен Мурманск портына жеткен бетте, «Тауркалис» темір жолындағы орман ну даласында ағаш дайындаған. Ал 24.01.1945 күні Рига қаласында болған, онда 01.04.1948 күнге дейін жазбалы еңбек етіп, сол жылдың 20.04. күні жол түсіп ардақты жері Қарағандыға жеткен.
Туған топырақты баса, «Анама майданнан хат» деген, тілеу сөзін айтқандай, тізерлеп отырып, екі қолын жайнамазға жайғандай, жерін сүйіп, маңдайын сәлдеге тигізгендей, ардагер Мәди Ағыбайұлы «Шерлі болған Анамай…» деп,«Қоңыртөбе басы биік тауым…» деп, қостап, майдан жырын қоңыр дауыспен бастап жіберген екен.
Анама майданнан хат!
Шерлі болған анам-ай!
Жақсыма қалын панамай.
Елде де қиын күн көріс,
Оңалды ма бар жағдай?
Майданның жайы – бір өлім,
Бір тірлік бәрі Аллада-ай?
Мықты бол, Анам жылама,
Көздің жасын бұлама!
Гитлер сұм, итті өлтіріп,
Тығамыз басын жыраға.
Жеңістің туын көтеріп,
Барамыз Ұлы – Далаға!
Адалға жақ қой сеніңіз,
Бір жаратушы – Аллаға!
Сәлеммен: Мәди Майдангер
Сол сәтінде, естіген ел болса, адам жаны қалай сезінер еді. Ой мен өрістің арасы, рух пен көңіл, мінездің ары, бір тұтас, ажырамастай жаралған болған секілді.
Қойын қалтасындағы сары дәптердің ішкі беті, сия қарандаштан бос жері қалмай, мәтінмен толы жайылып, жалғасын тапқан (1942-1943) «Туған елім, өскен жерім», «Елмен қоштасу», «Майданнан хат», «Елге сәлем», (1944-1946) «Сөйлейін тында халқым», «Уа, халқым, құлақ сал», «Майданның алғашқы қиын күндері», «Қапастағы арман (пленде)», «Плендегі қисса», «Плендердің хал-жағдайы», «Даналық сөз – мақалдары» т.б. жырларын жаза білген.
Екінші дәптердің бетін ашқанда, Мәди ағамыз жанында болған майдандастарынан жазып алған өлеңдерін кеңінен таратып, Ақансерінің «Балқадишасын», орыс тіліндегі «Сулико» әнін, қазақшаға аударып шырқағанын, Михаил Исаковскийдің «Катюшасын»реті келсе ауызынан тастамайтын әндері мен әңгімелер болатын.
Ұлағатты ұлы сөз «…әу, демейтін қазақ жоқ», «естіген құлақта жазық жоқ» дегендей, естігенін теріп жазып «Амал қылған аятқа», «Бұл күнде дұшпандар қабынып жүр», «Жанға көңіл қалып тұр», «Ақ тұйғын суға түсті қарға қуып» т.б. әндерін, радио торабынан, теледидар бетінен көргенде, Мәкең «босап», қоса дауыс іздеп, үйдегі Бәтжан апамызды да, маңайындағы балаларды да іліп алып, шырқап кететін. Жарықтық, талай үйде болғанда, бетімізден сүйіп, маңдайымыздан иіскеп, реті келгенде сөз батырып, ойнаған сыңайлы болып, бізбен бір жасап қалатын. Айтарлықтай, бір кем дүние болғандай.
Дәптердің соңғы беттері де, әріппен цифрға сыңсып тұрғандай көрінеді. Себебі қатарда жүрген сарбаздардың мекен-жайын жазып алып, сары қағазға тіркеп қойыпты.
Айтпасқа болмас, қазіргі бармысың бауырымға беретіндей, тиянақтап бар каллиграфиясын келтіріп, анығын көрсеткен жайы бар, көріңіздер:
Карагандинская обл., Балхашский р-н, Тасаральский с\с Байназарову Айс (есімі қате болуы мүмкін).
Карагандинская обл., Каркаралинский р-н, Комсомольский с\с (сельский Совет), Тусибеков Жунис (Түсіпбеков Жүніс).
Джамбульская обл., Ст. Чу, Чуский р-н, п\о Новый путь, Старочуский с\с, колхоз «Енбекши», Баракбаев Шорман(бек).
Узб. ССР, 2-Ташкент, Карасуйский р-н, Казанахтинский с\с, колхоз «Учкун»(Ұшқын), Мамашоринову Эшенхон.
Кустанайский обл., Семезорский р-н, Первомайский с\с, колхоз «13 лет Октября», Калиеву Казбек.
Гурьевская обл., Жило Косанский р-н, Калиниский с\с, колхоз им. Калинина, Джангалиеву Базарбай.
Каз ССР., Таш., Ж/Д, ст. Сыр Дария, совхоз «Махта Арал»,Илича, баз 48, Махамбетову Аршабай(бек).
Узб.ССР., Наманганская обл., Тюпа Курганский р-н, Шаханский с\с, колхоз «Пролитар», Сидиков Сабиржан.
К.А.Р. АССР., Кожалинский р-н, с\с №7,Саркенову Жая.
Каз ССР., Сев.Каз. обл., Октябрьский р-н, к\з Красный Октябр, Нижний Бурлинский с\с, Абакаеву Малгаждар.
Акмолинский обл., Сталинский р-н, рудн. Сталинский, ул. Советская, д.№ 36. Алимову Баяжан.
Латв. ССР., Валкский Уезд, Эвалская волость, Хутор Капкални, Стендерс Юлий Янович.
Барлығын тіркеп жазғаны 12 адам, арқайсысын бауырым деп, жаны қалмай, тірі қалсақ, хабардар боламыз деген шығар, білмедік.
Мүмкін хабарласа алмады ма, соғыстан кейінгі жағдай да белгілі болғандықтан түйілді ме, өзі солай шешкенде шығар. Бір Аллаға белгілі шаруа.
Мәди ағаның сырлары ашылып, әрі қарай ізін табуда. «Күтпеген кездесу» жазба әңгімесі, естіген құлақтан, ел аузынан көпке дейін үзілмегендей. Бұл 1945 жылы желтоқсан айында Латвияның Рига қаласының «Тауркалис» деген теміржол стансасында болған оқиға. Сол күні күзетте тұрған Мәди жауынгердің алдында қатар-қатар тұрған шойынжол вагондары тоқтайды. Батыстан елге қарай бет алған вагондар, біркелкі әскери киіммен толы мінген солдаттар, үлкен составтағылар таза ауадан дем алғандай, есікке тақап, көлденең тұрған белағашқа асылып, жан-жағын тегістеп тұрғандай жауынгерлер болды. Иығына ұзын мылтық асынған күзетші Мәди жауынгер, көргендерге жақындық білдірді. Сол жақындықты жанымен сезгендей, Мәди ағамыз құр тұрмай, «Қазақстаннан кім бар?» деп дауыстап айқайлаған екен. №7 вагоннан «Мен бармын» деген дауыс шыққанда, ентіге жүгіріп «Оның қай жеріненсің?» деген екен. «Қарқаралының, Бесоба ауылынан» деп, біреу жауап қайтарады. Іздеуінен жалықпас Мәди Ағыбайұлы «Сіз кім боласыз?» деп, сұраған бетте «Мен Саудабай Рахымберлинмін» деп, жауап қайтыпты.
Міне кездесу, арман кездесу! Вагоннан жерге секіріп түскен офицер шенді бір ауылдың азаматы-ау, дегендей, «мен Саудабай Рахымберлинмін» қайталап айтып, күзетте тұрған Мәдиді бауырымдап, бір-бірін қатты-қатты, бауырына қысып, жақындық білдірген екен. Естелік жиындарда, естерінен тастамай екеуіде айтып жүретін. Қос батыр ауылға оралғаннан кейін елдің әл-ауқатын көтеріп, ардақты ардагерлер ретінде қызмет жасап, еңбек етті. Міне кездесу.
Бала кезімізде үйге келсек, Бәтжан апамыз барымызды алдына тартып, дастархан етегіне отырғызатын. Бала көрсе бауырмалдық тартып, ардагер әкеміз бетімізден сүйіп, маңдайымызды иіскеп, өзінің әдетіндей бауырына басып «ай, құлыншақтарым-ай, бақытты болыңдар», «соғыс енді болмасын» деп, жақсылықтың тілеухоры болып, ерекше лебізін білдіріп жүретін патриот жан еді.
Сексен жылдан астам уақыт сақталған «сары дәптер» келер ұрпақтың назарында болғай, сәттілік тілейік, оқыңыздар, тоқыңыздар.
Сырлы сөздің жайлауын жайып, сырын ашқан сіздерге рақмет айтып, інісі Ерғазы Жазықбаевқа, Мәдиқызы Рысжанға, жиен аға, апайларға, бауыр, жерлестеріме, естір құлаққа жетер оқырманға, құрмет көрсеткен Серік Мұстафин
Мәди ағаның соғыста жүріп өткен жолдары
1942 ж. 29 қазанда 3 күн жүріп Қамқордан Қарағандыға келген.
1942 ж. 7 карашада жерлесі Шахман екеуі Акмолаға келеді.
1942 ж. 22 карашада Сталинград майданына аттанған.
1942 ж. желтоқсанда Ленинск каласына жеткен.
1943 ж. 2 ақпанда — немістің атақты фельдмаршалы Паулюстің армиясын ойсырата жеңіп, Сталинград каласын азат еткен.
1943 ж. 19 наурызда Курск- Белгород бағытымен 2 майданға аттанған.
1943 ж. 5 шілдеде жерлесі Шахманды бөліп жіберген. Кастише деген станцияны азат еткен.
1943 ж. 15 июльде Харьконка алып барып, жан-жаққа бөліп жіберген.
1943 ж. 20 шілдеде «Смело» деген жердегі лагерьге қамауға алады.
1943 ж. 9 желтоқсан 1944 ж. 25 қаңтар аралығында Корошинода ұстаған.
1944 ж. 3 ақпан 19 наурыз аралығында «Крымка», «Каменный мост» лагерінде қамауда болған. 1944 ж. 19 наурызда Бессарабия, Румыния, Чехославакия, Венгрия жерлерімен Карпат тауы арқылы ары қарай кетті.
1944 ж. 25 маусымда Сельце қаласына жеткізіліп, 1 ай қамауда осы жерде болған.
1944 ж. 21 шілдеде Лигуманштадт деген қалаға әкелген.
1944 ж. 31 тамызда француздардың Бостон әскері босатып алды.
1944 ж. 18 қыркүйекте Шотландия арқылы Англияның Гулля қаласына жеткізген.
1944 ж. казанда Ливерпуль портынан үлкен соғыс кораблімен елге қайтарды.
1944 ж. 7 қарашада Мурманск портына алып келіп,«Тауркалис» темір жолында орманда ағаш дайындатқан.
1945 ж. 24 қаңтарда Рига каласында болған.
1945 ж. 23 ақпанда Командировка Иецава Залитедаудзева
1945 ж. 24 сәуірде қайта Тауркалиске келген. Жеңіс күнін осында өткізген. Осы жерде Саудабай Рахымберлинмен кездескен.
1946 ж. 27 мамырда Тауркалистен кеткен.
1946 ж. 30 мамыр 28 маусым аралығында Мерсраге, Усадьба Лепинада ағаш кескен.
1946 ж. 1 шілде-30 тамыз аралығында Болдарайға келіп, ағаш заводында учетчик болып жұмыс істеген.
1946 ж. 1 қыркүйек 1947 ж. 10 қаңтар аралығында экспедитор болған.
1947 ж. 11 қаңтар 1948 ж. 19 наурыз аралығында МВД Латвия ССР-де болған.
1948 ж. 1 сәуірде МВД-мен есептескен.
1948 ж. сәуір айы кешкі сағ. 5.40-та Ригадан шыққан.
1948 ж. 20 сәуірде Москва уақытымен 19.12-де жергілікті уақытпен 22.12-де Қарағандыға келген. Ардақты шахтер Балтабаев Қыдырәлінің үйіне жеткен.
1942 ж. үйден шыққаннан менің жүріп өткен жолым осы деп айткан екен.
Өмірдерек
Ағыбайұлы Мәди, 1924 жылы 5 мамыр күні Қамкор бөлімшесінің Қоңыртөбе тауының бауырындағы Нұралы елдімекенінде өмірге келген. Әкесі Ағыбай Қарымсақұлы, шешесі Бөкен Аманбайқызы 1889 жылдың тумалары. Әке-шешесі күн көріс шаруашылығымен айналысқан. 6 жасқа дейін сол кісілердің тәрбиесінде болған. 1928-29 жылдары әке-шешесі Қарағандыға көшіп келіп жұмыс істейді. Әкесінің денсаулығы жұмысқа жарамағандықтан 1931 жылы күзде ауылға қайтып көшіп келеді. Осы жылы қазан айында Бесобадағы мектеп интернатты жауып, Қаркаралыға көшіріп алып кетеді.
Мектеп-интернаттың балаларымен қоса Қарқаралыға ол да кеткен. 1931 жылдан бастап 1939 жылға дейін балалар үйінде болған. 5-сыныпты осы Қарқаралыда бітірген. Одан кейін оқуларын Бесобада, Қарағандыда жалғастырған. 1941-42 оқу жылында 7-сыныпты Қарағандыдағы №7 Жамбыл мектебінде тәмәмдайды. 1941 жылы шілде айының 22 күні соғысты неміс фашистері бастады. 1942 жылы жаппай соғысқа шақыру басталды.
1942 жылы қазан айынан 1948 жылдың наурыз айына дейін соғыста болып, 1948 жылы 20 сәуірде туған ауылына оралады. Соғыстан, кейін ауыл шаруашылығында есепші болып, абыройлы еңбек еткен. 1984 жылы 60 жасқа толуына орай соғыс және еңбек ардагері деген құрметті атақпен марапатталған.
Балалары жоғары білімді, әртүрлі салада қызмет істейді. Ағыбай ұлы Мәди 2012 жылы 1 желтоқсанда дүниеден өтті.
Серік Хамзаұлы МҰСТАФИН,
саясаттанушы, қоғам белсендісі,
Саран қаласы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі