Қарағанды облысында қаржы пирамидаларын құру деректері азайып келеді. Дегенмен әлі де қаржы пирамидасына заңсыз қаржы тарту фактілері кездесіп тұрады. Мысалы Шахтинск қаласының тұрғыны 37 млн теңгені алаяқтық жолмен тартқан.
Шахтинск қаласының 35 жастағы тұрғынына аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Бүгінде тергеу жұмыстары аяқталды. Тергеу мәліметтері бойынша күдікті қор нарығындағы ойындарға әуестенген. Бірақ тұрақты табыс көзі болмағандықтан, қылмыстық схема ойлап тапқан. Яғни таныстарының өзіне қатты сенетіндерін пайдалана отырып, 11 адамның қаржысын қолды қылған. Күдікті азамат салымшыларды өзінің «табысты» жобаларына инвестиция құю арқылы мол пайда табуға болатынына сендірген. Сөйтіп жалпы залал сомасы 37 млн теңгеден асты. Тіпті кейбір жағдайда ол басқа да тәсілдерге көшіп, таныстарының аяушылық сезімін тудыруға тырысқан. Яғни баспана немесе дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат сұраған. Осылайша алаяқтың құрбаны болған азаматтар уәде етілген дивидендтер түспеген соң полицияға жүгінген. Жүргізілген кешенді тергеу нәтижесінде тәртіп сақшылары 11 алаяқтық фактісі бойынша күдіктінің кінәсін дәлелдеді. Енді күдікті ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Тағы бір дерек, бір алаяқ таныстарының сенімін пайдаланып, 47 млн теңгені жымқырды. 33 жастағы күдіктіні Саран қаласының тәртіп сақшылары қолға түсірді. Табиғаты көпшіл азамат өзіне көпшілікті тарта білген. Соның арқасында оның таныстары көп еді. Бұл мүмкіндікті ол пайдасына жаратуды ойлайды. Сөйтіп «қаржылық проблемалар туындады» деген сылтаумен таныстарын қаржы институттарынан несие алуға көндіреді. Және ол несиелерді өзі төлейтінін айтып, ант-су ішеді. Оның уәдесіне сенген азаматтар банкке барып, қомақты несие алады. Осылайша 15 жәбірленуші 500 мың теңгеден 18 млн теңгеге дейін несие алған. Жалпы шығын сомасы 47 млн теңгеге жетіп отыр. Бүгінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Полицейлер алаяқтардың арбауына түспеу үшін күмәнді қаржылық схемаларға қатыспау керегін айтады. Яғни ол кісі жақын танысың немесе туысың болса да күдікті қаржылық істерге араласпау керек. Бұл оңай олжаны ойлаған әрбір азаматтың өзі опық жемеуі үшін маңызды. Облыстың тәртіп сақшылары бұл бағыттағы алдын алу-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Манас АҚСАРЫ