Еңбегімен елге танылған

Тәуелсіз елдің әрбір аймағында, әрбір өңірінде өзінің сара жолымен елге, халыққа сіңірген еңбегімен танылып, өскелең ұрпаққа үлгі болатын тау тұлғалы азаматтарымыз баршылық. Ардақтысын аялап, қадірлісін құрметтей білген ел еңбек ардагерлерінің бағасын өз деңгейінде бағамдай білген. Бүгінгі әңгімеміздің өзегі осындай азаматтардың бірі, кентіміздің байырғы тұрғыны, менің бел құрдасым Туғанбаев Несіпбай Тышқанбайұлы туралы болмақ.

Несіпбай жерлесім 1956 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жоғарғы Қайрақты кентінде дүниеге келген. Әкесі Тышқанбай Туғанбайұлы жастайынан техникаға құмарлық танытып, автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Ақадыр кентінде жаңа автокәсіпорын, дәлдеп айтқанда АТП-1102 мекемесі ашылған бетте көшіп келіп, сол жерге жүргізуші болып жұмысқа тұрады. ЗИЛ, ГАЗ-51, ЗИС маркалы көліктерін жүргізіп, Ақшатау кен-байыту комбинатының қарамағындағы Оңтүстік-Шығыс, Ақжал, Қайрақты рудниктерінен кен өнімін Ақадырға тасымалдаумен айналысады.

Жұмыстан қолы босай қалған сәттерде екінші ермегі болған. Ол жылқы малын өзіне жақын тартып, қазақтың қасиетті жануарларын күтуді, бағуды, баптауды жақсы көрген. Жеке меншігінде екі үйір жылқысы болса керек. Өзі тікелей айналыспаса да, бәйге аттарын баптайтын адамдар сол кісінің ақыл-кеңесін сұрап отырған екен. Әкелерінің жылқы малына үйірлігі кейіннен балаларына да ауысқан. Алайда, ол кісінің өмірі ерте қиылып, небәрі 37 жасында жарық өмірмен қоштасады.

Бес баламен қалған анасы Мәктай Бажанқызына балаларды бағып, өсірудің ауыртпалығы бұйырады. Балалары ержеткенше теміржол мекемелерінде де, ауруханада да, басқа да жерлерде де тер төгіп жұмыс істеуге тура келеді.

Шеберлігі болған соң қолы босаған кездерде іс тігеді. Халықтан тапсырыс алып ұлттық шапандарды, кимешектерді, ою-өрнекті көрпелерді дайындайды. Онымен қоса үй шаруашылығы да бар. Сиыр сауып, қаймағын, құрт-ірімшігін, сары майын айырып, жазғы уақытта бие сауып қымызын да баптайды. Бір сөзбен айтқанда балапандарының ауызын ақтан айырмайды. Кейін сол еңбегінің жемісін көріп, балаларын аман-есен өсіріп, оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Олардан тірі кезінде ондаған немере, шөбере сүйіп, үш шөпшегін көріп кетеді. Жаратушымыз анамызға 90 жасты бұйыртқан екен.

Қайрақты орта мектебіне барған Несіпбай Тышқанбайұлы химия, биология, физика пәндеріне қызығушылық танытады. Жас кезінен әкесінің жолын қуып, механик болсам деген арманы да болған. Мектепте оған сабақты аудан көлеміне аттары танылған ұстаздар, соғыс ардагерлері Сухибек пен Қайырқұл мұғалімдер берген. Тағы бір жақсы көрген ұстазы Марат Шахманұлы болған.

Жетінші сынып оқып жүргенде жанұясы Ақадыр кентіне қоныс аударады. Теміржолға қарайтын №149 орта мектебінде оқуын жалғастырады.

Несіпбай Тышқанбайұлы 1973 жылы орта мектепті бітірісімен бала кезіндегі арманын іске асыру үшін Қарағанды полтехникалық институтының Балқаш қаласындағы филиалына оқуға түседі. «Автомобиль көлігі және тасымалдау» факультетін кешкі мезгілде оқып жүріп, күндіз Балқаш зауытына қарасты «Қазмеханомонтаж» мекемесінде газ кескіш (газорезчик) болып еңбек етеді. Еңбек жолының алғашқы қадамдары осы жерден бастау алады.

Отбасының түңғышы болғандықтан 1979 жылы анасына қолғабыс көрсетуге, бауырларын өсіріп, жетілдіруге ауылына қайтуға тура келеді. Келген бетте әкесі жұмыс атқарған автокәсіпорнына дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрады. Көп ұзамай басшылардың көзіне түсе бастаған жас маманды өзінің армандаған механик қызметіне ауыстырады. Бұл жерде ол өзін шебер ұйымдастырушы, жұмыс бабының білгірі, техникамен оңай бәсекелесетін маман ретінде басшылардың да, еңбек ұжымының да арасында таныла бастайды. Арада сегіз жыл өткеннен кейін әбден ысылған маманды кәсіпорын басшылығы колонна бастығы қызметіне тағайындайды.

Ақадыр автокәсіпорнының тарихына үңілетін болсақ, ол 1957 жылдың маусым айында Ақшатау кен-байыту комбинатында өндірілген кенді тасымалдау мақсатында құрылған. Ашылған мекеменің басты мақсаты Оңтүстік-Шығыс, Ақжал, Қайрақты кеніштерінен Ақадыр кентіндегі тасымалдау базасына өндірілген өнімді жеткізу болды.

Кәсіпорнының материалдық базасы да мықты болды. Жалпы ол жерде 280-300-ге дейн әртүрлі техника шоғырланды. Мекеме КРАЗ, КАМАЗ, ГАЗ-51, ГАЗ-52, ГАЗ-53, ЗИЛ-130-дан бастап, жолаушыларды тасымалдайтын Икарус, ПАЗ, КАВЗ автобустарымен жабдықталған болатын. Техникалардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін 7 цехта ондаған моторист, аккумуляторщик, дәнекерлеуші, токарь, карбюраторщик, электрик, слесарь, тағы басқа арнайы мамандар қызмет атқарды. Мекеменің өзінің автокраны, тағы басқа арнайы техникалары болды. Жалпы мекемеде қызметкерлер мен жұмысшылардың саны 350-380-ге дейін барып жығылатын.

Ақадыр автокәсіпорнының атағы бүкіл Кеңес Одағына мәлім болды десек артық айтқандығымыз емес. Мекеменің қарапайым жүргізушісі Ахметов Аманжанның ұсынысымен кен мен жүктерді тасымалдауға арналған «автопойыздар» жасақтала бастады. Бұрын көліктің өзімен 12 тоннаға дейін жүк әкелініп жүрсе, екі тіркеме қосылғаннан кейін жүктің тасымалдауы 32 тоннаға дейін жетті. Осы «автопойыздар» туралы Кенңес Үкіметінің басты газеттері – «Правда» мен «Известия» жарыса өз беттерінде жариялағандары әлі күнге дейін есімізде қалғаны анық. Аталған пойыздарды Мұсанов Назыр және оның баласы Мұсанов Төлеутай, Омаров Табысбай, Лесковский Борис, Штейн Виктор, Срурдинов Иван, Туғанбаев Оразбай, тағы басқалар жүргізіп кәсіпорынның жұмысының алға басуына, өнімділігінің артуына бар күш-жігерлерін жұмсады.

Автокәсіпорынның иелігіндегі автобустарымен Ақадыр-Қарағанды, Ақадыр-Жезқаған, Ақадыр-Балқаш, Ортау, Қызылтау, Көктіңкөлі, Жаңаарқа, Ақшағыл, Ақшатау, Қарабұлақ, Ақжал, Қызылту, Жоғарғы Қайрақты бағыттарында жолаушыларды тасымалдаумен айналысқаны тағы бар. Пошта тасымалдауға арналған автокөліктермен газет-журналдарды, сәлемдемелерді (посылкаларды), хат-телеграммаларды Ақадыр ауданының барлық мекеніне жеткізіп отырды.

Сол кездегі мекеменің қауырт жұмыстары жайында Несіпбай Тышқанбайұлы төмендегідей суреттеді:

– Автокәсіпорында жұмыс атқарған жылдары менде екі басшы болды. Біріншісі Мирчев Петр Николаевич болса, екіншісі Николаев Николай Михайлович. Алдыңғысы қарапайым, нағыз еңбек адамы. Кейін өз еркімен КАМАЗ жүргізушісі болып ауысып кетті. Ал, Николай Михайлович басшы ретінде өзіндік инженерлік тапқырлығымен, экономикалық есептерімен мекеменің жұмысын ұтымды пайдалануымен жақсы айналысты. 90-жылдары Үкіметіміздің саясатымен еліміздің бүкіл мемлекеттік мекемелері жекешеленуге жатқанда кәсіпорынды сақтап қалуға көп еңбегін сіңірді. Республика бойынша барлық автокәсіпорын жабылғанда біз сақталып, жұмысымызды жалғастырып жаттық. Әрине, бұрынғыдан қиын болды, бірақ біз өз күшімізбен жұмыс тауып, ұзақ уақытқа дейін өміршеңдігімізді сақтап келдік.

Колонна басшысы болып бекігенімде қарамағымда 170 автокөлігі болды. Адамдардың және техниканың сандарына келсек, мекеменің тура жартысы. Бұл істе ең алдымен жұмысқа деген жауапкершілігім жоғарылады. Өзім барып мекемелермен келісім-шартқа отыруым керек. Шартта белгіленген жұмыстарды жүргізушілермен бірге атқаруым қажет. Темір болған соң сынбай тұрмайды. Дереу сол жаққа саймандарды жеткізіп, техниканы іске қосамыз. Тіптен жарамай қалса базаға сүйреп әкеліп, жөндеу шараларын атқарамыз. Ал жұмыс тұрып қалмау үшін бұзылған техниканың орнына басқасын жіберуім керек ететіні белгілі. Сонымен бірге, шалғайда іссапармен жүрген адамдарға барып, хал-жағдайын біліп отырамын. Нақтылап айтқанда, менің басты міндетім кәсіпорынның белгіленген айлық, тоқсандық, жартыжылдық, жылдық жоспарларын орындауға тікелей атсалысу болып саналады.

Ақшатау кен-байыту комбинатының кеніштерінен кен тасымалдаудан басқа Қарағанды, Жезқазған облыстарының жолдарын салуда үлкен көмек жасадық. Атап айтқанда, Ақсу-Аюлы-Ақтоғай, Жаңаарқа-Жезқазған, Жаңаарқа-Қаражал, Ақадыр-Ақсу-Аюлы, Жезқазған-Қызылорда, Ақсу-Аюлы-Қарағанды автокөлік жолдарын салғанда сұраныстағы техниканы бөліп отырдық. Жәйрем кен-байыту комбинатына да техника бөліп біраз жылдар көмегімізді көрсетіп жүрдік.

Ауылшаруашылық науқандарында малға дайындалған жем-шөп, егіннен алынған арпа-бидайды тасымалдаумен айналыстық. Тіпті қысқы мезгілде Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Павлодар облыстарынан шөп, силос тасыған күндеріміз аз болған жоқ. Осы атқарылған жұмыстардың барлығы кәсіпорыннын межелеген жоспарларын орындауда, ұжым мүшелерінің еңбекақысының өсуіне, мекемеміздің жұмысының алға басуына үлкен септігін тигізгені сөзсіз, – деп әңгімесін аяқтады.

Осы жерде мақаланың авторы ретінде қосып жіберетін бір фактім бар. «Көктіңкөлі» кеңшарында қызмет атқарып жүргенімде 1980 жылғы көктемнің басында осы аталған кәсіпорынның 15 КАМАЗ көліктерімен сауынды сиырларға арналған жүгері сүрлемін (кукурузный силос – авт.) тасымалдағанымыз бар. Бір ай бойы күн демей, түн демей, тоқтамай Павлодар облысының Шарбақты ауданының шаруашылықтарынан сүрлемді жеткізумен айналыстық.

Ақадыр авткәсіпорыны (АТП-1102) Жезқазған Көлік басқармасының алдыңғы қатарындағы мекемесі болды. Ұжым мүшелері еңбегімен ерекшеленіп социалистік жарыстардың (ол уақытта осындай бәсекелетіктер ұйымдастырылатын) Кеңес Одағы, республика, облыс бойынша бірнеше рет жеңімпазы атанды.

Дегенмен заманның ағымымен мемлекет иелігінен алынып, нарыққа тірелгенде мұндай мекемені ұстау мүмкін болмағаны анық еді. 1995 жылы мекеме акционерлік қоғамға айналса, 2002 жылы «Ақадыр автокәсіпорыны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Меншік түрлерін өзгерткен сайын адам саны да, техника саны да азая берді. Осы жағдайлар ақыры аяғы 2021 жылы 64 жылдан соң мүлдем жабылуға мәжбүр етті.

Несіпбай Тышқанбайұлынан еңбек атқарып жүрген жылдары басынан өткерген қызықты оқиғаларды айтып бересіз бе дегенімде:

– Автокәсіпорынның құрамында қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да жұмыс атқарып жүрдік. Оның үстіне қарлы боран, көктайғақ, нөсерлі жаңбыр, құмды бораны тағы бар.

Осындай күндердің бірінде Қарағанды қаласынан алты адам КАМАЗ және Газель автокөліктерімен сайман бөлшектерін алуға барғанбыз. Оларды іздеумен екі-үш күніміз өтті. Қажетті саймандарымызды тапқан бетте Ақадыр кентіне – үйге қарай бет алдық. Жолшыбай қарлы боран соғып берсін. Спасскі мекенінен өтіп төбешікке жеткенімізде қардан жүре алмай тұрдық та қалдық. Тұрып қалған жалғыз біз емес. 250-ге тарта көлік қапталып қалыпты. Содан 4 тәулік бойы көмек күтіп отырдық. Жолға алған тамағымыз таусылды. Енді техникамызды тастап кетеміз деп отырғанымызда Төтенше жағдайлар мекемесінің адамдары арнайы техникаларымен келіп бәрімізді қардың құрсауынан алып шықты. Бүгінгі таңда дамып кеткен заман ғой, ол кезде мұндай көмектер қазіргідей жедел түрде жасала қоймайтын. Айта берсем, осыған ұқсас оқиғаларды бастан кешіп бақтық, – деп сөзін аяқтады.

Несіпбай Тышқанбайұлының еңбегі елеусіз қалмады. Жезқазған Көлік басқармасының, өзі жұмыс атқарған мекемесінің басшылығының Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттарымен, бағалы және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. Аудан және кент әкімінің марапаттары да жоқ емес.

Еңбек ардагері зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отырмай кентіміздің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Соңғы бірнеше жылдан бері кенттік ардагерлер кеңесінің белді мүшесі. Елді мекеніміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша тың ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтып, зор үлесін қосып жүр.

Зайыбы Тілеулес Сәдуақасқызы Балқаш қаласының маңындағы Бектауата баурайында туып өскен. Балқаш қаласының сауда училищесін бітірген. Біраз жылдар бойы Ақшатау азықпен қамтамасыз ету (продснаб – авт.) мекемесінде еңбек етті.

Жұбайымен бірге 6 ұл-қызын тәрбилеп өсірген. Олардан 15 немере жиендерін сүйіп отыр.

Тұңғыш ұлдары Жасұлан Қарағанды қаласының Заң институтын бітірген. Қазіргі кезде жекеменшік адвокаттық конторасында қызмет атқарады. Өмірлік жары Айгүл Сырлыбайқызы екеуі Төлеген, Ерасыл, Эсманура есімді балаларын өсіріп отыр.

Қыздары Назым Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің заң факультетін тәмамдаған. Ғ.Жарылғапов атындағы аграрлық колледжінде заңгер болып істейді. Жұбайы Айдос Төлеуұлы Жаңаарқа аудандық мемлекеттік архив бөлімін басқарады. Әмина, Диана, Шыңғыс есімді балалары бар.

Ләззат есімді қыздары Қарағанды қаласының политехникалық университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. Ақадыр кенті әкімінің аппаратында маман болып қызмет атқарады. Мәдина, Аружан балаларын тәрбиелеп өсіріп отыр.

Эльмира қыздары да Қарағанды политехникалық университетінің «Теміржол көлігі» факультетін тәмамдаған. Қарағанды қаласының такси орталығында диспетчер қызметінде. Жұбайы Талғат Төлепбергенұлы ішкі істер саласында қызмет етіп, майор шенінде отставкаға шыққан. Дарын, Дария есімді балалары бар.

Ұлдары Абзал да апасы Эльмира тәрізді политехникалық университетін бітірген. Мамандығы да апасындағыдай. Қазіргі уақытта «Казтехпром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Зайыбы Айзат Бейсенбекқызы бастауыш сынып мүғалімі. Ерназар, Рамазан, Сезім, Гүлім, Хан есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп отыр.

Отбасының кенжесі Оразбай Қарағанды қаласының политехникалық колледжін бітірген. Еңбек жолын «Казтехпром» серіктестігінде бастады. Қазіргі уақытта Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарында жүр.

«Адам өз несібесін еңбектен ғана табады». Осы қағиданы берік ұстанып еңбегімен, қарапайымдылығымен жалпақ жұртқа кеңінен танылып, құрметке бөленіп жүрген Туғанбаев Несіпбай Тышқанбайұлы есіміне сай азамат. Осындай қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс.  Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тапқан кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі.

Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.

                                                 Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *