Қайрат Белгібайұлы Асқартегі! Бұл ақынды құлын кезінен таныдық. Ақын болып жарық дүниеге келді. Ақын болып ғұмыр кешті. Ақын болып өмірден өтті…
Мен Қайрат бауырыммен көп араластым. Бірге жүріп, біте қайнастық. Әзіл-қалжыңымыз жарасушы еді. Кеңбайтақ Қарағандыда қаншама қиқулы дүбірлерде, талай тойларда, көңілді отырыстарда, жыр кештерінде, өнер додаларында бірге болдық. Сонау жылдары бір кафедрада үш жылдай қатар қызмет те атқардық. Мұның әрқайсысы үлкен әңгіме, ұзақ жыр-дастан… Алдағы уақыттарда эссе-естеліктерге айналары да сөзсіз…
Бүгін архивімді ақтарып отырып, ертеректе жазылған мына жазбаны тауып алдым. Бұл – осыдан 18 жыл бұрын, 2007 жылы жазылған бір дипломдық жұмыстан үзінді. Дипломды жазған менің шәкіртім (сол топтың кураторы едім – авт.) – Айым Мұсатаева. Ғылыми жетекшісі – марқұм Жандос Шекен болды ғой деймін (ұмытыңқыраппын… – авт.). Мен де ол кезде Бөкетов университетіндегі филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасында жұмыс істейтінмін. «Азия Транзит» дейтін журналда да қосымша істеп жүрдім. Журналдың кезекті нөміріне материал жетпей жатқанда сол шәкіртімнің үздік қорғалған дипломынан үзінді жариялап едім. Диплом жұмысы бірнеше жас ақынның шығармашылығын қамтыған. Сонан журналға алты ақынды ықшамдап, үзінді ретінде бергенмін. Енді сол үзіндіден үзінді алып, Қайрат ақынның өлеңдерінен мөлт еткен мөлтек сырларды назарларыңызға ұсынайын.
Қабыл алыңыздар!
Қазіргі жас ақындар поэзиясындағы көркемдік ізденістер
(Үзінді)
Қайрат Асқаров – қазіргі қазақ поэзиясындағы талантты ақындардың бірі. Оның поэзиясы сұлулыққа құштарлық, асқақ сезімге, әсем суреткерлікке, жоғары пафосқа, образдылыққа, әсіресе, нәзік сыршылдыққа бейім. Ақын поэзиясынан өзіндік үн, тосын сипат, жаңаша қырлар жарқырай көрінеді. Ақындық көруі кең, дүние-құбылысты қабылдауында да ешкімге ұқсамайтын даралық бар.
Шашынан көп боп жаласы,
Қанғытты Мағжан… Қасымды
Көрінген иттің баласы
Қор қылды-ау алтын басымды.
«Алланың добы» қайран бас,
Тауға да, тасқа ұрындың.
От пенен суды ойға алмас,
Қазынасы қатпар, жыры үлгім.
Замандар озды уатып мың,
Құйылды көзден кекті жас.
Қанжығасында уақыттың
Байланып талай кетті бас… – деп өзгеше сурет, айрықша сөз образы арқылы жеткізеді. Мұндай кестелі бейне, тосын тіркес әрбір 4 тармақ өлеңнің өн бойында тұнып тұр. «Шашынан көп боп жаласы» деген тіркесте жаланың көптігін ақын ұлғайған метафора арқылы құбылту үшін «шаш» сөзін ұтымды пайдаланғанына көз жеткіземіз. Ал атадан қалған даналық сөзі «Алланың добы» тіркесі екінші шумақтағы тауға да, тасқа да соғылған «бас» сөзінің кең мағынасын ашуда орынды қолданылған. Бұдан басқа да метафораларға келетін болсақ, «Қанжығасында уақыттың» тіркесінде уақытқа тәуелділігін аша түсу жолында құбылту әдісін өте орынды ауыстырған.
Тіл айшықтарының бірі – эпитетті де орынды пайдаланғанын көреміз. Мысалы, «кекті жас» тіркесінде қайрат, жігер жетегімен аса айшықты әсем тіркес жасаған. Бұл қолданған эпитет өлеңге көне емес, жаңа, көмескі емес, айқын мағына бітірген. Сөздегі суретті дәлелдеп, сөздің ықпалын күшейткен.
Бұрынғы ақындар поэзиясында кездеспейтін тың тіркес, тосын образ жасаған.
Мына бір өлең жолдарында:
Күн кешкен Дала заңымен
Не зұлмат туды басыма?
Мұхиттың еркін балығы ем,
Шіритін тұсың осы ма?
Немесе,
Жоғалған кезде бас құны,
Тартады қайда жол қиыр?
Ер-тоқым еді жастығы,
Креслоға жұмсақ болды үйір...
Ақындық болмыс, ақындық Мен және азаматтық әуен өлеңге айналып, талант құдіретін тағы бір танытқандай. Байыптап қараған адамға жалқының үнімен жалпыны қамту бар. Бүгінгі таңдағы даладан қалаға ауысқан жаңа заман элементін көрсетіп, қанаты сынған қарлығаштай қайта оралмас Дала заңын аңсап, жанашырлықпен жыр төгеді. Өлең соңында мынандай түйін түйеді:
Тіл мүкіс, көзім қылилау,
Даңқымның бәрі далбаса.
Жүрегім, жүйкем құриды-ау
Бұл Басты жөнге салмаса!
«Бас» деген сөздің ауқымында халық деген кең ұғымды қамтыған. Бұл өлең жолдарында синекдоха тәсілін келісті қолданғанын байқау қиын емес. Адамның ең басты мүшесі – бас арқылы бүкіл қазақ халқының басына түскен тағдыр-тәлкегін ашына суреттейді. Бірақ, «Айуан етіп адамды, бастады заман жолсызға» деп өзі жырлағанмен, пессимистік сарынға бой ұсынбайды. Осы өлең жолдары ақынның халқының қамын ойлаған ұлтжанды, тек ұлтжанды ғана емес, барша адамзат тағдырына немқұрайлы қарамайтын жанашыр екендігін дәлелдей түскендей.
Көңілімде лағыл жас тұнып,
Көзімнен көп мұң саулатты-ау.
Алтынның буы мас қылып,
Алладан кеттім аулақтау.
Алладан кеттім аулақ мен,
Қазынама да жетпедім.
Көп тұрмай сол бір сәуле, әттең,
Жалт етті сәуле көктемім.
Осы өлеңде жай қайталау үлгісі керемет орын тапқан. Тың тіркестерге келетін болсақ, «лағыл жас», «Алтынның буы», «сәуле көктемім» тіркестерінде қарапайым сөздерге «асыл тас», «сәуле» сөздеріне соншалық терең мағына бітіріп, бір шумаққа бір құшақ мазмұн берген. Ақын өлеңдерінің көбісі шалыс ұйқасқа құрылған. Алдыңғы екі тармақ 9 буыннан тұрса, соңғы екі тармақ сегіз буыннан тұрады. Бұл өлең шалыс ұйқасына құрылған 8-9 аралас буынды, 12 тармақты жыр.
Қайрат ақын поэзиясын даралайтын тағы бір сипат – оның тереңдігі. Адам баласының жұмбақ әлемі, өмірдегі орны, мәңгілік ұғымы, өмір, уақыт, кеңістік мәселесі.
Ақынның әрбір өлеңіндегі әдемі сурет пен астарлы орамдар оқырманына ой саларлықтай салмақты ойлармен түйінделіп отырады. Келесі шумақтарынан тың тіркестерін көрсететін болсақ:
Күнәнің іштім шарабын,
Ізгілігімді жойғам жоқ.
Бағасыз менің бағалым,
Ішкізбей оны қойған жоқ.
Ақ сағыныштың көзі еді,
Арайдан туған айырықша ол.
Өмірлік жырдың өзегі,
Мендегі жалғыз байлық сол!
Осы өлең жолдарындағы тіркестерге тоқталатын болсақ, Қайрат ақынға ғана тән, өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленетін сөз тіркестері кездеседі. Мысалы, «Күнәнің іштім шарабын», «Ақ сағыныштың», «Арайдан туған» деген тіркестер бұрын-соңды кездеспеген. Басқа ақындар өз өлеңдерінде сағыныштың бояуын сары ала жапырақтармен көрсетсе, Қайрат ақын сағыныш сөзін ақ түске бояп, жаңаша мән-мазмұн үстейді.
Орамды ой, кестелі тіл нақышымен ерекшеленетін ақын поэзиясынан тағы бір үзінді келтіретін болсақ:
Алтын дәурен жанды қайта түлетіп,
Лебізіне күн болар ма кенелген.
Тәтті мұңмен, сағынумен күн өтіп,
Ыстық отқа түскен мен бір өлермен.
Нұрсыз түндер жүрегімді жүдеmin,
Ынтық жырдың уын ішіп келем мен.
Мұң-зарымды жеткізер ем жыр етіп,
Алты қаз да ұшпай қойды-ау төбемнен…
Бұл өлең жолдарынан да тың тіркестер кездестіреміз. «Алтын дәурен», «Тәтті мұң», «Нұрсыз түндер жүрегімді жүдетіп», «жырдың уын ішіп», «Алты қаз да ұшпай қойды-ау төбемнен» деген тіркестер көптеген метафоралық ауыстырулар мен эпитеттермен, тіл айшықтарымен жасалған.
Өлең құрылысына тоқталсақ, шалыс ұйқастыққа құрылған. 11 буынды, 8 тармақтан тұратын өлең.
Келесі бір «Әлде» өлеңінде айқындаудың түрі – теңеу тәсілін аса мол қолданғанын төменгі өлең жолдарынан көреміз:
Кейде жүдеу күздеймін,
Сары мұңға жарыған.
Әлденеңі іздеймін,
Әлде кімді сағынам…
Немесе,
Арман жанға мұң құйдың,
Жаным сендей уыз, ақ еді.
Әлде түнге сүңгимін,
Әлдеқайдан Муза кеп…
Бірде өзін жүдеу күзге теңесе, бірде «Жаным сендей уыз, ақ еді» деп таза адалдығын көрсеткісі келеді…
Айым МҰСАТАЕВА,
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың түлегі.
«АзияТранзит» журналы,
№7-8 (88-89), шілде-тамыз, 2007 жыл.
***
«Жазылар естеліктер мен туралы…» деген еді ұлы Мұқағали. Қайрат ақын туралы да әлі талай естеліктер жазылар. Уақыт деген – зымыран ғой. Кеше ғана қайтқан Қайратымызға да қырық күн болып қалыпты…
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, рухы шат болсын! Құдайы ас, Құран-дұға қабыл болсын!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.