Қала жүрегіндегі Абай – жаңа мурал ұлт рухына айналды

Абай қаласы тағы бір рухани жаңалықпен жаңарды. Қаланың басты көшесінде – Абай атындағы даңғыл бойында ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының бейнесі бейнеленген жаңа мурал пайда болды. Бұл тек көркем сурет қана емес, ел санасына сіңген ұлы мұраны көрнекі түрде сөйлеткен бейне, қала көркін келтірген рухани ескерткіш.  Көне мен жаңа ұштасқан бұл көркем туынды – өткенге тағзым, бүгінге бағдар, болашаққа аманат секілді.

Ғимараттың қабырғасына қылқаламмен қашалған бұл мурал қаланың қақ ортасында орналасып, жүргіншінің де, қала қонағының да назарын бірден аударады. Бұл – жай ғана сурет емес, терең мағынамен көмкерілген кескін. Оны жасаған – сурет өнерінің хас шеберлері, Шахтинск қаласының тұрғындары Ерсін Темірғалиев пен Жәнібек Жұмабек. Екеуі де қылқалам арқылы ұлт рухын бейнелеуді өмірлік мұрат еткен жас таланттар.

Сары мен алтын түстер үндесіп, жұмсақ жасыл реңмен астасқан сурет композициясы алыстан көз тартып, адамды ойға жетелейді. Абайдың бейнесі – парасат пен байсалдылықтың, тереңдік пен тыныштықтың бейнесі. Қолында ашық кітап – білім мен ізгіліктің нышаны. Көзқарасында – ұлт тағдырына алаңдаған ойшыл адамның жан мұңы мен үміті қатар өрілген. Бұл көзқарас – ғасырлар қойнауынан тіл қатып тұрғандай әсер қалдырады. Суреттің көркемдік шешімінде ұлттық нақыштар мен заманауи реңктер үйлесім тапқан. Мурал авторлары бейнелеу шеберлігін ғана емес, ұлы тұлғаның ішкі болмысын, рухани күшін дәл жеткізе білген. Бұл туынды олардың кәсіби білігі мен ұлттық танымға деген шынайы ықыласын айғақтайды. Абай бейнесі қала тұрғындары үшін тек эстетикалық көрініс қана емес, ол – күн сайын ой салып, тәрбие беріп тұратын үнсіз ұстаз. Әсіресе өсіп келе жатқан ұрпақ үшін бұл – өнеге көзі, ой тудыратын сурет, тарихпен тілдесудің көркем жолы. Муралдағы Абай бейнесінен парасаттылық пен биік ой, терең тыныс пен ұлылық аңғарылады. Ол бізге үнсіз қарап тұрғандай. Бірақ үнсіз бейне де сөйлейді – оның көзімен қараған сайын, жүрекке Абай сөздері құйылып жатқандай болады. Бұл – суретшілердің шеберлігі ғана емес, Абай рухының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдейтін көрініс.

Абай – халықтың рухани темірқазығы. Оның «толық адам» туралы ілімі, имандылық пен білімге үндеген өсиеті – бүгінгі қоғам үшін де аса өзекті. Сондықтан Абай бейнесінің қала төрінде жарқырауы – елдік сананың өскенінің, ұлттық рухтың жаңғырғанының белгісі. Мурал демеушілердің қолдауымен жүзеге асты. Олардың есімі тасада қалғанымен, атқарған ісі халық жүрегінде сақталады. Өйткені бұл жоба – жай сән үшін салынған сурет емес. Бұл – ұлы Абайдың терең философиялық ойлары мен тәлім-тәрбиелік мұрасын көзбен көріп, көкірекпен сезінуге мүмкіндік беретін көркем көрініс.

Қала тынысына жан бітіріп, көшенің келбетіне көркемдік дарытқан жаңа мурал – ұлт рухының қабырғадағы көрінісі, ғасырлар қойнауынан жеткен ойшыл үннің бүгінгі сәулесі. Мурал – ұлы Абайды ұлықтаудың заманауи үлгісі, көзбен көріп, көңілмен түйсінуге болатын мәдени мұра. Күн сайын осы көшемен жүріп өтетін әр адам енді тек үй қабырғасына емес, ұлттың рухына, тарихтың тұлғасына қарап өтетін болады. Өйткені бұл сурет – қаланың қабырғасындағы поэзия, үнсіз тұрған даналық. Өткен мен бүгінді жалғап тұрған бейнелі көпір. Ол жастарға тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, Абайды танып, түсінуге жол ашады. Өйткені Абай – тек әдебиет емес, ол – өмір сабағы, адам болу мектебі. Бүгінгі ұрпаққа Абайды кітаптан ғана емес, осындай жарқын көріністер арқылы да жеткізу – уақыт талабы. Ал Абай қаласы басшылығының бұл бастамасы өзгелерге үлгі болары сөзсіз.

Баршын ЕРТІСҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *