Киберқылмыскерлер қарапайым тұрғындарды алдап, оңай олжа табу мақсатында ештеңеден тайынатын түрі жоқ Олар тіпті мемлекеттік қызмет серверіне де шабуыл жасаудан қорықпайды. Мәселен, Қарағанды қаласының тұрғыны мемлекеттік электрондық қызмет көрсету саласының жұмысын бұзып, киберқылмыс жасады. Күдіктіні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері дереу қолға түсірді.
Комитеттің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, күдіктінің үйіндегі тінту кезінде 24 ұялы телефон, 4 жүйелі блок, 4 флеш-карта, 9 ноутбук пен планшет табылды. Ол мемлекетке 49 млн теңгеден аса зиян келтіргені белгілі болды.
Жалпы, интернет желісі дамыған сайын киберқылмыс көбейіп, айла-тәсілдері де түрленіп барады. Жылына облыстың мыңдаған тұрғыны алаяқтардың арбауына шырмалып, миллиардтаған теңге ақшасынан айырылып отыр. Дегенмен интернет алаяқтарын қолға түсіру оңай емес. Оған біліктілік пен қырағылық қажет. Бір мысал, алаяқ Қарағанды тұрғынына телефон шалып, “банктің қауіпсіздік қызметкерімін” деп сендірген. Оның сөзіне алданған әйел алаяқ айтқан мерзім ішінде шотына 500 мың теңге аударып жіберген. Ал ақшаны қағып алған алаяқ содан кейін хабарсыз кеткен. Мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Тәртіп сақшылары тіпті 15 млн теңгеге дейін аударып жіберіп, шығынға батқандар бар дейді.
Сондай-ақ жалған шағын несиелік ұйымдардан онлайн несие алып, оны ұрыларға ұстатып жіберетіндер көп. Алаяқтар оларды түрлі жобаларға инвестиция салуға шақырып, оңай олжа табасыздар деп сендіреді. Ондай жарнамалар әлеуметтік желілерде көп. Мәселен, Мәселен, «Инстаграмдағы» жарнама парақшасына кіріп, инвестиция салып, пайда табуға қызыққан адам сілтемені басқанда оған бірден парақша ашылады. Бұл парақшада логин мен құпиясөз арқылы өз аккаунтын құруға мүмкіндік беріледі. Содан бастап оған жалған инвестициялық компанияның атынан маман хабарласады. Яғни оған “бастапқы жарнаңыз 500 доллар болуы керек, сол арқылы түрлі жобаларға қатыса аласыз” деп үгіттей бастайды. Олардың айтуынша, салынған қаржы тоқтаусыз жұмыс істеп, ай сайын пайда әкеліп тұрады-мыс. Ағаш, мұнай сияқты ресурстармен жұмыс істегендіктен тіпті екі-үш күнде қыруар табуға болатынын айтып сендіреді.
Бұған сенген адам ақша салады. Оның көз алдында парақшадағы ақшасы қысқа уақытта бірнеше өсіп, тіпті 2 мың долларға дейін барады. Содан кейін компанияның екінші өкілі хабарласып, оның ірі бизнеске өткенін хабарлап, еліктіре түседі. Арада тағы біраз күн өткенде өзін бұрынғы да қызметі жоғары маманмын таныстырған адам жиналып тұрған 2 мың долларының үстіне тағы да қаржы құйса, бұдан да көп пайда табуға болатынын хабарлайды. Аңғал тұрғын оған сеніп, тағы да ақшасын құяды. Сол уақытта шоттағы бар ақшаны сыпырып алған алаяқтар ізім-қайым жоғалады.
Полицейлердің айтуынша, инвестициялық жобаға кіріп, 50 млн теңгеге дейін ақша салып жібергендер бар. Алайда мұндай оқиғалар верификациялық жүйе енгізілген сәттен бастап азайып келеді.
Кибералаяқтар кез келген бейтаныс шоттардан да ақша аударып ала беруге мүмкіндіктері жетіп отыр. Мәселен полицейлер белгісіз адамдардың шотынан 28,4 млн теңге ұрлаған кибералаяқтарды қолға түсірді. Ел Қылмыстық кодексі бойынша бұл қылмыс «ірі мөлшердегі алаяқтық» деп саналады. Қарағандылық тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Астана қаласында үш адамды ұстады. Олардың екеуі Ақтау қаласының тұрғындары болып шықты. Біреуі Қарағанды облысында тұрған. Жәбірленушіден ұрланған қаражат олардың банктік шоттарына түскен. Қылмыстық топтың жетекшісі – Ақтау тұрғыны. Астанада қашып жүрген жерінен ұсталып, қамалды.
Тәртіп сақшылары алаяқтардан қорғанудың басты жолы — сақтық дейді. Яғни жеке деректерді бөгде адамдарға айтпай, бейсауат жандармен телефонмен сөйлесіп, олар сұраған ақпаратты бермеуге шақырады.
Манас АҚСАРЫ