Мектептерді жаңғырту, кадрларды даярлауға кешенді көзқарас, бірыңғай тәрбие бағдарламасы және білімді цифрландыру – Қарағанды облысында өткен дәстүрлі тамыз конференциясының негізгі тақырыптары болды. Жиында педагогтар өткен оқу жылының қорытындысын шығарып, жаңа жылдың басым бағыттарын айқындады.
– Жаңа оқу жылы жүйелі шешімдер мен нақты әрекеттер кезеңіне айналуы тиіс. Бүгін қаралып жатқан мәселелер – жай ғана жоспар емес, оларды тиімді әрі жауапкершілікпен жүзеге асыруды талап ететін нақты міндеттер. Президентіміз елдің болашағы білімді, рухани бай және мәдениетті ұрпаққа байланысты екенін атап өтеді. Сондықтан біздің мақсатымыз – әрбір баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев конференция барысында.
Аймақ басшысының айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Биылғы облыстық бюджеттің шамамен 48 пайызы білім саласына бағытталған. Өңірде жұмыс істеп тұрған мектептерді жөндеу, жаңғырту және жаңа білім ордаларын ашу жалғасуда.
– Жаңа оқу жылынан бастап төрт мектеп іске қосылады. Оның үшеуі – «Болашақ мектебі» жобасы аясында. Бұдан бөлек, Қарағанды, Бұқар жырау және Шет аудандарында осы жоба бойынша тағы бес мектептің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде, – деп хабарлады облыстық білім басқармасы басшысының м. а. Мейіржан Сыздықов.
Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру үшін өңірде материалдық база да нығайтылып жатыр. Биыл 77 жаңа кабинет сатып алынды. Оның ішінде химия, биология, физика, STEM және робототехника кабинеттері бар. Соның нәтижесінде заманауи кабинеттермен жабдықталу деңгейі облыс бойынша 80 пайыздан 85 пайызға өсті.
Әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. 1 қыркүйектен бастап жаңа мектеп асханасының стандарты енгізіледі. Ол мәзір құрылымын және ұйымдастыру тәртібін түбегейлі өзгертпек. Қазір «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы ыстық тамақпен қамтамасыз ету сервисі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Ал шағын жинақты 212 мектепте «Бизнес әмиян» атты тегін мобильді қосымша іске қосылды. Сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы 10 мың оқушыға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға әр балаға 46 228 теңгеден қаржылай көмек бөлінді.
Дәстүр бойынша тамыз кеңесінде үздік педагогтар марапатталды. Олар мемлекеттік және салалық наградаларға, құрмет грамоталары мен төсбелгілерге ие болды.
«Құрмет» орденімен Қарағандыдағы мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының ұстазы Жанат Оспанова марапатталды.
– Мен үрмелі және соқпалы аспаптар бөлімінің меңгерушісімін, флейта класынан сабақ беремін. Еңбегімді бағалағандарына ризамын. Көп жылдар бойы педагогтік қызметпен қатар оркестрде де ойнадым. 1989 жылдан бастап осы музыкалық мектеп-интернатта еңбек етемін. Шәкірттерімнің көбі қазір консерваторияларды бітіріп, Қазақстанда ғана емес, шетелде де жұмыс істеп жүр, – деді ол.