ДАЛА ДАНАСЫ Аманжан ақсақал…

 «Шет-2003» атты далалық этнографиялық экспедиция күнделігінен»

 

«Оқымай ілім,

білмей, білім жұқпайды.

Көрмей көз, жүрмей жол,

ішкі білім іштен жарып шықпайды»

(Аманжан ақсақал)

 

«Дала даналығы» деген көкейге қонымды, түсінікті ұғым болғанымен, оның шынайы бейнесін тек аңыз бен өтіп кеткен тарихтан ғана іздеу үйреншікті, қалыптасып қалған әдет. Ал өз ортамызда жүрген, қарапайым кейіптегі ауыл адамынан оны тану мүмкін еместей көрінеді. Өз басым осы даналықтың тарихы мен пәлсафасын қарашаңырақтағы ұстаздарымның дәрістерінен тыңдап, көңілге тоқығаннан кейін ғана бұрын көңіл аудармай келген, өзімді бала күннен мектепке дейін қолында тәрбиелеген нағашы атам Жұмабайдың әлі есім кіре қоймаған кезден бастап маған неге қиял-ғажайып ертегі, кейін, аңыз, жыр-дастанды таң асыра жырлайтынын түйсіне бастадым. Ұстаздық жолға түскенде студент шәкірттеріммен бірге сол дала даналығының көзі — ауылдағы ақсақалдардың алдына барып, мұрасын хатқа түсіруді алдыма мақсат қылып қойдым. Сондай бір сәті түскен 2003 жылғы далалық этнографиялық экспедиция барысында Шет ауданы Құттыбай ауылында Аманжан ақсақалға кезіктік.

 

Аманжан ақсақал – Шет өңіріндегі ең қа­дір­лі, көне көз дана қариялардың бірі еді.

Оның қысқаша өмірбаянын ұрпағы Орманбет: «Менің атам Аманбек (ел «Аманжан» — деп атап кеткен екен – М.Ж.) Құнанбайұлы 1912 жылы туып, 2004 жылы қайтыс болды. Атам ауыл молдасынан ескіше хат танып, қалған ілімін патшалық Ресей мен кеңестік дәуірден алады. Алғашқылардың бірі болып комсомол қатарына өтеді. Кеңес өкіметін орнықтыруға өз ұлесін қосады. Атамның өмір жолы Шет өңірімен тығыз байланысты. Осы жерден әскерге алынып, майданнан елге жаралы болып оралады.1956-60 жылдары ауылда кітапханашы болып еңбек етеді. Соңынан дүкен ұстайды. Кейінде Құттыбай ауылына келіп бөлімше басқарушысы болады. Құрметті зейнет демалысына осы қызметінен шығады. Алайда бос қарап отыра алмайды. Аң қорғау нұсқаушысы, орман күзетшісі қызметін атқарады. Атам қайда жүрсін, қандай жұмыста болсын бес намазын қаза қылған емес. Елді қашанда дін жолына шақырып отырды. Өз жанынан өлең шығарды. Шежіре түзді. Осы өңірдегі ел іздеп келетін имам болды. Біз атамызды мақтаныш етеміз» — деп баяндайды.

Аманжан (Аманбек) ақсақалдың шығу тегін: Кәрсон-Құлназар-Қабылан-Жәменке-Жұрын-Күңке-Құнанбай, одан Аманбек туады – деп тарады.

Ел адамдары ақсақалдың атын естігенде тамсанып, онымен бірге болғанын, әңгімесін тыңдап, айыздарының қанғанын жыр ғып айтады. Жұмыскер ауылының әкімі Балтабай Игенов Аманжан ақсақалдың бабасы – Күңке бейітінің жанында тұрып: «Күңке баба – мынау Шет ауданындағы біздің үлкен ақсақалымыз, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, кешегі партия қызметкері, бүгінгі имандылық жолда жүрген өне­гелі де, өсиетті, ел шөлдеп, аңсап барып сө­зін тыңдап, сусындап қайтатын Аманжан ақ­са­қал­дың бабалары» – деп тамсанады.

Кейін мұрағат деректерін ақтарып көрсек, шынында да 1855 жылғы санақ құжатында Кәрсөннің Құлназарынан тараған Қабылан әулетінің ауылында Жұрынның: Тыныштықбай, Күңке, Базылбек, Қарымқожа, Жартыбай атты 5 баласы болған. Мал басының санағына қарасақ: «Күңке Жұрынов – 110 жылқы, 3 сиыр, 750 қой; Тыныштықбай Жұрынов – 55 жылқы, 3 сиыр, 400 қой; Базылбек Жұрынов – 83 жылқы, 2 сиыр, 650 қой; Қарымқожа Жұрынов – 13 жылқы, 0 сиыр, 300 қой; Жартыбай Жұрынов – 58 жылқы, 2 сиыр, 560 қой» — деп тіркелген. Бес ағайындының ішінде ең ауқаттысы Күңке екен. Ал осы Кәрсөн ауылдарының тізімі соңында «билер мен старшындар» деген тұсында Базылбек «би» деп, Күңке «старшын» деп жазылған.

Әрине, Аманжан ақсақалдың арғы шежірелік тегін зерделеу болашақтың үлесінде. Бұл жерде тек анықтамалық мәлімет ретінде атап өттім.

Ал, қиян­да­ғы Қияқты ауылының Бидайбек ақсақалы Құлназар асында бірге болғанын, 94 жасқа  келсе де, сол жігіт кезіндегідей еркін көсіліп парасатты ойға құралған мәнді де мағыналы әң­гі­менің майын тамызғанын тамсанып отырып айтып берген еді.

Аманжан ақсақал кезінде Сәкен Сейфуллинмен бірге жүргенін, оның тағдырына байланысты, өз басынан кешірген талай хикаялар болған екен. Соның бірі жайлы: “Алматыда, бір аңға бара жатқанда, Медеу сайының бергі үстінде, американ скипамидон (?) бар, американ жігіттері тамақ істейді, тамаша! Сонда тамақ ішіп отыр едік, сонда кім бар, Сәбит Мұқанов. Сәкен мені аңға алып бара жатыр. Мен атқышпын. Тауға барып аң атамыз. Сонда қонышынан газетті алып, Сәкен: «Мынаны қарашы Сталиндік заңды, әділеттікті 111 статья ма, ұмытып отырмын, 1-інші бөлімдегі бапта «Қазақстан Россиядан бөлініп, Жапонияға қосыламыз … мінекей қарашы әділеттік заңды берген», – деп осыны оқыды.

Сонан кеттік, бұл күзді күні 36 жылы декабрь айы, келесі 37 жылы ел ұсталып жатыр, халық жауы болып, кім кетті, кім қойды, жан қалған жоқ. Ал, мен Ақши ауылында Еңбекші қазақ жағындағы Ақши ауылында конторда отыр едім жалғыз өзім.

Тура 11 август күні, мойнында қылышы бар, өзіңдей бір ақ жігіт (мұны Аманжан ақсақал алдында диктафон ұстап, әңгімені аудио таспаға жазып отырған Еркебұлан деген аққұба келген студентке айтып отыр — М.Ж.) кіріп келді: әй, Құнанбай деп (менің фамилиям Құнанбай онда).

  • Құнанбаев қайда, сіз бе?
  • Мен.
  • Жүріңіз, кетеміз қалаға, алып кетеміз.
  • Мен мынаны қайда тастаймын, мынау үкімет жұмысы ғой.
  • Жоқ, керек емес.

Далаға шықсам, бір шопыры бар, «пикап» — дейді ашық машина, әгі уазиктерге ұқсас. Соған мің­гестіріп ап, айдап кетті. Ешкімге тілдестірмей тергеу үйіне алып келді. Бір-екі милиция отыр, сұрады кімсің, қайдансың — деп, баяғы, өтірік айтсаң, бәленшемен соттаймын, бәлен қылады – деп. Сонда Сәкен жайында сұрайды. Сәкеннің айтпаған сөздерін «айтты, осыны айт, сен білесің, естігенсің» — дейді. Сонда әлгі, «Қазақстан Жапонияға қосыламыз ерікпен» – деген сөзді, сонда айтыпты «Жапония­ға шығайық, қосыламыз, Жапонияға кетейік» — депті. «Сонда жаңағы заңның әділ екендігін айтты. Сонда сөйдеп айтты» — деп көрсеткен. «Жоқ, өйдеген жоқ, бүйдеген» – дейім. Шықшыттайды, «неге айтпайсың», – деп. Ертеңінде бір капитан келді, кішкене имандылығы бар, мені алдап, арбап, әйтеуір «Сәкенге пәле жап» — дейді, «мен айтқандай айт» — дейді. Оның тіпті істемеген жұмысын мен қалай айтам?» – деген екен ақсақал. Әйтеуір, алла жар болып, бұл тозақтан қашып шығып, талайды басынан кешіріп, 1938 жылы Жарыққа, одан Құттыбайға келгенін, елдің ішінде оның басына төнген күдіктен Сыздықов Сәулебектің қол ұшын беріп, амнистияға түсіріп, ақтап алғаннан кейін көзі ашылған.

Одан әрі ақсақал экспедицияның жүріп келе жатқан жол бойындағы жер-су атауы мен олардың тарихынан сыр шерте бастады. «Ботамойнақ асуы», Аманжан ақ­сақалдың айтуынша: “Қа­ра­ке­сек пен Қарекенің ортақ же­рі, мынау бір кішкентай тар асу, бо­таның мойнындай ғана, мынадай тар асу, сондықтан “Ботамойнақ” деп атаймыз. Не­гі­зі­нен бұл маңайдағы жүретін жол осы. Басқа жоқ. Басқа жерлер тау.

– Бұрынғы ескі жол екен ғой, қайда баратын жол?

– Мынау Дария бар ғой, содан Ақсу-Аюлыға дейін, Алматыға дейін кетесің. Мына жа­ғынан Бұғылы тауындағы Нұ­ра­тал­дыға, … бұның бармайтын жері жоқ.

– Біздің іздегеніміз, бұрынғы қазақты асыраған жол – осы екен ғой.

– Ботамойнақ аталатын тағы бір себебі: Қуандық пен Қаракесек шабысты болған ғой. Содан малды айдағанда осыдан асырады, Ботамойнақтан. Мұнда неше түрлі үңгірлер бар, соларға тығылып, малдарын сай салаға тығып қалады екен. Содан Серік, Еспайға ас беретін Бөденің баласы, Кәрсеннің жиені…

– Жиенді-нағашылы, Боранқұлмен қосылып-ап, екеуі ойнақты салған екен ғой.

– Ой-дә, екеуі ойнақтағанда,.. бұл екеуі қаракесектің атын шығарған (шулатқан). Серіктің аты шықпай кеткен ғой. Серік Бөденің тоқалынан туған. Сол мына біздің Аралбайдан әкеліп қоса беріпті. Сол ауылда Бөде артып туған, бірәдар болған, таза адам. Ал Серік айдап әкеп жинай береді екен. Бір күні «қой» десе, қоймай, Бөде көшеді де, Серікті жұртына тастап кетеді, қосымен, қатынымен. «Серіктің қара қосы» — дейді, көресіңдер қазір, Бұғыдан әрі қарай. Сонда тастап кетеді. Біраздан кейін қараса, қалың жылқы жатыр дейді.

– Ей, мынауың не, мынау кімдікі дегенде.

– Бұл Серіктің жылқысы – дейді.

Сонда атамыз: «Сөз айтып керегі жоқ, – деп қосып жіберіпті. Сонда оның жолдастары көп болған ғой. Жалғыз тастап кетсе, жолдастары ел боп, жиналған, мал жинаған ғой», – дейді ақсақал тағы да бір күрделі тарихтың шетін шығарып.

Бұл аңызды көркем-тарихи шығармаларда қолданғанда әр қилы ғып қолданып, айтар ойлары – ел бірін-бірі барымталап, біріне-бірі маза бермей елдіктен кеткендіктен дегенге саяды. Ал мұрағаттың дерегіне қарасаң – екеуін де осылай таластырып қойған өз ырқы емес, тығырыққа әкеліп тіреген соң, өз ішінде келелі жиында келісіп шешетін мәселесін өзіне шештірмей, жоғарыдан кесіп-пішіп қойып, оның салдары – бірінің жерін біріне тартып алып беріп жатқан соң – бір-біріне, амалсыздан дәстүрлі күш әдісін қолдануға әкеліп тірейді. Ботамойнақ асуының XIX ғасырда елді асырайтын сауда жолы өтетін емес, Қуандықтан мал айдап асыратын жолға айналуының әр жағында – осы өңірдің бейбіт тірлігі мен құтын қашырған зар-заманның күрделі тарихы жатыр. Оның бүге-шігесін тарқатып алмай, бірді-екілі адамның істерін не тегіне қарап, не мінез-құлқына қарап топшылау ғылымның ісі емес.

Мысалға мына деректі келтірейік. Қуандық пен Қаракесектің шекарасына патшалық әкімшілік өз дегенімен бірнеше рет қол сұғып, шекарасын долбармен пішіп, Бұғылы тауларын дау-дамайдың ошағы қылып қойды. Бұл жерде мұрағаттық деректің ұзақ сонар хикаяларын келтіруге мақаланың көлемі көтермейді. Сондықтан олардың негізгі мазмұнына ғана тоқталып өтейік. (Толық нұсқаларын кейінгі зерттеулерде жариялаймыз).

1820 жылдары Қояншы-Тағай елі, кернейлер сияқты, жазында Бұғылы мен Қызылтауды жайлап, қысында оңтүстікке жылжып, Балқаш өңірін жайлайтын. Патшалық өкімет Қарқаралыдан дуан аша бастаған кезде, бір жағы күшпен, бір жағы одан бойын аулақ саламыз деп, Алтайдың Қар­қа­ралыны қоныстанған кей рулары осы Бұғылы-Қызылтау жағына ойысқан. Бұл жердің иесі Қояншы-Та­ғай болғанына қарамастан, Ақмола дуанының әкімшілігіне сүйеніп, қасақана, алтай мен қарпықтың кей ауылдарын момын елге сес болсын деп, жандарына шенеуік пен орыс-казак солдаттарын қосып, әдейі әкеп қондырған. Арты айбалта, шоқпармен қаруланған ұрыс-төбелеске айналып, сес көрсетед деген орысы амал таппай, еркектері тығылып, алдарына көшіп келе жатқан ауылдың әйелдерін салып қойып, олардың кейбіріне абайсызда сілтеген қару тиіп, жарақат алғанда, осының бәрін жоғарыға баяндап отырған шенеуігі ұрыс-төбелес болып жатқанда әйелдердің артына тығылып қалғанын, өзінше парасаттылық пен ұстамдылық көрсеткен ерлігі ғып, тірлігінің негізі – жері үшін басын қатерге тігіп, жан айқайы шығып, жанталасқан Қояншы-Тағай елінің жерін қорғаймын деп бас көтерген азаматтарын – жанжал іздеген тонаушы тобыр (разбойническая шайка) деп көрсеткен, болған оқиғаны өзін ақ қылып, басқаны қаралап жеткізіп отырғанын көріп қалайша аузың барып ел адамын барымтаға бардың деп біржақты кінәлайсың. Әдейі көшіріп әкелген Қуандық елінің ауылдары да бұған кінәлі осыны шенеуіктермен ауыз жаласып істеп жүрген аға сұлтан деп, істеген істеріне өкініш білдірген.

Бұның ар жағында кейінгі жылдарға дейін барымтаның толастамауына тағы бір себеп Ақмола уезі жерінен ХХ ғасырдың басына қарай келімсектерге 41 селение алынып берілген. Ал бұл кезде Қарқаралы уезі жерінде тек бір ғана келімсек мекені болды. Осыдан келіп, Ақмола уезі жерін мекендеген қуандықтың жері тарылып, оған наразы бола бастағанда Қарқаралы уезін мекендейтін Ақмола уезімен шекаралас жерді қыс қыстап, жаз жайлаған қаракесек – қояншы-тағай, керней, сарым елдерінің жеріне қол сұғып, қуандықты қаракесекке итеріп сап, артынан шоқты көсеп қойып, бәріне қазақтың ежелден келе жатқан барымта құмарлығы кінәлі деп, отаршыл өкіметтің шенеуігі қолдарын сипап отырды. Мұны сезіп, біліп отырса да кейінгі кей жазушылардың өресі осыны түсінуге жетпей жататынына таң қаламын…

Осының бәрін анықтап алмай қалайша, «әйтеуір қазақтың ол кезде ұсақталып кеткені белгілі, білеміз, оның басқа не білетіні бар» — деп, бір ғана жеке бастың өз талғамымен жасалған тоғышар тұжырымға сүйеніп, елдің небір келеңсіз құбылыстарын көрсете отырып, астарлы оймен елдің сорлылығына меңзеп, оған айтылған өкпеге: «көркем шығарма ғой» — деп, шығарылған жарымжан дүниелер тарихтың терең сырлары мен заңдылығына бойламайды. Заманына қарай адамы болғанмен, ешқай халықтың жаманды – жақсы істері тегінен ғана емес. Іс пен тектің уақыт бойындағы сан алуан түрде байланысып жатқан күре тамырлары арқылы талай өзгерістерге түсіп, түрленіп жататынын есепке алмай, догмаға айналған тұжырыммен тарихты жазуға кірісуге болмайды. Қолына қалам алып, ел тарихын жазам дегендер осыны есте мықтап ұстауы керек.

Бөтен елдің басқаның жеріне қол сұққанда оның бетін қалай даналықпен қайтару жолдары болғанын аңызды баяндай отырып Аманжан ақсақал: “Бұрын қазақтың жауы қалмақ, шүршіт болған. Соның шүршітінің Еліхан деген ханы болған. Ылғи баһадүр қазаққа күн көрсетпей шауып, керегін қазақтан алып тұрады. Бір күні, бір заманда келіп, қазақты шауып, малын сыпырып алып, еліне барған соң (…) жазған, “Қазақтың айғыры кісінемесін, егер айғыры кісінесе, менің бием дауысын естіп айғырдың құлынын тастайды. Егер бием құлын тастаса, қазақты енді құртам” – депті.

Ел састы, бұл енді қалай болады, айғырсыз қалай болады, айғыр болмаса өспейді ғой. Болса, кісінемей тұра ма, не істейміз мұны деп, қорқып, шошып, абыржып жүреді.

Содан бір күні тоғыз жасар Асанхан деген бала келіп, жаңағы ауылдың иесінен рұқсат, дат сұрайды. “Маған 100 ақ боз ат беріңіз, 100 баһадүр беріңіз, түгел ақ киім кисін. Мен соларды алып Еліханға барамын, – дейді, – не ел болып, не дау болып келемін”. Ел иесі айтқанын істеп, мынау тегін бала емес, мынау нән шығар деп, өзі сасып отырған, айтқанын істеп береді.

Сонсоң бала ауылдан шыға бере, көзіне көрінген итті ата береді. Сонсоң Еліханның еліне келіп, үйінде тұрған, байлап қойған итін де атады. Ит көрсе қоймайды, түгел атады. Ол елдің адамы Еліханға шабады ғой, “ойбай-ау, осындай бір 100 ақбоз атқа мінген, ақ киінген адамдар иттен ит қоймай, үйге байланып тұрған итті көрсе де атады, қоймады” – дейді . Еліхан:

– Шақыр бері! Сенің нең бар, не хақың бар байлаулы тұрған итте? Ешкімге тимеген итте. Ит неңді алды сенің?!

– Ойбай, тақсыр, иттің маған істемегені жоқ, мені аямады. Антым бар менің ішкен. Көзіме ит көрінсе тірі қоймаймын.

– Ол саған не қылды, не жазды, айтшы!

– Айтайын. Қой жайып жүріп ем, көкбөрі, көкжал қоңыр келді. Қойға иелік бермейді. Ана қойды да соғады, мына қойды да соғады, қырды. “Аққасқа, Байқасқа, Сарықасқа, Көкқасқа … күллі итті шақырдым, айқайладым. Айтқаныма бір ит келмеді маған, айтағыма көнбеді. Ешбір ит менің шақырғанымды, айқайлағанымды тыңдамады. Сонсоң мен ант іштім. “Айналамнан енді ит көрсем, тірі қоймаймын” деп. Солай болды.

– Шақырғанда сенің дауысың жететін жерде ме еді ит?

Аманжан ақсақалдың аңызын ұйып тыңдап отырған сәт.

Бұғы тауы. Әбжан үңгірі алды

– Дауысым жеткен-жетпегенінде менің жұмысым жоқ. Қанша, қайда болса, онда болсын, дауыс жететін жерде ма, жетпейтін жерде ма, мен қайдан білейін. Шақырдым, келу керек.

– Әй, сен не деген ақымақсың, сенің дауысыңды естімесе ол қайдан келеді?!

– Дат, тақсыр, құп. Төреңізге құлдық, тақсыр. Анау бәлен жерде жатқан қазақтың айғырының дауысын сіздің биеңіз қайдан естиді?! – деген екен.

Асанқайғыны алдына мінгізіп-ап, Асанқайғы деп осы жерде ат қойған. Оны тізесіне отырғызып: “Сенің атың Асанхан емес, Асанқайғы болады” – деп осы жерде ат қойған. Түсінікті ме енді?” – деп ақсақал алдында айтылған әңгіменің түп төркінін тереңнен тартып, бәрімізді мынадай терең мағыналы, бұрын естімеген тың аңызбен таң қалдырды.

Осыдан кейін Боран­құл мен Серік­тер­дің: “Барымтаңды қой десеңдер, үйірлі жыл­қың жоғалмасын десең­дер, өз жеріңде жай, не жөніңді айтып, алдымыздан өт”, – демегеніне кім ке­піл бола алады.

Мұндай тарихтың те­рең сырларын тү­сі­нуге Аманжан ақ­са­қал­дың әлі де айтары мол екенін сезгенмен бәрін бірдей жазып алуға уақыт тар болды, жазғанның бәрін келтіруге берілген кө­лем көтермейді.

Экспедицияға жолбасшы болып, Аманжан ақсақал, Сағат ағаймен бірге Әбжанұлы Жақсылық ағай да бірге шығып, жүріп келе жатқан бағытымыздағы жер-су атауларын тәптіштеп түсіндіріп отырды. Сұлужартасқа келгенде: «Әбжан үңгірінен бастап Ботамойнақ асуы арқылы Сұ­лу­жар­тастың Жалпақ атты жазығына келдік. Енді бағытымыз Қарасу, Бұғылы-Тағылы. Бұның басындағы бұлақтарды көреміз. Содан кейін Дүйсекенге барып, Есбай атамыздың басына барамыз» — деп, бағытты тағы бір анықтап қойды.

 

(Сағат, Аманжан ақсақал немерелерiмен, Әбжанның ұлы Жақсылық)

 

Аманжан ақсақал Сұлужартасқа келгенде: «Бұл Сапы батырдың жері. Оның ішінде Сазанбай, …  Осы жердің қожасы, тәуір болған адамдар. … Соның жері», – дейді.

Жақсылық ағай айналамен таныстыра келіп: «Мына Сұлужартастың ар жағында мына шатқалдардың бөктерінде, қазір де бар еді (жолына қарап, уақыт болса), арқарлар көп жүреді. Мұнда үлкен тау, ар жағы үй тастар, Ақдоңғал жоталар мынаның бар жағында», – деп, одан әрі қызықтыра түсті.

– Үйтас деп неге атаған?

– Үйтас деген жерде қыс жұмсақ, малға сондай жайлы, тау бөктерлеріндегі бұлақтары қатпайды, шөп шаппай-ақ қыстан шығатын болған, сонан «Үйтас» деп атап кеткен.

– Мына Бұғы тауын айналып келген жеріміз үлкен жазық екен, бәр жағы таумен қоршалған, осы жазықтықты бір сөзбен қалай атайды?

– Бұл жазық осы Сұлужартастың алдындағы жайлаған үлкен жалпақ.  Жері жазық болған соң «Жал­пақ» деп атайды.

Осылай Бұғы тауының айналасындағы табиғаттың небір адамға берген сыйындай сұлу жерлерін, тау-тасы мен жайқалған көкорай шалғынды шөбі қалың біткен жазығын, тау бөктерлерінен сылдырап аққан бұлағы мен адам мекен еткен тұрағын, саңқылдап ұшқан құсы мен жүгірген аңын тамсана жырлаған ақсақал мен ағайлардың қызықты әңгімелеріне қаныққан, бәрін көзімен көрген балалар мүлде басқа әлемге енгендей күйге түсті. Бәрі де: «ауылда өссек те осының бәрін көрмегендіктен білмей, көрген болсақ та, мән бермей, қалайша бетімізбен жүре бергенбіз?» – деп таң қалады. Шынында да, осы ақсақалдармен, ағайлармен бірге жүріп, естіп, көрген-білгендеріміз ішкі жан-дүниемізді тебірентіп, туған жерімізге деген сүйіспеншілігімізді одан сайын өршіте түскендей болды. Қызықты саяхатқа берілгендігіміз сонша, не жүзді алқымдап қалған ақсақал, не ауылдан түзге шығып көрмеген балалар таңертеңгі 9-дан бастап, кешке дейін қарнымыздың ашқанын ұмытып, құр су мен нанды ойнап-күліп отырып, бөліп жеп, жүре беріппіз. Кеш түсіп кетіп, ауылға келгенде ғана ақсақал мен ағайларға бір ыстық шай қамдап бере алмағанымыз есімізге түсіп, қатты ұялдық.

Аманжан ақсақал жасында аңшылық, серілікті бірдей құ­рып, Бұғының тау-тасының бә­рін аралап, арқар атқан, қасқыр соққан, қоян қашқан деген сияқ­ты өзіне таныс табиғаты тұнып тұрған жерлерін аралап келе жатқан жол бойы бір мүдірмей бірде аңшылықтың қызығын әңгімелеп кетсе, бірде «ой-хой дүние-ай, өткен қызық-ай» – деп, тамсанып, балалар жалығып, шаршап қалмасын деп, өзінің бір серпілтер өлең жолдарын да шумақтатып:

Аманжан ақсақал әңгіме арасында балаларды әзіл-қалжыңмен бір серпілтіп алып отырған сәті

 

Жоғарыдан келемін жолмен зулап,

Сары машина астымда омыраулап,

Сен есіме түскенде, сұлу қыздар,

Көк көйлекті жыртамын шеңгелге аунап, –

деп, «мынаны сенің атыңнан айтып тұрмын» деп, (көк көйлек киіп, жүріп келе жатқан көліктің алдында Аманжан ақсақалмен әңгімесі жарасып тұрған жас жетекшінің бірі –Жамбылға қаратып) бәрімізді бір мәз қылып, ду күлдіріп алып:

Ән салсам өзіңдей-ау құйқылжытып,

Қартайсам, сенің ғана суың жұтып,

Тарыдай тал бойыңда бір мінің жоқ,

Тапты екен қандай перизат уілжітіп,

Ахау, арман, дүние жалған. Арманы жоқ жігіттің сүйгенді алған, – деп, табиғаты мен адамының сұлулығына деген сүйспеншілікке толы нәзік сезімді тербеп алып, «терең сөздері, ә, солай ғой» — деп бір қостатып-ап, осының бәрі мәңгі тұрмайтынын, бәрі тұрса да, аққан судай уақыт қайығына мінгізіп ап, алыстатып алып кететініне меңзегендей:

Аққа көніп, көрге төніп, мен отырмын салбырап,

Етім қашты, ұйқым қашты, сүйек қалды салдырап, – деп, жаңа ғана сұлулық әлеміне елітіп кеткен көңіл-күйімізді селт еткізіп, оның қадірін бұрынғыдан да терең сезінуге, қадірлеуге шақырғандай өмір пәлсафасының тұңғиығына бойлап, өзінің даналық шиырларын тақпақтап кетеді.

Жас балалардың ізденісте жүрген тірлігіне риза болып: «Құдай менің жасымды берсін. Менің қызығымды берсін. Бәле-жала көрсетпесін, балаларым. Аспандарың ашық, жолдарың даңғыл болсын. Алланың жазған қызығын көрсетіп, қайда жүрсе де басшыларың болып, елдеріңе елеулі, халқыңа қалаулы азамат, азаматшалар, ұл-қыз болып өмір сүре беріңдер. Аллауакпар», – деп батасын береді.  – «Біздің айтып отырғанымыз сол бұрыңғы қариялардың айтқан сөздері. Сол есте қалғаны, соны айтып отырмыз. Әйтпесе, бір оқыған дана емеспіз. Содан мынандай сөз бар балалар:

Оқымай ілім, білмей, білім жұқпайды,

Көрмей көз, жүрмей жол, Ішкі білім іштен жарып шықпайды.

Міне, көріп жүрсіңдер, біліп жүрсіңдер, осының бәрі білім. Орманбет хан айтқан:

«Ақылсыз кеуде, мисыз бас -Үйіп қойған боқпен тең. Ақымаққа айтқан асыл сөз – Далаға атқан оқпен тең. Өзіңнен туған көп бала, Жаман болса – жоқпен тең. Өзіңнен туған бір бала, Жақсы болса – көппен тең, – дейді. Осыны естеріңізге алыңыздар. Құр, әйтеуір, жүре бермей», – деп, ой сала ақылын да айтады дала даналығының иесі…

 

Мәулен ЖАКИН,

тарих ғылымдарының кандидаты,

 

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті,

Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының

профессор ассистенті,

«Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер»

Орталығының аға ғылыми қызметкері

 

«Шет-2003» атты далалық этнографиялық экспедиция зерттеуіне жағдай жасап, барлық жағынан қамтамасыз еткен және оның нәтижесінің жарыққа шығуына өз үлесін қосқан басшылыар мен әріптестеріме, қызметкерлерге, шәкірттеріме шексіз алғысымды білдіремін!

Экспедиция мүшелері: ғылыми қызметкер — Аршабеков Темірғали, инженер — Жұмабеков Жамбыл, телеоператор – Алтынов Ербол, жүргізуші — Залиський Д.Д., студенттер сахемі (жетекшісі) – Әбдірахманова Гүлден, студенттер: Әсет Әбдікәрімов, Бекайдар Абылайханов, Еркебұлан Мизамбаев, Ғазиз Байдәулетов, Данияр Күзембаев, Айжан Хамзина, Ақерке Тұяқбаева, Алтынай Барменова, Алтынгүл Кептербаева, Амангүл Аманжанова, Гүлжан Әбжанова, Назира Танатова, Сайрангүл Шәдет, Шырақ Сыпатаева.