Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылым қарқынды жаңартылуда

Қарағанды облысында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және өңірді газдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

– Биыл 61 ауылдың 4 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді. Жалпы облыс халқының 98,7 пайызы бүгінде ауыз сумен қамтылған. Қалаларда бұл көрсеткіш 99,4 пайызды, ауылдарда 97,9 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін ауыз су мәселесін толық шешеміз, – деді аймақ басшысы.

Өңірде коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 148 шақырымнан астам су құбыры және 44 шақырым кәріз желісі салынып, қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар, 22 шақырым жылу жүйесі ауыстырылып, үш қазандық жаңартылды.

Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен тоғыз жоба аясында жаңа су құбыры желілері салынып жатыр.

Өңірді орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету де басты басымдықтардың бірі болып қала береді.

– Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында 9,5 мың үйге дейін газ таратушы желілер тартылды. Бүгінгі күні 5771 үй газға қосылды. Жыл соңына дейін қосымша үш мың үйді газбен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға газға қосылу бойынша көмек көрсетілді. Қалған тұрғындар ТКШ жаңғырту орталығы арқылы пайызсыз несие рәсімдей алады.

Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылым қарқынды жаңартылуда