Әл-Машани шығармаларында тарихи маңызы әрі мәні бар көне әдеби мәтіндер көп кездеседі. Мақаланың мақсаты – Ақаң келтірген әрі пайдаланған әдеби-танымдық деректермен оқырмандарды таныстыру, қауыштыру. Олармен танысқан адам, біздің тарихымыздың тереңде екенін сезіп, сөз құдыретіне енеді.
Ақжан Машановтың өмір деректеріне үңілсек, Ақаң – кезінде өңірдегі белді би Машанның ұрпағы (немересі). Ел аузында қалған Қарқаралы дуанының игі жақсылары – Құнанбай қажы, аға сұлтан Құсбек, Жамантай төренің: «Машан, Машандай ұл туғанша қашан» деп, күңіренген күйде айтылған асыл сөзі замандасын еске алған кездерде жиі айтылғандықтан болар, бүгін біз Ақаңды мақтаныш етіп, жақсының орны толып, аты озғанының куәгері болып отырмыз. Ақаңның тұла бойындағы қасиеттері – әділдік пен сабырлылық, ұлтының ұлылығы үшін ұмтылыс, ерекшеіздемпаздығы, зерек зерделілігі, өмір мен табиғатқа өзіндік көзқарасы, әкесі Жақсыбектен, оның ағасы Нөгербектен дарыса керек.
Домбыраның шебері Жақсыбек әкеміз болса, ақынжанды әкеміз Нөгербектің де ықпалы байқалуда. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – деп айтқан жоқ па қазағым, міне, осының бәрі елдің көрегендігі.
Сол кездегі Құнанбай мен Машан би өмірлерінің жарастығы, Шәкәрім мен Нөгербектің сыйластығы, Жақсыбек пен Әлиханның замандастығына өрнектелген бала Ақжанның алғашқы өмірі бізге белгілі болғандай. Сонымен қатар Ақжанның Абай мен Шәкәрім өлеңдеріне ынта қойып, Нөгербек аузынан оларды талай естіген деп жазады әл-Машани шығармаларының алғысөзін жазған шәкірті, профессор – Шамшиден Абдраман.
Ал Ақаңның әдеби танымына келсек, оның шығармаларында қазақ әдебиеті, оның ішінде, көне мұралары да бір әлемді құрап, орын алуда. Ұлт мәдениеті ерекшелігінің ұрығын зерделеп еккен ұстазы Манан Тұрғанбаев болған. Бұл әдебиет майталманы кезінде Жүсіпбек, Міржақып, Мағжан, Ахметтермен Уфадағы Ғалия медресесінде бірге оқыған. Манан өз шәкірттеріне олардың шығармаларының көздеген көкейкесті мәселесін жеткізе білді. Манан ауызынан бірінші рет естіген Міржақыптың:
«Мен біткен ойпаң жерде аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан, шаруаңа ал жараса, Алаш» – деген ақ ниетті тілеуін сіңірген Ақжанның қоғамның кетігін іздеп, қауым үшін қажетті жерге қалануын дайындағандай болды. Шығармалар жинағының бір бөлімі «Отырар Атрапат» деп аталады, онда аспан құшқан алып бейнелі Алатау алыстағы арқаға өзінің мейірімді қолын созып тұрған сияқты. Сол алып қолдың жылы қойнауы мен аяулы аясы ежелгі Тұран елінің алтын бесігі деп білерсің. Осы аймақтың Отырар қонысы да, жайлаған өрісі де, тау ментасы да, суы мен саласы да маған бір мейірімді анадай, ақылы дария данадай көрінеді де тұрады.
Топансу мұхитында қалқыған Нұх пайғамбар кемесінің тоқтаған жері осы қолтық, анау қазықтай шаншылған Қазығұрт тауы деседі ежелгі аңыз.
Елдің басын қосқан, құтты қоныс, осынау жатқан көк иірім Арыс өзені емес пе?
Тарыққанды жұбатқан, жылағанды қуантқан сырласым Сырдың дариясы Яқсарт деген жақсы ат қой, аты жақсы дария Қамбар ата сен шығар, – деген екен.
Кемеден шыққан шопан бар,
Шопан аты сол шығар,
Кемеден шыққан қошқар бар,
Қошқар аты сол болар.
Кемеден шыққан жануар бар,
Ойсыл қара нары бар,
Нарын өзен сол шығар.
Зеңгібаба тағы бар, сиырлардың атасы.
Төрт түлігі тел өскен, осының бар ма қатесі.
Сырдария, Яқсарт дария, Инжу дария,
Ертеден аты жақсы болған дария.
Ежелден оғуз елі мекен еткен,
Сондықтан Өгіздария дейді қария.
Жырауды тыңдай берсең, анау Адам атаның тура өзіне апармай, тоқталар емес! Кең өрісті, хош көңілді, көрікті қиял. Шындық кілтінің өзі осындай көрікті ойдан табылмақ. Қызықтырса ойнап көр; ойнап көрсең, ойлап көр. Сол ойдың арты шындық қазынасына жеткізбек. Уайым – ердің қорғаны деген бар ғой. Сабыры мен сақтығын тең ұстаған адам Әбу Мәлік қартпен бірге «шындығын тәңірім білер» демек. Қалай болған күнде де: жан баспаған жер бар ма, тарихы жоқ ел бар ма? Ойды ортаға салу керек. Жарағаны алынар, жарамағаны қалынар, – деп сыр шертеді абыз. Ерекше бір тақырыппен белгіленген бөлім «Асад-Шері немесе Әсет-Сері-Жалаңтөс» деп аталады, бұл тарихи – әдеби әуенді бөлімде күш атасы Жалаңтөс батыр (баһадүр) туралы баяндалады.
Шығарманың осы желісін оқырманға толығырақ жазып жеткізсем бе деп ойладым. Бастайын. Суреттеуіне назар салыңыздар, ғажап: дәл осы арада бұларға бір еңгезердей адам келіп, сәлем беріп, бин Тарханмен құшақтасып амандасты. Аяғында саптама етік, оның ішінен киген киіз байпағының қонышы тізеден сынық сүйем жоғары, кестелі күрең барқыт. Басындағы пұшпақ бөркінің тысы да сол түстес. Кең жейденің сыртынан қапсырма жаға-жеңсіз берен киген. Шоқпардай қара мұртын ширатып, екі құлағына қарай тікірейтіп қойған. Мұрны домалақтау келген қошқар тұмсық. Әсірелей айтқанда, адамға маңдайы жарты қарыс, аузы саптыаяқтай, құлағы тебенгідей, қодас мойын, арыстан кеуде, екі иініне екі кісі мінгендей – бір дәу. Қас-кірпігі таяқтай, көзі өңменіңнен өтеді. Белінде қылыш, иығында садақ, оң жағында қорамсақ, қолындағы сегіз таспа бұзаутіс дырау қамшысының өзі басқалардыкінен ерекше, сом салған. Қызыл-күрең жүзінен аққан тері ашық тұрған омырауына тамады. Омырауының өзіне сояудай-сояудай жал біткен, түсі суық сұсты адам. Осы суреттемеден кейін көз алдымызға кім елестейді?! Қазақы киінген, дүниеден өткен әкелеріміз бе, әлде, жерден жауын қорған бабамыз ба, тау қопарар Толағай болсыр ме? Айтсақ, бойында бар қасиет бар емес пе. Отырарды көрмегеніме көп заман болды. Көрісейін деп сағынып келдім, армысыңдар, Арқаның сәлемін әкелдім, түге, бар болғырлар.
***
Қасиетті Отырарды көру, Арқаның сәлемін, жеткізу – неткен сағыныш сезімдері, бұл тылсым дүниені түсіну үшін баба жолымен серуендеп, ауасын жұтып, суын ішу керек болар. Дауысы күж-күж етеді. Күлгенде, денесі жер сілкінгендей қопылдайды. Келіп түскенім кеше. Сені іздеп келдім. Жүр менің қасыма. Бин Тарханды сөзге де келтірген жоқ, барлық қасындағысын ертіп алды да, жөнелді.
Бұл келген қыпшақ елінің атақты адамы Жалаңтөс батыр. Шын аты басқа, бірақ, қысы-жазы омырауы ылғи ашық жүретін болған соң, ел оны Жалаңтөс деп атап кеткен. Құланды құйрығынан ұстап соғатын, барыстың бас терісін бақадай сыпыратын Арқаның нағыз ардагер алыбының дәл өзі. Әмірі әл-Мүһминин халифа хазретінің өзі де бұл кісінің бір жорықтағы тамаша ерлігі үшін арабша Асад Қыпшақ немесе парсыша Шері қыпшақ деген құрметті атақ берген. Ту көтеріп, жауға шапқандар батырдың аруағын Жалаңтөс деп шақырады. Бірақ, оны ел арасында Асад-Шері сөздерін сәл бұзыңқырап жай уақыт, жиын-тойда ол кісіні Әсет Сері деп те айтады. Әсет Серінің астындағы кежім деп тастаған кер тұлпар аяғын әсем басып, басын салмақпен санап басып изеп қояды. Серінің өзі аң қуған, жорықта болған қызықтарын айтып келеді. Кер тұлпар соны қостап изеген сияқты. Ойдан-қырдан бас қосқан мерекеге әртүрлі өнерпаздар да жинала қалыпты. Әнші-күйші, биші, домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, сырнайшы, ақын-жырау, балуан… арасында балгер-бақсы, құмалақ салатын, кітап көтеретін тәуібіне дейін бар. Көпшіліктің тілегі бойынша бұл келгендердің бәрін де наубыз қылмай, өнерлерін көруге тура келеді. Әсет Серінің ежелгі әдеті осылай, ол кісі адамды алаламайтын дарқан адам. Өлең айтып, қобыз тартып, жырау атала бастаған Қорқыт бір уақытта қобызына ән қосып, сарнатып жөнелді.
Ол ә дегенде, кіріспе ретінде бүкіл жер мен көкті сипаттап, оны Жаратушыны мақтап, онан кейін Һарун Рашидке бір соқты да әрі қарай Қыпшақ елінің батырларын тізбектей жөнелді. Ол басын бір шұлғып тастап, ешкімге қарамастан, өзімен өзі болып, аласұрып, қобызбен қоса теңселіп тағы да сөйлеп кетті. Бұл жолғы өлеңі Жалаңтөске арналды. Оның арғы атасынан бергі ерлігін, мырзалығын айта келіп:
Жолдастарын сұрасаң,
Отырарда Арыстан
Ерлердің ері данышпан,
Арыстанбап аталған.
Алатауда Манасты,
Қонысы Байсын Талас-ты.
Жиделі оның жерінде,
Қоңырат деген елінде
Алпамыс ермен сырласты.
Көрғұлы сұлтан, Рүстем,
Олармен де белдескен.
Жалаңтөске жол беріп,
Шері Қыпшақ ер дескен.
Ер Жалаңтөс ер деңіз,
Елдің қамын жер деңіз.
Ел шетіне жау келсе,
«Мен барайын» дер едің, – деп басын бір шұлғып тастап, өзімен өзі болып, аласұрып, қобыздың сазына, өлеңнің назына теңселіп тоқтады.
Қорқыт ата жырында тарих тасқыны жатыр емес пе: Арыстанбап, Манас, Рүстем – ұлы рухани, батыр тұлғалар; Отырар, Талас, Қоңырат секілді киелі мекендер.
Ендігі кезек «Нысан Абыз» деп аталған кітап жинағының бөліміне тоқталайық.
Фараби туған елін аралауда. Өзінің туған қаласы Отырарда болды. Өзі білетін қатарластарының біразы жоқ, ел едәуір жаңғырған. Мұнан кейін ол Баласағұн, Талас (Тараз) жағын бір аралап келген. Бүгін Фараби Түркістанға келді. Орам адамдары жиналып, үлкен мәжіліс болды. Думанның туы Нысан абыз да қобызын құшақтап сол үйге келген екен. Отырғандар бір азырақ кеңесіп, ананы-мынаны айтып келгенде, отырғандардың ішінен Халифат өмірін мақтаушылар табылды. Әсіресе, неше алуан сауық-сайран, ән-күй, музыка тамашалары сөз болды. Әр елдің музыкалық аспаптарын салыстырды. «Арабтың ал-дутынан (Лютня) тамаша аспап бар ма? Ол бір таңғажайып табақ қой. Бақандай 10 шегі бар», деді отырғандардың біреуі. Ол өзінің сөзін дәлелдеу үшін бір кітаптағы суретті әкеліп көрсетті. Онда көк әлемінде, қанатты періштелер арасында бір сұлу қыз отыр. «Ол Шолпан болса керек. Қолында 10 шекті ал-дутын. Көктің жүзін күңірентіп, әлемді тегіс тебірентіп, таң шапағын шашу етіп, Күннің жолын думандайды. Осы күйдің қасиетті үнін ұққан, осыған әнін қоса білген адамаспанның тілін білетін болса керек. Аспан үніне өзінің күйін қоса білген адамға ажал жоқ болса керек».
Қорқыт алдутын ойнаған Шолпанды, оны қоршаған қанатты періштелер суретін көргенде, есінен ауып кеткендей болды. Екі көзі ежірейіп, түсі қашып, ұрты суалып, пішіні қуарып, екі қолы ербиіп, қалшия қарап тұрды да қалды.
Біреулер сыбызғыны, біреулер сырнай-кернейді, біреулер домбыраны, біреулер қобызды немесе барабанды, әркім өзіне ұнағанын мақтап жатыр.
«Аспанның падишасы сантир-канун (арфа) емес пе? Барлығының атасы сол» деді Нысан Абыз. Отырғандар оның сөзіне құлақ салып, тына қалды. Нысан Абыз – бұл елге аты әйгілі әнші-күйші, қобызшы қарт. Ел оған ән-күй, өлең дарыған, «қонған» деседі.
Арфаның шегі мен аяқтары туралы бір-екі сөз. Арфа алғашқыда садақтан шыққан бетінде қос шекті болған. Сол қалпында қос шекті болып, әлі келе жатқан аспаптар бар. Мысалы, қобыз, домбыра… Бұлар кейде 3 шекті де болады. Ең бір қызықты әңгіме арфа мен Сирена екеуінің байланысы туралы.
Ертедегі аңыз бойынша арфа Сиренаның денесінен жаралған дейді. Ал енді, Сиренаға келейік. Ол бір ғажап зат: басы адам – сұлу қыз, аяғы-құстың аяғындай (кейде балықтың құйрығындай); қанаты болады.
Мұның не сыры бар? Сирена мүмкін сырнай мағынасынан шыққан болар. Сонымен қатар оның арғы тегі жұлдыз түсінігіне келуі мүмкін. Арфаның түрікше аты сантир деген сөздің өзін сиренаға байланысты түсінуге болатын. Сиренаны, кейбір дерекке сүйеніп, Сарыана немесе Сара ана деуге болады. Сары – Сара деген бізде ардақты әйел аты. Жұлдыз мағынасына апаратын болсақ, бұл Ай мағынасында (Сары – моңғолша Ай). Айман, Айсұлу, Қызай деген аттар осыған мағыналас екені даусыз. Ол жарық сәуле қызы, нұрдың қызы. Осыдан барып ертегінің «Қаф» тауының арғы жағындағы жаппас сарайындағы «Нұрқыздары» осы сиреналар болар деп әңгімесін тоқтатты.
Өзінің жаны сүйетін әңгімелерін айта келіп, Нысан Абыз қобызын қолына алып, біраз толғау айтты. Абыздың толғауы:
Сан берген, сана берген, санат берген,
Инсан деп саналыға ол ат берген.
Жаратып жалғыз саннан барша әлемді,
Шамшырақ нұр сәулесін тарат деген.
Жер аспан, жеті хатты көк жаратқан,
Аспанның бос жері жоқ ақтандатқан.
Айналар әр қайсысы өз жолымен,
Арқандап, темір болат қазық қаққан.
Жырлайын 12 бау жұлдыз жайын,
Жеті хан көк бастаған Күн мен айын.
Күн төккен күңіренткен жер бетіне,
Қобыздың перне басы балқұрайын.
Айтайын Жасыл тонды жанның жайын,
Аузыма алсам оны, сөзім дайын.
Әлемге рух шашып аралаған,
Көзінен ғайн ал-Хаят айналайын.
Мен едім Нысан Абыз жын байлаған,
Жындарды жіпке тізіп қойша айдаған.
Тәңірінің бергеніне мен разымын,
Өнердің арқасында салдым сайран.
Нысан Абыз осы араға келгенде іркіліп, мандай терін сүртті де, үлкен аяқ қымызды бір-ақ көтеріп тастады. Толғанып отыр, қозғалып қояды. Екі көзі жоғары аспанға қарайды. Әлден уақытта тағы желдіріп ала жөнелді.
Айлы аспанның жұлдызы,
Апсын оқыр Айқызы.
Жеті хат көкті тебірентер,
Абыздың арда қобызы.
Қыл кеңірдек қуық бас,
Қобы үйеңке қу шанақ.
Қыл сымның бар тылсымдай,
Зыр жүгірген шишорбай.
Жеті ықлым жер жүзін,
Аралаған қобызым.
Темір масақ саржа бас,
Сырын ешкім табалмас.
Арғы бабаң Өгізхан,
Өгізден қобыз тараған.
Киелі жер ғой Түркістан,
Өгізхандай ұл туған.
Бата ғой бабам қолдай гөр,
Зеңгі баба Арыстан.
Ат жалын тартып мінгелі,
Қыпшақ кімнен қалысқан.
Түркістанда тұман баб,
Отырарда отыз баб.
Алмалыда алпыс баб,
Сайрамда бар сансыз баб.
Таразда бар талай баб,
Сығанақта сырнай баб.
Меркеде бар мерген баб,
Талайларды көрген баб.
Батасын бізге берген баб,
Қолтықтай гөр аруақ…
Адамдық көзбен қарасақ,
Дүние хикмат, сен есім.
Надандық көзбен қарасаң,
Дүние қоқыс, сен мешін.
Қарттың еті қызып, барған сайын дауысқа басуға айналды. Ол тағы бір дастанды қозғайтын түрі бар.
Қарғалар-ау қарғалар,
Қанатымен жорғалар.
Есен бе екен жеңгелер,
Темір тонды түймелер.
Ат байладым абаққа,
Жеміс салдым табаққа.
Шашу төгіп табақтан,
Шақырдым елді тамаққа.
Еніп кеттім егіске,
Қойным толды жеміске.
Жемісімді жерге бердім,
Жер жусанын берді.
Жусанымды қойға бердім,
Қой қозысын берді.
Қозысын қонаққа бердім,
Қонақ қамшысын берді.
Қамшысын қазға бердім,
Қаз жұмыртқасын берді.
Жұмыртқасын көлге бердім,
Көл көбігін берді.
Көбігін бураға бердім,
Буда шудасын берді.
Шудасын енекеме бердім,
Енкем ала тайын берді.
Олай-бұлай шап деді,
Қатығы бар үйге түс деді.
Қатығынан бермесе қатынын ала қаш, деді,
Қымызы бар үйге түс деді,
Қымызын бермесе, қызын ала қаш, деді.
Қияннан өтіп қиянға,
Ала таймен адақтап,
Шырқатып өтті шығанға.
Толғау осылай басталып, аяқталды. Ұзақ дастанның түпкі мазмұны аспан шырақтарының әрекетіне ұқсайды. Абыз Нысан бар ғаламды аралап, қара қобызына тіл бітіріп сөйлетіп, бар дүниені жырға қосып, саралап, соңында кең-байтақ, дархан да ырысты, мейірімді де берекелі қасиетті қазақ еліне-жеріне келіп, орныққан секілді.
Ендігі кезек жинақтың сырлы бөлімінің бірі «Қыз жұмбағы» деп аталады, сырын біліп, тындап көрелік. «Адамдар арасындағы қайшылықты емес, сәйкестікті іздеу керек. Әрбір жан иесі – адам, ол өзі бір жеке кіші ғалам». Солай болған себептен, олардың арасында табиғи өзгешелік өзінен өзі бар нәрсе. Бірақ, оны біз шиеленістіріп, қайшылыққа неге апарамыз. Ол қиянат. Адамның кіші дүниесін шама келгенше, сәл кеңейтіп, бірнеше адам сиятын, бәлки барлық адам сиятын өлшемге жеткізсе! Онда қайшылық емес, сәйкестік туар еді. «Аяғыңды етік қысса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» дейді. Шіркін-ау, тар өлшеуді қолдан жасап, тарсынып жатқан бұл елге не дерсің? Осындай бір ойдың толқынында отырған Фарабидың көзіне тағы бір жазу түсті «Гауһар қыздан».
Фарабидың бойы бір тебіреніп қалды. Әдемі каллиграфия жазумен тасқа таңба басқандай тізбектелген қарыптардың жеткізгені мынадай сөздер еді:
«Мұхтарым бас ғұлама арда керім,
Болғанба сізге тапшы туған жерің.
Бағдад, Мысыр, Шамға жүрмек бопсыз,
Сұрамақ бір жұмбағым сізден менің.
Қаф тауы, қанатым жоқ аса алмадым,
Ғаршыдан ғажайып сыр аша алмадым.
Қолда жоқ құдіретті аша таяқ,
Теңізден інжу-маржан тас алмадым.
Кез болдым сол арада бір адамға,
Қызырма, Өгізхан ба, Нұх бабаң ба.
Қолыма бір Қаруат беріп кетті,
Алданба деді басқа бос алаңға.
Басы бар, аяғы жоқ бір Қаруат,
Табарсың ұшырасса көп маруат.
Үстінде қос мұғалдақ қара тас бар,
Жігітке табылмаған бір шеруат.
Қыпшақ, Қаңлы елім, Гауһар атым,
Ежелден елге қамқор арғы затым.
Шешуі сол жұмбақтың қолда емес пе,
Көрмей-ақ халифаттың Бағдатын».
Бірінші рет оқып шыққанда, Фарабидың басы шыр айналып кеткендей болды. Екінші оқып шыққанда, терең ойға кетті. Үшінші рет оқып шыққанда, көзіне жас келді. Қыз басымен Гауһардың елге деген ерлік жүрегі Фарабиде неге жоқ. Ол қыздың данышпандық білімі мұнда тағы жоқ. Сонда қыз, сондай құрметті жан шақырып тұрған сияқты, сынап тұрған сияқты. Қанаты болар сұңқарсың, тұяғы құрыш тұлпарсың… Бер қолыңды деп тұр-ау… Еліңді тастап алысқа кеткенде, не табасың. Бәлки, сол іздегенің қолда шығар. Осы қыпшақ ауылдарында шығар… дейді. Сол қасиеттер менде жоқ. Бұл маған зор қасірет. Бірақ, сондай адамның дүниеде бар болуы қандай қуанышты нәрсе. Осыны түсінудің өзі қандай ғанибет.
Осындай ойлармен келіп, Фараби өзінің бөлмесіне кірді. Ешкіммен сөйлеспестен жатып қалды. Осыдан кейін «Қаңлының Гауһарына» деген өлең жазылды.
«Қаф тауы дегеніңіз таң ғажайып,
Көк семсер жеті хат көк аспан қайық.
Болғанда «қаф» үстінде екі нүкте,
Мұғаллақ қара тас сол көзден ғайып.
Қара бас Темірқазық – «хақтың тасы»,
Айнымас, адастырмас ғалам басы.
Кіндігі дүниенің сол мұғаллақ,
Танысаң, ашылады ой айнасы.
Сұрайсыз жалғыз әріп «қафтың» жайын,
Қаф тауы деп атапсыз Аспан Айын.
Жеті хат көкке он екі жұлдыз қоссақ,
Он тоғыз «Қафтың» саны тұр ғой дайын.
Болғанда адамзатқа аспан ортақ,
Танырмыз Бағдадқа біз бармай ақ.
Алайда ел сыналар жерге бармай,
Талаптан лазымба қашып қалмақ.
Барсамда қай тарапқа мен қыпшақ,
Елім бар ежел күннен өнерге ортақ.
Семсердің қанды-жанды екі жүзі,
Мен соның кейінгісін алдым қалап.
Алғаным менің қалап шындық жағы,
Шындықпен ашылмақшы өмір бағы.
Халқымның ой өрісін оятпақпын,
Мойныма ауыр міндет алдымдағы.
Талайдың тұлпарына аттан дейсіз,
Ғаламның сырын ізде «Қахтан» дейсіз.
Сөзіңді бой тұмардай сақтап сенің,
Арнадым табысымды, қош Гауһар қыз».
«Қаңлының Гауһарына» деген өлеңін Фараби өзімен бірге, Гауһардың хатын екеуін қосып, көп уақыт сақтады. Әртүрлі ойда болды. Ақырында жауабын елге қайтарды, өзі сол күннен бастап ғылымның ұзақ жолына біржолата түсті.
Міне, ұлы бабамыз, ұлы данамыз әл-Фарабидің алдында екі таңдау тұрған екен. Біріншісі – махаббат, туған жеріне келу, екіншісі – ғылым іздеп, адамзатты тану. Ғұлама екінші жолды таңдады, бірақ, оның ғылымының ең биік шынына жетпеуінде Гауһар қызға деген махаббат сезімі және еліне-жеріне деген адалдығы, сағынышы кем рөл атқармағаны – хақ. Бабалар мұрасы өнегесі – рухани жаңғырудың іргетасы.
Серік МҰСТАФИН,
Қоғам қайраткері, саясаттанушы
