Санада салынған рухани кеңістік

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлескен «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына қатысушы Әділет Шопеннің «Түсіме салынған үй…» поэзия жинағы жайлы аз-кем пікір білдіруді жөн көрдік. Бірден бастап кетейік. Поэзияны парақтап оқитындар бұл мақаланы да жүгіртіп өтуі мүмкін. Ал өлеңді ішкі тынысымен қабылдайтындар аялдап оқысын. Өйткені бұл кітап – оқылатын емес, ішкі түйсік пен үздіксіз әлемге енетін жинақ десе де болады.

Әдебиеттегі әр кітап – автордың салған бір үйі іспеттес. Бірі гауһардан, бірі мәрмәрдан. Бірінің терезесі кең, бірінің есігі тар. Әділет Шопеннің бұл жинағындағы үй – түс арқылы салынған, бірақ іргесі нақты өмірге қағылған дүниедей. Ақынның «Түсіме салынған үй…» деуі де бекер емес. Бұл – ұйқыдағы елес емес, ояу санада тұрғызылған рухани кеңістік. Кітапты ашқан сәттен бастап оқырман сәулетке емес, кеңістікке кіреді.

Жинақтың мазмұнына үңілсек, поэмалар мен өлеңдер бір-бірінен бөлектеніп тұрған дүниелер емес. Олар бір үлкен ішкі композицияның бөлшектері. «Айғаным», «Мағжандану», «Ұмсын сұлу», «Белгісіз күйші. Белгісіз күй» поэмалары – ақынның тарихи, мәдени жадымен жұмыс істеу тәсілі. Әділет өткенді музейге қойып тамашаламайды, өткенмен сөйлеседі. Кейде дауласады. Кейде келіседі. Кейде сол өткеннің ішінде өзі адасып кетеді.

Әсіресе «Ұмсын сұлу» поэмасы – жинақтың өзегін ұстап тұрған шығарма. Бұл жерде поэма тек сюжетті баяндау үшін ғана емес, уақыттың өзін иіру үшін жазылған. Мұнда махаббат та бар, қуғын-сүргін де, күтудің қасіреті де бар. Бірақ ең бастысы – адам тағдырының тарихи қысыммен қалай жаншылатыны айдай анық көрсетілген. Нүрке мен Ұмсын – жеке кейіпкерлер ғана емес, бір дәуірдің екі жарасы. Поэманың соңына қарай оқырман бір сұраққа тіреледі: бұл трагедия жеке адамдардікі ме, әлде заманның өзі жазған үкім бе?

Әділет Шопен поэмаларында кең тыныс бар. Бірақ бұл эпикалық кеңдік емес, философиялық кеңдік. Ол оқиғаны емес, күйді жазады. Сондықтан кей тұста оқырман сюжет іздеп қиналуы мүмкін. Алайда бұл – кемшілік емес, поэтикалық таңдаудың нәтижесі. Ақынға қозғалыстан гөрі, ішкі діріл маңызды.

Өлеңдеріне келсек, жинақтағы лирикалық мәтіндер поэмалардан кейін әлсіреп қалмайды. Керісінше, поэмаларда жиналған ауыр ой, өлеңдерде сынып, жарықшақ күйінде көрінеді. «Аспанды алмастыра салатын жапырағы», «Өмірқазған», «Айна ішінен қарайды басқа Шопен», «Өлең болып оқылды маған бәрі» сияқты бөлім атауларының өзі ақынның өзін-өзі бақылап отырғанын аңғартады. Бұл – рефлексия поэзиясы.

Әділет Шопенді қала поэзиясының өкілі ретінде танимын. Біздер даланы жырлап болған шығармыз. Енді ЖИ-ді, қаланы, оның архитектурасын, кофехана мен мейрамханасын суреттеу керек. Бұл – Әділеттің поэзиясын көрініс табады. Бірақ ол қаланы асфальт пен шамдар арқылы емес, архитектуралық сана арқылы жазады. Оның өлеңдерінде қала – тірі организм. Терезелер – көз, көшелер – жүйке, үйлер – есте сақтау ұяшықтары. «Айна ішінен қарайды басқа Шопен» деген атаудың өзінде мегаполистік жалғыздықтың философиясы тұр. Қалада адам көп, бірақ айнадағы өзіңе қарап қалатын сәттер одан да көп.

Ақын поэзиясындағы архитектура тек фон емес. Ол мағына тудыратын құрал. Қабырға, терезе, төбе, көлеңке – бәрі символдық жүк арқалайды. Қала поэзиясы дегеніміз де осы болса керек: кеңістікті сезімге айналдыру. Әділет бұл жағынан заманауи поэзияның ішкі заңдылықтарын жақсы меңгерген.

Дегенмен, бір ескертпе айтпасқа болмайды. Кей тұста ақын образға тым сеніп кетеді де, ойды нақтылап үлгермей қалады. Бұл әсіресе лирикалық өлеңдерде байқалады. Әдемі жолдар бар, бірақ олар кейде бір-біріне тірелмей, жеке-жеке қалып қояды. Уақыт өте келе бұл олқылықтың орны толатынына сенім бар. Өйткені поэзиясы бар ақынның уақыты да бар.

Қорытындылай айтқанда, «Түсіме салынған үй…» – атына лайық, танымдық салмағы бар жинақ. Бұл кітапта поэзия бар, ой бар, қала бар, тарих бар. Ең бастысы – автордың дауысы бар. Әділет Шопен өз үйін салып қойған ақын. Енді сол үйге кіретін оқырманның көбеюі ғана керек.

Ерболат ҚУАТБЕК