Ауыл – халқымыздың рухани тірегі, қазақтың ұлттық болмысының қайнар көзі. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, әр адамның азамат болып қалыптасуына ауылдың ықпалы зор. Ауыл – еңбек пен ынтымақтың, тәрбие мен тағылымның ордасы. Мұнда ата-бабамыздың салт-дәстүрі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Әсіресе бүгінгі ауыл – заман талабына сай жаңарып, ел дамуына өз үлесін қосып отырған тіршілік ордасы Бүгінде ауылда түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асып, мектеп пен мәдениет ошағы жаңарып, кәсіпкерлік дамып келеді. Бұл ауыл адамдарының еңбекқорлығының нәтижесі.
Жарылғап батыр ауылы – тарихы терең, болашағы жарқын мекен. Бүгінгі басқосуда Сарыарқаның қасиетті топырағында орналасқан, тарихы бай, рухы биік – Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Жарылғап батыр ауылы туралы сөз қозғау – үлкен мәртебе. Ауыл атауы қазақтың даңқты батыры Жарылғап Түйтеұлының құрметіне берілген. Бұл – ел қорғаған ерлерге деген тағзым ғана емес, ұрпаққа бағытталған өнегелі тағылым. Ауыл тұрғындары үшін батыр есімі – мақтаныш пен рухтың символы.
Жарылғап ауылы – ауданымыздағы әлеуеті зор елдімекендердің бірі. Ауылда орталау мектеп, мәдениет үйі, фельдшерлік пункт жұмыс істейді және мешіт бар.
Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысып, туған жердің өркендеуіне үлес қосуда. Ауыл жастары білім, спорт, өнер саласында жетістікке жетіп, туған өлкеміздің атын шығарып жүр. Жергілікті халық ұйымшыл, ел ішіндегі бірлік пен татулық – ауыл дамуының берік тірегі. Қай істің болсын басында жүрген ел ағалары мен азаматтарына, еңбек адамдарына айрықша алғысымызды білдіреміз.
Осы жетістіктердің бәрінің бізден бұрын өмір сүріп кеткен ата-бабаларымыздың тірлігінен тамырланған. Олар кімдер еді, тарихқа сәл шегініс жасайық.
Бұл жерде осыдан 200 жыл бұрын адам қоныстанғанын оңай айыруға болады. Одан бұрын да адамдар болуы мүмкін, оны нақты айту қиын. Өзен бойы болғандықтан, адам тұруға қолайлы жер екені рас. Жоғарыда Зылиха бәйбішенің мазары тұр. Мазардың тұрғызылғанына кемі 150 жыл. Ауыл ішінде Төресейіт бабаның күмбезі құлап жатыр. Көзі тірісінде Болат Дүйсембаев темір шарбағын әкеліп беріп кеткен. Төменгі ауылда күмбезі толықтай сақталған сияқты. Жыландыбұлақта, Сымтаста, өзен бойында салынған бейіттер мен мазарлар осы маңайдың бәрінде ата-бабаларымыздың қоныстанғандығының кепілі. 1824 жылы Қарқаралы уезі құрылғанға дейінгі адамдардың тұрмыс жағдайы туралы ақпарат тек ауызша айтылған, жазылмаған. Ал одан кейінгі құжаттар мұрағатта жатыр, көп ақпарат бар, бірақ соңына түсіп, айналысып жүрген тарихшы біздің ауылдан шықпай тұр. Әрине, оның да өз қиындығы, бөгеттері жетерлік.
Мұрағат құжаттарында алғаш кездесетін осы елдің адамдары туралы айта кетейін. Ең алғаш көзімізге түскені Нұрлан мырзаның әкесі Бәйсейіт, ол кісінің қарамағында 2 ауыл, 99 үй, 141 жылқысы, 23 сиыры, 8 170 қойы болғандығы жазылады. 207 ер адам, 306 әйел адам болған. Бұл жерде малдың саны кемітіліп жазылғаны анық, ал негізінде малды болған. Бұл 1834 жыл.
1844 жылы Дау-Түйте бөлімшесінде би болған, жеке қызметтік мөрі болған. Одан кейін кездескен есімдер Қодық Қабылов, Бодық Қабылов, Тентек Қодықов, Қырғызәлі Қабылов, Кенбай Қырғызалин, Бегалы Қабылов, Нұрлан Байсейітов, Тоқсейіт, Мырзасейіт, Қасқабай Мырзасейітовтер, Данияр, Алдияр, Райымбек, Тыным, Мырзағұл Баубековтер, Төресейіт-Жәнібек ұрпақтары, Тағай Мырзабеков және Тілеуберген, Арыстанбек ұрпақтары. Бұл 1840 жылдардағы тізім. Мына айтылған адамдардың ұрпақтарының көпшілігі осы ауылда тұрып жатыр.
1844-1846 жылғы тізімнен Айтпай ұрпақтарын кездестірдік. Ол кезде Айтекең тірі. Ретімен айтып өтейін. Айтпай Жанғұттин, Тоқабай Айтпаев, Қыпшақпай Айтпаев, Матыбай Айтпаев, Қашаған Айтпаев, Қалабай Айтпаев, Назарбай Айтпаев, Азнабай Боқтыбаев, Сатыпалды Айтпаев біздің ауылдың тізімінде жүр. Мұны мен адамдардың арасына жік салу үшін айтып отырған жоқпын, түрлі алып-қашты әңгімелерге тоқтау салып, кейінгі ұрпақ нақты жағдаймен таныс болсын деп айтып отырмын. Сондықтан дұрыс қабылдаңыздар.
1855 жылғы тізімде старшын Ақтайбек Арыстанбеков, Әдігене Қансейітов, Найзақан Құлматаев, Үйсінбек Әуелбеков және Жалықбас деген аталар бар.
Ал 1914 жылғы Ақшатау болысының №10 ауылында мына адамдардың болғаны жайлы ақпаратты айта кетейін: Құрақбаев Баймолда 48 жаста, Балалары Кәртай, Қасембай, Қамзабай. Құрақбаев Әлібай 29 жаста. Құрақбаев Қаймолда 55 жаста, баласы Әпен. Тентеков Молдабай 67 жаста, баласы Мұқырбай.Қоянбаев Өміртай 21 жаста, інісі Несіпбай 17 жаста. Қошанов Нұрбек 27 жаста, інісі Рақымбек 33 жаста. Қошанов Тикен 58 жаста, Қошанов Күйкен 59 жаста. Мұның бәрі осы ауылдың адамдары ұрпақтары осында отыр.
Кейбір деректе 1921-1923 жылдың бірінде осы ауылда мектеп ашылған. Ғұлама ғалым Дияқажы Қарқаралыдан мұғалімдер әкеп, елдің сауатын ашқан. Мектеп үйі кейінгі уақытқа дейін сақтаулы болатын. Ол үйдің бір басында ұста Нармағанбет ақсақал, екінші басында Сыздық ақсақал тұрған. Үйдің кірпіштері үшін бұзғанда қабырғаларының арасына жасырылған бидай шыққан. Ұмытпасам 200 килограмдай ғой деймін, мүмкін одан аз болар, бірақ бидай табылғаны анық. Қазір ол маңайда Диақажыға ескерткіш тас қойылған. 2006 жылы Алматыдан жиені София апай келіп қойып кетті. Сол сапар Алматыдан атышулы Амантай қажы келгені бар.
Мектеп жайын айтқанда осы ауылдан шыққан Ғайса Тоқтарбеков әкеміз туралы айтпай кетуге болмайды. Уфа медресесінде оқыған. Башқұрт мемлекетінің ата заңын жазуға атсалысқан, оқушыларға арнап оқулық жазған. Жақында қарқаралылық бір ғалыммен әңгімелескенімде, Қызыларай ауылында мектеп директоры болғанын айтты.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1928 жылға дейін елдің жағдайы жаман болған жоқ, бұрынғы ауыл қалпын сақтап, өмір сүрді. 1928 жылы Қарқаралы уезінің құрамында Шет ауданы құрылды, содан бастап елден береке кетті, ата-бабаларымызға біткен малды тартып алды, мына Толағай тауының түбінде кәмпеске жүрді. Ең ірі деген байларды Қостанайға айдады. Оған ең алдымен 17 мың жылқы біткен Адамбай-Тұрсын ұрпақтары ілікті. Жаппай ұжымдастыру жұмыстары жүрді, мал, ат-арба, соқа, тырма ортаға түсті.
1930 жылы дербес Шет ауданы құрылды. 1932 жылғы аштықта көптеген адамдар қырылып қалды. Осыдан 56-57 жыл бұрын өзен бойында сүйектер шашылып жататын. Қарағандыдан Балқаш қаласына ағылған ел өзенді сағалап жүргені белгілі. Көбісі жете алмай жолда өлді. Өкімет балық аулауға, аң аулауға қатаң тиым салды. Ол да ел басына түскен үлкен ауыртпалық болды. Тек Қарасу, Жылымсу бойындағы Айтбай ауылдары аштыққа ілікпеді. Олардың өздерінің жеке тоғаны, малы болды. Соған ие бола алатындай апайтөс азаматтары ауылын талапайға салуға бермеді. Сондықтан да болар, бұл әулет қазіргі уақытта бірталай шаңырақ болып отыр.
1931 жылдан бастап өкіметке қарсы шыққан, оқыған дейтін ел азаматтарын қаралау, жала жабу жұмыстары қауырт жүрді. Ел ішінен белсенділер шықты, өзіне ұнамаған адамдарды жоғарыға ГПУ-ге хабарлап көзін жойып отырды. Көрсеткен де, жала жапқан да, ұсталған да, оларды атқан адамдар алыстан келген жоқ, осы оныншы ауылдан шықты. Оның бәрі біртіндеп жарыққа шығып жатыр, оқып отырып түңілесің, біразын көзімізбен көрдік, ел ішінде беделі бар адамдар деп ойладық. Е.А.Бөкетов университетінің ректоры Н.Дулатбековтің жауапты редакторлығымен шыққан «1920-1950 жылдардағы Орталық Қазақстандағы репрессиялар мұрағат құжаттарының жинағы» деген кітапта саяси қуғын-сүргін саясаты жайында көптеген материалдар берілген. Ішінде біздің ауылдың жандайшаптары туралы ақпараттар бар. Ол жөнінде ештеңе ашып айта алмаймын, айтқым да келмейді. Әлі де кітаптар бар шығатын, мүмкін менің де жазбаларым кіріп қалар, 20 беттік материал бергенмін.
Басын бастадық, әрі қарай жалғастырайын.
1931 жылы Қызылеспеде толқу болды, көтеріліс десе де болады. Осы ауылдан Орманов Шәріп деген кісі болды ішінде. Омаров Әміржан да болуы мүмкін, өйткені ол кісі Қосдоңғал деген жерде мұғалім болатын. Орманов Шәріп өзен бойында ұсталды, Шетке апарып жауып тастады. Осы ауылдағы қарындас болып келетін туысы айран апарған екен, қарауыл адамдары бергізбей қойыпты. Содан Сычев деген ГПУ бастығы ұйымдастырып, 6 адамды түрмеден қашырып жіберген. Арттарынан отряд шығып, алтауын да атып тастаған. Атушының бірі Семенов деген орыс жігіті, екіншісі Керней азаматы. Бірақ атқандар оңған жоқ, өмірлері өксумен өтті. Қаныпезерлер қатарында Ақшатаудың адамдары бар. Олардың біреуі шіріп өлді, екіншісі аязда үсіп өлді, екеуінің артында ұрпақ жоқ. Зәбір көрсеткен адамның оңғаны болмайды, олардың біразын осы өмірден де байқауға болады.
1931 жылы 25 сәуірда НКВД жандайшаптары Шет өңірінен 180 адамды ұстады. Соның 70-ін атты. Оның ішінде осы елдің адамдары бар. Тек Кәрбан ақсақалдың ағасы Төлеубай қашып шығып, Ақтоғайдағы бір жиенінің құжатын алып, Талдықорған асып кеткен. Содан ұстатпай, сол жақта қызмет істеп аман қалған. 1939 жылы Әпеев Амантай ағамыздың әкесі Дәрібай да ұсталып, халық жауы есебінде ату жазасына кесілген.
1937 жылдың 3 желтоқсаны күні Ақсу-Аюлы селосынан 200 метр жерде үштіктің үкімімен 20 адам ату жазасына кесіліп, үкім сол күні орындалған. Олардың ішінде біздің елден Әйменбетов Әкбар, Сембаев Оспан, Есенғұлов Бөтей, Сауранбаев Есмұхан, Смағұлов Боранқұл, Жексенбин Қожабек, Өскенов Рымқұл, Тілегенов Әубәкір, Ботбаев Хасен деген азаматтар болды.
20 жылдан кейін алғашқы куәгерлер шақырылып, қайтарма жауап алғанда, 1937 жылғы айтқандарын мойындамады. Олардың тізімдері қолымызда бар. Өкініштісі, олардың ішінде біз білетін таныс адамдардың болғандығы.
Одан кейін 1941-1945 жылдар аралығында соғыс басталды. Көптеген азамат қайтпай қалды. Соғыстан аман-есен қайтқандары бейбіт өмірге араласып еңбек етті. Бүгінгі күні олардан ешкім жоқ. Олардан қалған бір белгі Айбай-Айтқұл азаматтары биылғы жылдың 9 мамырында аталарын еске алып, «Парыз» атты кітап шығарды, соғысқа қатысқандар жайлы ақпарат кіргізді. Тылда еңбек еткендер жайлы да ұмытқан жоқ, тіпті соғыс кезіндегі өз ауылындағы мектеп оқушыларының суреттерін де қосты. Ол оқушылардан да ешкім қалмады.
Соғыстан қалжыраған ауылшаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары жалғасты. Ел еңбекке жаппай жұмылдырылды. Жұмысқа шамасы келетін мектеп оқушылары, көзіміз көрген әжелер шаруашылықтың бар саласында еңбек етті, бос қарап отырған адам болмады. Айта кететін бір жайт, Шет ауданында 3 Социалистік Еңбек Ері болса, Қарқаралы ауданында 42 Социалистік Еңбек Ері болды. Оның себептері де жеткілікті. Біздің мән бермей жүрген шаруамыздың бірі аудандағы Еңбек Ерінің бірі біздің ауылға тиесілі. Біздің ауылдың малын бағып отырған Қайқыбасов Әбду ақсақал герой атанған. Барлық құжатта солай жазылады. Еңбек Ерлерінің жеке кітабы шыққан, онда да осы ақпарат тұр. Бұл мәселеге совхоз кезінде де мән берілмеді, сондықтан сол ағаттықты түзетіп, мектепке суретін іліп, оқушылар арасындла түсіністік жұмысын жүргізіп, осы арқылы ауыл еңсесін түзеуіміз керек. Мектепте Жүсіп Алтайбаев әкемізбен қатар тұрса, оның ешқандай сөкеттігі болмас еді. Жайна бұл сен қолға алатын жүмыс. Ертеде Жамбыл колхозының орталығы Қарасуда болған. Колхозда 1 200 жылқы, 300 сиыр, 200 түйе, мыңға тарта қой болған. Алты колхоздың ауылдық кеңесі көп жылдарға дейін біздің ауылда болды.
1951 жылы ұсақ колхоздар Ұйымшыл, Қызылөркен, Шетжарық, Жамбыл, Карл Маркс, Екпінді, Жалшы колхоздары біріктіріліп, Карл Маркс және Жамбыл колхоздары болып жеке шықты. К.Маркс колхозының орталығы Күзекадырда болды. Матаев Орынбай басқарма, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Әбдірахманов Аманқұл да осы ауылда тұрды. Мүмкін аз ғана уақыт тұрған болар. Мектеп те сонда болатын. Әбдірахымов Шәкен директор, Ақашев Ақат, Әпенов Есімхан, Сүлейменов Әділ, Хасенов Хамит және Мәриям атты мұғалімдер сабақ берген.
1956 жылы елімізге ендеп кірген тың игеру ісіне біздің ауыл азаматтары елеулі еңбек сіңіргенін мақтанышпен айтуға болады. К.Маркс колхозы Шет ауданында алғашқылардың бірі болып жоғарғы сортты бидай, арпа егуді қолға алды. Тың жерді игеруге комсомол жастар бригадасын ұйымдастыру Ибраев Амантайға тапсырылды. Механизатор курстары ашылып, ауыл жастары жүргізуші, тракторист, комбайнер мамандықтарын алып шықты. Олардың қатарында Исин Талғат, Кенбай Жексенбеков, Құлтай Әшірбеков, Рымқұл Әбдіғазин, Сапаров Беркін, Шөпбай Сағымбеков, Махаббат Әшімханов, Айдархан Жұмаханов т.б азаматтар болды. Сол кездегі механизаторлардың бірі Шонанов Қуаныш ағамыз бүгін ортамызда, 1957 жылы «Екпінді» колхозында еңбек етіп, 1995 жылы»Екпінді» шаруа қожалығын құрған. Кәкең туралы ауданымыздың құрметті ақсақалы Боранбай Жұмкин өз кітабында жақсы айтып өткен.
1958-59 жылдары колхоз орталығы осы жерге орналасты. Мектеп директоры Әпенов Есімхан болды.
1960 жылы жергілікті радио торабы іске қосылды, ол жылдары ауылдық кеңестің төрағасы Бәкіров Қадыр болды.
1962 жылы Шет ауданы таратылды.
1963 жылы 2 қаңтарда Ақшатау селолық советі Ақтоғай ауданына берілді
1964 жылы 31 желтоқсан күні қайтадан Шет ауданына қайтарылды.
Одан кейін 1963-1964 жылдары шаруашылықтар тағы да ірілендіріліп, «Ақшатау» совхозы құрылды. Совхоздың алғашқы директорлығына қарқаралылық азамат Әлиев Шакар тағайындалды. Партком хатшысы Тілеубергенов Кәрім, кәсіподақ комитетінің төрағасы Абақов Командир болды. Алғашқы бас мамандар Омаров Әміржан, Ибрайкин Жұмабай, Келесбаев Құлтай, Күзембаев Құрал, Бабаханов Амандық еді. Шаруашылықтың үш бөлімшесін Қойлыбаев Ләтіп, Тұрсынбеков Серік, Сыздықов Болат басқарды. «Ақшатау» совхозы кеңінен өріс ала бастады. Соның нәтижесінде шаруашылықтан «Қарабұлақ», «Ақшағыл», «Ақадыр» совхоздары және «Батыстау» бөлімшесі бөлініп шықты.
Шаруашылық мамандары Абақов Ғалы, Қалиев Қазақ, Дүйсембаев Алдаш, Құлақов Нәкен, Сағымбеков Жұман, Ақатбек ақсақалдар дүкен ұстады. Жанқұлов Нармағанбет, Күзембаев Орал, Мұқашев Сағат ақсақалдардың ел ішіндегі беделі жоғары болды. Олар ісмерлігімен, халыққа жасаған жақсылықтарымен көзге түскен ісмер ұсталар еді. Сұлтан, Кәрбан ақсақалдар тері ыстап, торсық тігетін мамандар болды. Өздерінің арнайы жасаған арнайы пештері арқылы халықтың сұранысын қамтамасыз етіп отырды.
1964-1965 жылдары К.Маркс мектебі орта мектепке айналды. Халық саны жеткілікті еді. Қарабұлақ ауылының оқушылары осы мектепте оқыды. Мектеп жанынан шопан балаларына арналған интернат ашылды. Мектеп директоры Тоқтарбеков Метхаттың ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығынан және ұстаздар қауымының білімі тереңдігінен аудан мектептері арасында алдыңғы орын иеленді. Мұғалімдер Әпенов Есімхан, Сүлейменов Әділ, Ақашев Ақат, Тілеумұханбетов Тілеуқадыр, Мұқатаев Аманбек, Уәдиев Қозы, Адамин Сәбит, Ақжанов Анарбек, Меделханов Амангелді, Жанқұлов Сейілхан, Исатаева Рысжан, Кенжебекова Шәрбан, Наркенова Багаж, Шахина Иісжан, Нұрбекова Зина, Зомбинова Шекер, Болпанова Шәкен, Әбілғазина Орынтай, Әділбаева Орынбасар, Асқарова Раиса, Құсайынова Дина, Мабиева Бақыт, Тәжібаева Үмітжан, Мақажанова Сәбира, Ибраева Қаншай, Шайкина Рая, Искакова Төлеужан, Құтжанова Айшатай, Ноғаева Майра мен оқыған кездегі мұғалімдер еді. 1967 жылы алғашқы ұстазым Исатаева Рысжан «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» деген жоғарғы атаққа ие болды. Бұл ауыл үшін де, мектеп ұжымы үшін де үлкен жетістік еді.
1967 жылдың 31 желтоқсаны күні ауылға жоғарғы кернеулі электр жарығы берілді. Бұл бір қуанышты жағдай еді. Сол күні Қамзабаев Амангелді мен Әбілғазина Орынтай бас қосып үлкен той болып жатқан. Оған дейін ауыл дизель моторы арқылы жарықтандырылып тұрған. Мектептің алдыңғы жағындағы екі бөлмелі үйдің бір жағында диірмен, екінші жағында жарық беретін дизель орналасқан болатын. Дизельде Құсайын ақсақал жұмыс істеді.
1973 жылдың 20 наурызында «Ақшатау» совхозы жаңадан құрылған Жезқазған облысының Ақадыр ауданына берілді.
1975 жылы қайтадан Шет ауданына ауыстық.
1978 жылы Шет ауданының құрамындамыз, ал қай жылы қайтадан Ақадыр ауданына қосылғанымыз жайлы ақпарат кездестірмедім.
Негізінде «Ақшатау» совхозында үш бөлімше болды, бөлімше меңгерушілері болып Қойлыбаев Ләтіп, Жексенбеков Кенбай, Әшірбеков Құлтай, Картаев Ерлен, Кәрібеков Бекбосын, Тұрсынбеков Серік. Қаңтарбеков Әбікен, Жұмашев Айтан, Сыздықов Болат т.б. ауылшаруашылық мамандары істеді. Әпеев Амантай, Әлібаев Амантай, Тойымбеков Әлғазы, Әміров Шәймерден, Жексенбин Киім, Иманбаев Кәніс, Таласбаев Керімбек, Жалықбасов Ермекбай сияқты алдыңғы қатарлы шопандар совхоз экономикасына зор үлестерін қосты. Аға шопан Исин Қасым облыстық советке депутат болды.
Совхозда бірталай жылқы болды. Жылқы фермасын Байманқұлов Кәріпжан, Ибраев Ғазиз, Әбілдин Азат, кейіннен Адығұлов Алдаберген басқарды.
Мал азығын дайындау қиын жағдайда өтті. Қиын болатыны жем-шөп қоры артылмайтын, дайындау жоспары орындалмайтын. Соған қарамастан механизаторлар қысы-жазы еңбектенетін. Тіпті басқа облыстардан, аудандардан, Ақдаладан шөп, сабан тайлайтын уақыттар жыл сайын қайталанатын. Айлап үй көрмейтін уақыттар болды. Механизаторлар Баймурзин Нұрбай, Сапаров Беркін, Тұрысбеков Төлеубек, Орманов Аманқұл, Жангарашев Алдан, Сүлейменов Мақсат, Ибраев Қаупай, Иманбеков Ғазиз, Хасенов Алдажан, Кенжетаев Жаңбырбай, Тонтаев Нығыбай, Әбдіраев Табылды, Ақашев Жанат, Исин Үмиян, Әбжанов Амангелді, Мәдиев Еркінбай, Шығанбаев Тойымбек, Сағымбеков Рақат, Омаров Кәрібай т.б. өнімді еңбек етті. Сматылов Ғаббасәлі, Мырзағұлов Боранқұл аз уақыт болса да осы бригадада шөп шапты. Бригадир Беркінбайдың техниканы терең білетіндігі жұмыс барысының жүруіне оң әсері болғандығын айтпай кетуге болмайды. Сейпішев Рақымжан, Әлібаев Найман да осы бригаданы басқарды. Бибаш әже, Орманова Ырзық жұмысшыларға дәмді ас дайындауымен есте қалды. Дала жағдайында ыдыстары жарқырап тұратын, ал дайындаған асының дәмділігі әлі есімізде, ойға түскенде әңгіме жасайтынымыз бар.
Біздің ауылдың ерекшелігі 1971 жылы «Комсомолдың 50 жылдығы атындағы қыздар бригадасы» құрылды. Бригада құрамында Сембаева Раушан, Уәдиева Қарлығаш, Баймурзина Сайлаукүл, Сағымбекова Нұрахан, Қаппанова Шәкетай, Ақылбекова Қамария, Қамзабаева Жәкіжан, Әбенова Рымтай, Тонтаева Гүлсім, Байжанова Сәуле, Махметова Оркен, Исина Қанаткүл, Балантаева Нұрғайша, Күйкенова Райхан, Смағұлова Сәуле, Сағымбекова Нәскен сынды механизатор қыздар еңбек етті. Рымтай мен Гүлсім кеуделеріне орден тақты, Гүлсім сьезд делегаты, тексеру комиссиясының мүшесі болды.
Шаруашылықтың негізгі жүрегі МТМ мен автогараж еді. Жас кезімізде көрдік, дәнекерлеуші Сейпішев Есімхан электродты қолдан жасаушы еді. Сол кісілер өңіріне бір медаль тақпай кетті. Дәнекерлеушілер
Айдарханов Құрымбай, Қамзабаев Жеңіс тынбай еңбек етті. Әсіресе Ахметбеков Тұрсын мен Әбілқасымов Оразханның білгірлігін бүкіл механизатор қауым орынды мақтан ететін. МТМ меңгерушісі Шононов Қуаныш науқанды жұмыстарда бел шешпей еңбек ететін. Сол еңбекқорлығы арқасында совхоздың бас инженері қызметіне көтерілді. Бас инженер Жексенбеков Кенбай ағамыздың уақытында механизатор қауымының дәрежесі жоғары болғаны анық. Совхоздың алғашқы бас инженерлері Ахметжанов Мұрат, Аманжолов Жұмақас, Сатыбалдин Мағауия болатын.
Нұртазин Көбен басқарған автогараж ұжымының жақсы жұмысын айтпай кетуге болмайды. Автомобиль жүргізушілердің ішіндегі ең үлкені Шоқпаров Жексенбай әкем еді. Ол кісіні барлығы да сыйлайтын, ауыл халқы «дөй шопыр» деп орынды мақтан ететін. Одан кейінгі ізбасары от ауызды, орақ тілді дейтіндей уытты азамат Қодаров Қияз әкеміз болатын. Ермекбаев Омар ақсақалдың да ел ішіндегі беделі айтарлықтай болды. Әр адам бір-бір кітап. Автогаражда Сағымбеков Шөпбай, Қабылдин Мақсатбек, Сембаев Бірлік, Қамзабаев Амангелді, Смайылов Аскен, Күйкенов Түгелбек, Қонақбаев Кентай, Тонтаев Нығмет, Салғиев Таңкен, Қалиев Серғабыл, Нәкенов Егінбай, Қойлыбаев Райысбек, Тұрсынбеков Оразбек, Тұрсынбеков Аманбек (кейіннен механик болды) Қалиақпаров Байкен, Омаров Бөкенай, Әбенов Алпысбай, Спатылов Ғаббасәлі, Мырзағұлов Боранқұл, Сәлімбаев Төлеген, Омаров Бөкен, Сүлейменов Құлатай, Рақыжанов Қоңырат бекітіліп берілген техникаларына ұқыпты болды.
60 жылдан астам уақыт ішінде ауылды талай адам басқарды, біразын жоғарыда айтып өттік. Әлиев Шакар, Оспанов Байеді, Шарипов Амангелді директор қызметтерін атқарды. Тілеубергенов Кәрім, Бұхаров Белтай, Жақсыбеков Социал бастауыш партия ұйымына жетекшілік етті. Бәкіров Қадыр, Телмағанбетов Майкен, Жәшкеев Елубай, Кәріпжанов Естай, Шармұқанбетов Арғын, Меделханов Амангелді селолық кеңестің аппаратында қызмет етті. Көптеген жігіттер мал шаруашылығы, егін шаруашылығы саласында өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Абақов Командир, Матаев, Жансеріков Амангелді, Бакиров Қонақбай кәсіподақ ұйымын басқарды. Омаров Әміржан, Нәкенов Еділбай, Малтабаров Саян, Сабырбекова Думан есеп жұмыстарына басшылық жасаса, Қойлыбаева Райса, Ақнұр, Смағұлова Ғалиябану зкономика саласында қызмет етті.
Сапуанов Медет, Шарипов Совет, Тоқтарбеков Рахат, Елубеков Мәтбай, Смайылов Кәріғұл, Мұқатаев Имантай, Тохметов Есенбол мал шаруашылығы саласында болды.
Ауыл туралы көп айта беруге болады. Жоғарыда көптеген адам қамтылмай қалуы мүмкін. Уақыт бәрін де көмескілендіреді. Тағы да көптеген айтатын тарих бар, оның бәрін бүгін айтып шығу мүмкін емес. Осы айтылғанның бәрі және ұмытылған есімдердің еске түскені қағазға жазылады, газет бетіне шығады, ауылда қанша үй болса, сонша газет мектеп басшысы Мұқашева Жайнагүлге жіберіледі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы аясында еліміз бойынша еңбек адамын ұлықтау шаралары басталып кетті. Осы орайда қалада тұратын бір топ ауыл жастары Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Жарылғап батыр ауылында жұмысшы мамандық иелерін марапаттау рәсімін ұйымдастырды. Бұл шараның басты ұйымдастырушысы осы ауылда туып өскен Қайрат Амангелдіұлы Жансеріков болатын. Ауыл азаматтары Д.Бақаев, А.Ағжанов т.б. игілікті іске қолдау көрсетіп, көпшілікті жұмылдыра білді.
Игі шара барысында түрлі салада еңбек етіп жүрген ауыл тұрғындарына облыс әкімінің, Шет ауданы әкімінің «Құрмет грамоталары», Шет аудандық мәслихатының Алғысхаттары табысталды. Жұртшылықпен етене жұмыс жасап келе жатқан «Ақжол» партиясының Қарағанды филиалы бұл шарадан тыс қалмай, партия төрағасы Е.Т.Әбілдиннің атынан ауылдағы 10 еңбеккерге Алғысхат жолдады.
Сонымен қатар, ауылшаруашылығында көп жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан бір топ ардагерлерге төсбелгілер тапсырылды. Шет аудандық оқу бөлімі үш мұғалімге мерекелік медаль, бір қызметкерге Алғысхат тапсырды.
Салтанатты сәтте ауыл халқы партия өкілдеріне және жетекшілеріне ризашылықтарын білдіріп, мұндай құрметтің болашақ ұрпаққа үлгі болатынын атап өтті. Сонымен қатар ел ішіндегі бірлік пен еңбектің маңызын ұлықтаған бұл бастамаға Шет ауданынеың білім бөлімі, Шет ауданының «Аманат» және Қарағанды облысының «Ауыл» партиялары, Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Көкбөрі Керней баба» ҚҚ қоры да өз үлестерін қосып, еңбек адамына деген құрметтің биіктей түсуіне атсалысты.
Шет ауданы әкімдігі, Шет аудандық мәслихаты, Ақшатау ауылдық әкімдігінің жанды көмек көрсеткендігін айта кеткен орынды.
Қарағанды қаласынан барған ел азаматтары Ә.Жұманов, Б.Санбаев, А.Әбілдин, Қ.Тұрсынбеков, А.Қалиев, Е.Тоқтарбеков ауыл халқына тілектестігін білдіріп, игі тілектерін жолдады.
Бұл – қарапайым еңбек иесінің ел үшін маңызын айқындайтын, қоғам назарын қарапайым жандарға бұратын тағылымды бастама. Еңбекке құрмет – елге құрмет екені осы жолы тағы бір мәрте дәлелденді.
Аңғар СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
