Ақадырдағы атаулы кеш

Республика күні – халқымыздың тарихындағы ерекше белестің бірі. Өйткені дәл осы күні, яғни 1990 жылдың 25 қазан күні қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы мен азаттығының бастауы болған. Бұл күні мемлекетіміздің егемендігі туралы Декларация қабылданды. Ол құжат – біздің еліміздің тәуелсіздікке деген алғашқы нақты қадамы еді. Ол күн – ел болашағының, ұлт рухының қайта жаңғыру күні болды.

Еліміздің басты мерекесіне орай Ақадыр кентінің әкімдігі мен Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен салтанатты жиналыс және «Көк туым менің» атты мерекелік кеш өтті.

Кештің салтанатты ашылуында жиналған қауымды кент әкімі аппаратының бас маманы Г.Б.Тасырбаева құттықтады. Сонымен бірге кенттің мекемелері ұсынған бір топ адамдар кент әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.  Кент тұрғыны, көпбалалы ана Эльмира Алтайқызы Жүнісоваға алты бала тәрбиелеп өсіргені үшін «Күміс алқа» белгісі салтанатты түрде  табысталды.

Мерекелік концерттің шымылдығын ауданымызға белгілі «Бақыт мекені» ансамблі «Бір ел болса» әнімен ашты. Кеш барысында айтулы ансамбль көрермендерге тағы да бірнеше әндерін орындап шықты.

«Күрең күз», «Қара көз қалқа» атты әндерді Өспен ауылынан келген қонақтарымыз Ағыбай Шырқа мен Мирас Ноян дуэтпен және жеке орындауда нақышына келтіре шырқап берді. Мың бұралған «Асылым» тобының қыздары «Қазақ биін» орындады. Ал енді дәстүрлі әнші Дастан Мұттасар С.Сейфулиннің «Тау ішінде» әнін әуелете шырқады.

Айзада Рыспекованың «Алтынай», Дана Данабекованың «Қазағым сөнбесін», Алмаз Қайраттың «Алыста» әндері көрермендердің көңілінен шығып жатты.

«Айналайын» хор ұжымы «Тәуелсіз ел ұраны» әнін орындаса, кенттегі Өнер мектебінің жеті жігіттен тұратын жаңадан ашылған «Үкілі домбыра» ансамблі «Ерке сылқым» күйін ұсынды. М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебі оқушыларының орындауында «Көк туым көтерілді бағым жанып» композициясы да ойдағыдай шықты.

Мерекелік бағдарламаның соңы «Замандастар» ансамблінің сүйемелдеуімен Алшағыр Жақаевтың орындауында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Кешті мәдени-сауық орталығының қызметкерлері Айзада Қуанышбаева мен Аслан Сапарбек аса шеберлікпен жүргізе білді.

   Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті