Ақбелдегі қоныстой

Қарағанды облысына қарасты Бұқар жырау ауданы Ақбел ауылында қоныстой ерекше тойланды. Ақбелдіктер Әсия Қабдолла туралы «Amanat»  партиясының әлеуметтік желідегі парақшасынан оқып білген.  Соның арқасында ауыл тұрғындары 6 баласы бар жалғызбасты анаға үйлі болуға көмектесті.

Жомарт халық қиын жағдайда далада қалған әйелді 6 баласымен бірге өз  ауылдарына көшіріп алды. Көпбалалы ана ең алдымен «Amanat»  партиясының Қарағанды облыстық филиалынан көмек сұраған болатын. Белсенділер әлеуметтік желі арқылы Әсияға көмектесуге шақырды.

Алты баланың анасы Әсия Қабдолла 41 жаста, кішісі 5-те, үлкені 15-ке енді толады. Әйелдің айтуынша, күйеуі бірнеше жыл бұрын өрімдей балаларымен тастап кеткен. Басындағы пәтерін баласын емдету үшін сатып жібереді де Өскеменнен Қарағандыға көшіп келеді. Балапаны сауықты. Алайда бірнеше жылда несиеден несие алып ары-бері пәтер жалдап көшіп жүрді. Уақытша оңалту орталықтарын да сауғалапты. Ақыры күнелту қиынға соққан соң балаларының ұстаздарының кеңесімен «Amanat» партиясынан көмек сұрайды. Белсенділер дереу әлеуметтік желі арқылы қайырымды жандар іздей бастаған. Көмекке Бұқар жырау ауданына қарасты Ақбел ауылының тұрғындары келді. Отбасына ауылды көрсетіп ұнатқан соң көшіріп алған.

– Басында тұруға үй таптық. Керек заттармен қамтамасыз еттік. Алдағы уақытта бұл кісіні жұмысына орналастырып тағы да басқа үлкен үйге көшіреміз деген ниетіміз бар, – дейді ауыл тұрғыны Абай Жапаров.

Тұрғындар ақша жинап азық-түлік уақытша баспана берумен тоқтамайтындарын айтады. Ұстаздарға Әсияның балалары да қатты ұнаған, шетінен білімге құштар дейді. Ендігі мақсаттары – Әсияны мектеп асханасына немесе салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктке жұмысқа орналастыру. Алайда көпбалалы ананың өтелмеген несиелері бар, шоттары бұғатталған. Борышкерге кешірім беруді «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында арнайы комиссия қарап жатыр.

Әсияның бар тілегі – қарыздарына  кешірім алу. Сонда ғана ол ресми  түрде жұмысқа орналасып, өз кәсібін бастай алады.

– Ақбел ауылының тұрғындарына, әкімшілікке, мұғалімдерге, осында жол сілтеген «Amanat»  партиясының қызметкерлеріне өте қатты ризамын. Менің балаларым да осы халықтың үмітін ақтайтын мықты бір азмат болатынына сенімдімін. Менің ризашылығым сол болады деп ойлаймын, – дейді бақытты ана.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *