«АҚ БИДАЙ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Қыркүйек айының 11-21 күндері Алматы облысында «Ақ бидай» республикалық VIIІ ауыл спорты ойындары өтті. Бұл жарыс төрт жылда бір мәрте өтетіндіктен олимпиада ойындары секілді ерекше маңызға ие. Дүбірлі додада еліміздің 17 облысынан келген ауыл спортшылары 20 спорт түрі бойынша бақтарын сынады.

Ауыл спортының басты жарысына Қарағанды облысының командасы, оның ішінде Шет ауданының жекелеген спортшылары да қатысты.

Дәстүрлі садақ ату спорт түрінен команданың сапында Ақадыр кентінің Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Жеңісов Нұрбол  30 метр Жамбы нысанасы бойынша алдына жан салмай, жеңімпаз атанды. Жерлесіміздің осы үлкен жеңісі оның Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алуға және дәстүрлі садақ атудан республикамыздың Ұлттық командасының сапына қабылдануына жол ашып отыр.

Сонымен бірге жарыс нәтижесінде Шет ауданының садақшыларынан құрылған (2 спортшы Ақадыр, 2 спортшы Ақжал кенттерінен) командамыз ұпай саны негізінде жүлделі ІІІ-орынға тұрақтады.

Ал енді әйелдер арасында ақжалдық садақшы, «NOVA-Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Кәдірман Әйгерім 50 метр Қалқан нысанасы бойынша жүлделі екінші орынды, Осакаров ауданынан барған кәсіпкер Сархытхан Жанар 60 метр Пута нысанасы бойынша екінші орынды жеңіп алды. Қыздардың үлкен жетістігі облысымыздың  командасының әйелдер арасында жалпыкомандалық есепте ІІ-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді.

Жерлес спортшыларымызды үлкен жетістіктерімен құттықтап қояйық!

Қ.БЕКҚОЖИН,

 Ақадыр кенті