Ақшатаудың айтулылары

Жақсыменен дос болсаң,
Алдыңнан шығар елбектеп. 
Жаманменен дос болсаң,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.

(Махамбет)

Кенішті қаланың аз ғана уақыт болса да құрметіне бөленіп, жарық көре бастаған «Арқа ажары» атты аймақтық қоғамдық-саяси газетін оқып отырмын. Ораза айының 12 жұлдызында (2026) жарық көрген үн парақтың тұтастай бір бетін алып тұрған, «Еңбек адамы» деген айдар тағылған, «Ата кәсіп пен асыл өнерді қастерлеген ел адамы» атты Аңғар Смағұлдың мақаласына назар аудардым.   Кейіпкері бұрын «Ақшатау» совхозы, кейін «Жарылғап батыр» ауылы болып өзгерген елдің азаматы Ғаббасәлі Егінбайұлының еңбек жолына арналыпты. Тайға таңба басқандай қылып, ерекшелей берілген кейіпкерге қатысты «Ақжол» шаруа қожалығының негізін қалаушы және басшысы, «Құрметті ардагер», «Ерен еңбегі үшін», «Батыр шапағаты», «Ауылдың құрметті азаматы» төсбелгілерінің, «Дүниежүзілік Даму Банк» мемлекеттік грант иегері, «Қараөткел» халықаралық мал шаруашылығы көрмесінің жүлдегері марапаттарына  еселі еңбегімен жеткендігі жайында автор тарапынан жан-жақты мәліметтер берілген екен. Мақаланың соңына келгенде, «жазылған жайдың бәрі шындық, Арқаның адал да абзал азаматына  лайықты баға беріліп, ақиқаты айтылған екен» дегенді құптап, қуанышты сезіммен қайталай бердім.

Қалам қайратын көрсетіп отырған Аңғар Смағұл да еңбекпен есейіп, ел мен жер шежіресін жазып жүрген сол ауылдың азаматы. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді» дейтін халық нақылы осындайда еске түседі. Кейіпкер мен автор – екеуі де маған жақын жандар.

Ақшатау елі қайын жұрт болғандықтан, ертеден байланысып, көптеген азаматтармен сыйласып, әзіліміздің жарасқанына да қырық жылдан астам уақыт болыпты.

Мақаладағы Ғаббасәлі мен Бағдат біздің үйдегі Сәуленің сыныптастары. Ертерек таныссақ та, Кеңес дәуірінде жиі кездесіп, емен-жарқын араласа алмадық. Дей тұрғанмен, Ғаббасәлінің сол кезде техниканың тілін жетік меңгерген, еңбегімен ел аузына іліккен азамат екендігін еститінмін. Қарағанды, Жезқазған өңіріне айтулы асаба атанып, жиын-тойлардың көркін қыздыратыны көпшіліктің әңгімесіне айналған. Осы кезеңде Ақшатау өңірінен шыққан, әйгілі әнші Гүлбаршын Ақпанованың өнерін көпшілік радио-теледидардан тамашалап, көрермендерден лайықты бағалар берілетін еді. Сол айтулы әншіден тәлім алған Ғаббасәлінің талай өнер додаларына қатысып, топжарғаны да мәлім. Айтыскер-ақындық қабілет те бұл жігітке бұйырған. Бұған мектепте бірге оқып, балалық шақты бірге өткізген Бағдат екеуінің қол ұстасқан тағдырын қосыңыз. Өсірген ата-аналары мен дүниеге келген сәбилерінің қызық–қуаныштары өз ауыздарынан аңыз болып айтыла бермек. Ерлі-зайыптылардың Ақшатауды қимайтындары, ауыл адамдарын айрықша сыйлайтындары содан болса керек. Кезінде екеуі де жоғары білім алуға ұмтылған, ата-аналары да қадамдарын қош көрген. Алдарынан білім жолы есігін айқара ашса да, бұл екеуінің егде тартқан ата-аналарын қалдырып кетуге жүректері дауаламаған… Жастық жылдардың жылнамасы осылайша жылжып өткен.

Күркіреген Кеңес дәуірі келмеске кетіп, ауыл жұрты қалаға қоныс аудара бастады. Туған жерді қимайтындар болмаса, балалары «қалаға көш» деген соң, біраз адамдар қала мен аудан орталықтарына  қоныс аудара бастады. Ғаббасәлі мен Бағдаттың балалары да ержетіп, қаладағы таңдаған оқу орындарына оқуға түсті. Отбастарын құрып, қала халқына айналды. Ақшатаудың қос қарлығашы ата жұртта қалуды ұйғарды. Екеуі бірден өскен ауылда «Ақ жол» шаруа қожалығын құрып, ата-бабалары кәсіп еткен мал шаруашылығымен айналысты. Алғашқы қиындықтарды еңсеру  оңай болмады. Өзінің ізденістері мен оқыған кітаптары Ғаббасәліге көмегін тигізіп, бірте-бірте ісі оңала бастады. Малдың бабын табу, асылдандыру, жем-шөп мәселелерін шешу, өсімін көбейту — барлығы білім иен тәжірибе арқылы іске асатынына көзі жетті. Алғашқы жеткен жетістігіне ауыл жұрты алғыс айтса, одан әрі аудан, облыс, республикаға есімі белгілі болды. Жоғарыда аталған мақтау мен марапаттар сол төккен тер, еселі еңбектің арқасында келген еді.

Мына біздерге сол өліара шақтан аман-есен өту кезінде бір-бірімізге жақындасып, жиі жолығысулардың сәті түсті. Ғаббасәліні Қаңқай десек, Бағдатты Баға дейміз. Сәуленің айтуы бойынша мектептен солай атайды екен. Балалық шақта еркелетуден туған екінші есім әркімде де баршылық. Бір жағынан «көз тимесін» деген ырымнан туған болса керек. Мен де көбінесе Қаңқай, Баға деген есімдерге үйреніп кеткен екенмін. Бұрынырақ алыстан амандық-саулық сұрассақ, бүгіндері бір-бірімізбен кездесіп тұруға асығатын болдық. Әйгілі ғалым, дарынды физик В.Франклиннің «Туыстың дос бола бермеуі мүмкін, ал дос әрдайым туыстай бола алады» дейтіні бар. Біздің отбасыларымыздың арасында сондай самалдың есіп тұрғаны анық.

2022, 2025 жылдары  К.Маркс атындағы орта мектеп түлектерінің 47 және 50 жылдық кездесулері өтті. Әңгімеге арқау болып отырған Қаңқай мен Баға, біздің Сәуле, бірге оқыған Үміт пен Қуантайлар өткізудің шараларына алдын ала дайындалып, қызу кірісіп кетті. Осы істің  көпшілігін еңсеріп, кездесудің сәтті өтуіне көп үлестерін қосқан Қаңқай мен Баға десем, артық айтқандығым емес. 47 жылдық кездесудің келесі күні екі қойын әкеліп, жиналған жұртты дәмі ауыздан кетпейтін қуырдақ пен кәуепке қарық қылған да солар еді. Сол сыныптастарының біразы қалада, аудан орталықтарына қоныс аударғанда, ауылда қалып, сол ауылдың көсегесін көгертуді қалағандар қатарында тұрған тағы да Қаңқай мен Баға екен. Сол күні осындай аяулы жандарға алғыстың ақ жауыны төпелеп жатты.

Жүрген ортасы мен отырыстың сәні болып жүрген Қаңқайдың тамылжыта салған әндерін естідім, аз да болса өткен-кеткен сырларына қанықтым. Әйтсе де маған Қаңқай балалық шақтан бірге өсіп, біте қайнасқан, жаныма жақын адамымдай болып көрінеді. Мұның себебі, бәлкім, көңіліміздің бірлігінен болар деп ойлаймын. Қашан көрсең, жарқылдап күліп, аңқылдап жүретін Қаңқай мен Бағаның біздерге деген құрметтерін Сәуле екеуіміз ризашылықпен айтып, тауыса да алмаспыз. Көңілге түйгенім — мұндай жандардың мына өмірде сирек болатыны.

2023 жылы  университет жолдамасымен Жамбыл облысындағы «Мерке» сауықтыру санаториясына бір топ ғалымдар барып, ем алдық. Демалыстың алғашқы екі-үш күні өткенде, біз орналасқан қонақжайдың кезекшісі аула сыртында Сәуле екеуімізге бір адамның  жолығуға келіп тұрғанын айтты. Ойланып қалдық. Бұл жерде бізді іздейтіндей ешкім жоқ. «Кім болды екен?» деген оймен сыртқа шықтық. Алдымызда түсі жылы, ұлты тәжік жігіті тұр екен. Сол біз демалып жатқан жерде тұратындығын, өзінің Қаңқай, Бағамен жолдас екендігін, сол екеуінің біздерге арнайы жіберген сәлемдемесін алып келіп тұрғандығын айтып, үлкен сый табақ толы, буы бұрқырап, келістіре қуырылған ыстық қуырдақ пен кәуапты тарту етті. Бұған жеміс-жидектер мен тәттілерді қосыңыз. Күтпеген жерден келген мұндай тосын сыйға қатты қуанып қалдық. Өздері шалғайда жүрсе де, біздің қамымызды ойлаған осындай достарымызға қалай риза болмассың? « Бұдан артық сый-қошемет бола ма?» деп, сүйсіндік.

Достарымыздың жіберген тағамдарынан бізбен бірге барған барлық әріптестерімізге дәм татқыздық. Сәуле болса, «менің кластастарым-осындай адамдар» деп, мақтаныш сезімін айтып жатты. Әріптестеріміз бір жағынан, таң қалып, екінші жағынан, үлкен  ризашылықтарын білдірді.

Шынайы достықтың осындай болатындығына тағы бір мәрте көз жеткізген біздер Қаңқай мен Бағаға өмірдің барлық жақсылықтарын тілеп, телефонмен тілдесіп, рақметімізді айттық. Бұл — біздің өміріміздегі байланыстың бір ғана үзігі еді.

Жас кездерінен Жаратушының өзі сұлу етіп жаратқан бұл жандардың сырты ғана емес, ішкі әлемдері де сондай сұлу екендігі көптің алғысынан аян. Қос ғашықтың жастық жылдары мен бүгінгі шаттығы шалқыған шаңырағы да солай дейді. Ішкі әлеміңді әдемі әуезді әуен тербеп, Ақшатау ауылының алау гүлдері мен шалғынды балаусасының иісі келеді. Туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік, адал махаббат осындай жандар арқылы жүрекке жылылық, адамдар арасына шынайы достыққа жол салады.

Иә, олар мәңгілік Ақшатаудың айтулылары болып қала береді.

Берік РАХЫМОВ,

Бөкетов ұттық зерттеу университетінің профессоры