Туған жерге тағзым. Биыл Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылының құрылғанына 60 жыл толып отыр. 1964 жылы қой шаруашылығын дамыту мақсатында Совхоз болып құрылды. Кіндік қаны тамған жеріне қандай азаматтың болсын қандай да болсын еңбек сіңіргісі келері хақ. Жырақта жүрсек те елдің кішкентай жақсы жаңалығын естісек соған марқайып қуанып қаламыз. Биыл Ақтау ауылының 60 жылдық тойы тамыз айында аталып өтпек осы қарсаңда менде сол Ақтауда қой шаруашылығын дамытуға үлес қосқан әке-шешем туралы естелік жазуды жөн санадым.
Ақтау ауылының тұрғыны болған Елубайұлы Айдархан 1922 жылы Жаңаарқа ауданының Алғабас ауылында дүниеге келген, сол ауылда еңбек етіп жүріп, жаңа совхоз құрылып жатқанын естіп 1967 жылы Ақтау совхозына көшіп келіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін шопан болып Ақтау ауылының қой шаруашылығын дамытуға үлес қосты.
Әкем көзі ашық, көкірегі ояу адам болған 1938 жылы Жаңаарқа ауданында тұңғыш баспахана ашылғанда газетте әріп теруші болып еңбек еткен. 1941-1944жж. Ұлы Отан соғысына қатысып қатты жараланып (оң жақ иығына оқ тиген) әскери госпитальда емделген соң соғысқа жарамайсың деп ауылға қайтарған екен. Содан ауылға оралған соң, анам Смағұлқызы Жұмагүлмен отбасын құрып 14 бала дүниеге әкеліп, тәрбилеп өсірді.
Әкем өмірден ерте кетті (1922-1982жж.) небары 60 жасында өмірден өтті. Мінезі бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын, шыншыл адам болды. Өтірікті жаны жақтырмайтын, адамға жағынып, өтірік көлгірсіп жағымпаздануды білмейтін. Қандай жағдай болса да бетке айтатын тік мінезді еді. Биыл әкемнің дүниеден өткеніне 42 жыл болады.
Анамыз Елубаева Жұмагүл Смағұлқызы он саусағынан өнер тамған нағыз шебер болды. «Шіркін, Алланың жазғанына көнесің ғой, жазмыштан озмыш жоқ деген. Амал не?» Ғұмыры тым қысқа болды. 1930 жылы дүниеге келді, 1984 жылы небары 54-ақ жыл өмір сүріп дүниеден өтті. Асыл анамның дүниеден өткеніне 40 жыл болады. Анам алтын құрсақты Батыр Ана. Бүгінгі күнде ұрпақтары, немере, шөбелері өніп-өсіп жатыр Аллаға шүкір!
Ана, сені мәңгі мақтан етемін, сендей Ана тарту еткен тағдырыма ризамын. Ана барлық өмір бастауы. Адам басындағы барша асыл қасиет күннің нұрынан, Ананың сүтінен дариды. Кез-келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Себебі Ана –
Ұлы адам, құдіретті жан. Жарық дүниеге әкелген адам. Сондықтан да бәріміз ананың алдында басымызды иеміз. Шынымен ананың ақ сүті, ыстық алақаны мен мейіріміне тең бұл әлемде ештеңе жоқ. Адалдық пен мейірімділік, еңбекқорлық пен парасаттылық, ақжарқын кеңділік, сыйластық, сұлулық, жібектей мінез, ерекше қамқорлық, барлығын да бір өзіңнен сезінетін едім анашым. Анам Жұмагүл ақкөңіл, ұстамды, таза, адамгершілігі мол жан еді. Іскерлігі керемет, киіз басу, оюлап тұскиіз, текемет, сырмақ, құрақ көрпе дегендерді оюлап түрлендіре жасағанда көздің жауын алатын, қазақтың ұлттық киімі шапан, тымақ тігетін еді. Анамның қолынан шыққан балдай дәмді ірімшігі мен құртын, қазы-қартасының дәмін әлі күнге дейін көзі көрген қариялар мен туған-туыстар бас қосқан кезде тамсана еске алып отырады.
– Шіркін…Жакүлдің (анамды еркелетіп Жакүл дейтін) ірімшігінің дәмін-ай…әлі күнге есімізде, – деп. Анамыз ағайын-туысқа мейірімді, қарапайым, сабырлы, көпшіл ақкөңіл жан еді. Бала болсам да есімде (мен ол кезде 8-9 жастағы баламын) үйден қонақ арылмайтын, анамның қара қазаны оттан түспейтін.
Бүгінгі күнде ұрпақтары Қарағанды және Ұлытау облыстарының әр аудан, ауылдарында және әр қалада, әр салада еңбек етіп жатыр қызы Елубаева Мейрамгүл Мәдениет саласының үздігі, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары. Кенже қызы Берлібекова (Елубаева) Сағат Қарағанды қаласында «Ақбөпе» балабақшасында әдіскер болып қызмет жасауда. Ақтау ауылындағы қара шаңырақта кенже ұлы Сәндібай тұрып жатыр, оның да 1 қыз, 3 ұлы бар бүгінгі күнде жеңгем Жанар екеуі ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырып отырған отбасы. Айдархан әулетінің ұрпақтары өсіп өнуде, бүгінгі күнде 14 баласынан тараған ұрпақтары әр салады еңбек етуде, көзі тірі 11 баласы (ұлдары) ақ сақалды ата, (қыздары) ақ жаулықты әже болып немере сүйіп, алды шөбере сүйіп отырған жайы бар. Аллаға шүкір. Орнында бар оңалар деген осы шығар.
Иә, перзенттері үшін әке мен шешенің орны бөлек, құрметі де ерекше. Қанша іздесең де орны толмас сағынышқа айналған ата-анаң өмір темірқазығы бола берері сөзсіз. Жандарың жәннатта болсын деймін. Әке-шешемнің ақыл-кеңесі, берген ұлағатты тәлім-тәрбиесі мені өмір бойы адастырмай алға жетелеп келеді. Әрине әке-шешемнің берген тәрбиесі ақылы болмаса менің бүгінгі жетістіктерге жете алмайтыным айдан анық. Тәрбиенің кілті ананың қолында, ең құнды мектеп – отбасы мектебі. Әке мен Ананың махаббатына бөленіп, шуағына жылынып, мейірім бұлағынан сусындаған баладан нағыз адал, шыншыл, инабатты адал адам шығары сөзсіз.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі.
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары