Ақтоғай ауданына басшы болып келген Ниханбай Иманғалиұлының сабырлы, іскер, мәдениетті, кісілік қасиетінің арқасында аз уақыт ішінде халық арасында жақсы пікір қалыптасты. Нихаң қиын жағдайдағы кедергілерді әріптестерімен бірлесіп, ақылдасып шешіп біліктілікті, ынтымақтастықты қамтамасыз етті. Жақсы бір қасиеті өзім білемге салынбай, қызметі жоғары болса да өзінен төменгі тұрған қызметкерге жұмысты күштеп таңбайтын. «Осылай істесек қайтеді» деп өз ұсынысын айтатын, сенің пікіріңді тыңдайды, салыстырады, түптің түбінде осы дұрыс-ау деген бағытқа ойысатын.
Жастарға жақын болды. Барған жерінде көзге түсіп қалған, ұнаған жастарды шақырып алып хал жағдайын сұрап қажетті деректерін өзіне сақтап алатын және ұмытпайтын. Соның нәтижесінде үш жылда әр салаға жоғарғы білімді 99 кадр маман алынды. «Қолдарынын келмейді-ау» деп қорықпайтын, олар қалыптасқанша қамқорлық көрсетіп ақылын айтып сырттарынан қорғаштап жүретін. Қай ортада кездессе де әркімнің жасы, қызметі, әлеуметтік жағдайына қарамай, бірдей сыйлап, құрметтеп, әңгімелесіп ауданда болып жатқан жаңалықтар, атқарылып жатқан жұмыстар, болашақтағы ойларын айтып бөлісетін, ұсыныстарын тыңдайтын.
Ауданның барлық елдімекенін бірнеше мәрте аралап шықты. Одан жалықпайтын, кейбір күндері 1 000 шақырым айналатын уақыттары болды. Ауданға басшылық жасаған жылдары аянбай тер төгіп, қажырлы еңбек атқарды, артында атқарылған толағай істері мен іздері қалды.
Ауданның нақты секторында, өндірісте, ауылшаруашылығы бойынша өсім көрсеткіштері айқын болды. Келе сала бірінші кезекте ауданның проблемалық мәселелері, оны шешудің жолдары, қажетті қаржы көлемі (4,5 млрд) нақтыланып, бағдарлама жасалынды. Дайын болған соң облыс әкімінің қатысуымен облыстық басқармалар алдында қорғалды. Бұл жаман болған жоқ. 84 нысан (клубтар, мектептер, емханалар), көше асфальттары, көше жарықтары, жолдар, электр энергиясы, аудан орталығындағы «Алаш алаңы», училищенің жатаханасын жастар білім үйіне айналдыру, 160 орындық спорт кешені жұмыстары қолға алынды. Мектептерге бала тасуға пазиктердің орнына иномарка автобустар, газельдер алынды. Қарағанды-Ақтоғай бағытында ескі ПАЗ автобустарының орнына сиымдылығы жоғары шетел автобустары қатынайтын болды. Ұлы отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, ауған соғысының ардагерлеріне арналып қойылатын ескерткіштердің құжаттары жасалып, бөлінетін қаржы нақтыланды. Кейіннен бірнеше жылға созылған бағыттары сараланған жұмыстар тиянақталды, іске асты.
«Жігіттер біз жұмысты іспен көрсетеміз! Сырттан сөз айтыла береді, ал нәтижелерің оңды болса бәрі дұрыс болады» дейтін. Кадрлардың бәріне: «Сендер өз салаларыңның әкімісіңдер сондықтан жалтақтамай, арттарыңа қарамай, өз ойларыңмен жұмыс ұйымдастырыңдар» деп ескертіп отыратын және оған мүмкіндік беретін. Жұмыс қашан түпкілікті нәтижеге жеткенге дейін, өзіне де, басқаларға да маза бермейтін. Әсіресе орынбасарлардың, аппарат жетекшісінің, бөлім басшыларының, ауыл әкімдерінің қызметі 7 күн, 24 сағат бойы жүріп жататын. Түнгі 12-де звондап, бір цифрды сұрай салу үйреншікті жағдай еді. «Телефондарыңды бастарыңа жастанып жатыңдар, мен жұмысқа келген жылы, сосын кететін жылы қыс қатты болады» деп ескертетін. Айтқандай шынында солай болды. Келген жылы қыстың қаттылығынан жол жиі жабылды. Техника аз шықпаңдар дегенге қарамай адамдардың жолда қалып қойған оқиғалары жиі кездесті.
Нихаң бас болып жолда қалғандарды құтқаруға барған оқиғалар көп болды. Көктем шыға су қатты келді. Бірнеше елдімекенге су кірді. Қарасу елдімекенін су алды. Қаншама ел баспанасыз қалды. Тоқырауын өзеніне алғаш қайықпен түскен кезіміз де сол тұс болды. Шұғыл түрде аудандық комиссия құрылып жігіттер жұмысқа кірісті. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Үйлер салынып, ауыл жаңарды. Мұның бәрі айтуға оңай болғанмен, көп қажырлы еңбек атқарылды. Аудан орталығындағы халықты тұщы сумен қамтамасыз ететін құбыр тұрбасының көктемде, су тасып жатқанда өзен ортасынан жарылып елдің сусыз қалуы оны шұғыл түрде орнына келтірудің машақаты жеке бір әңгіме.
Аудан орталығының тозып тұрғанын жиі айтатын. Жаңа мөлтек аудан ашып, үйлер сала отырып, ескі Ақтоғайды біртіндеп жаңарту мәселесі де, оған құжаттар дайындау сол кезде қолға алынды.
Алғаш Қарағанды-Ақтоғай-Қарағанды бағыты бойынша қатынайтын бұрынғы 24 орындық автобустардың орнына 45 орындық шетел автокөліктерінің жүруі де сол кезеңде жүзеге асырылды.
Қостанай облысынан суыққа төзімді жеміс ағаштары: ,алмұрт, шие, қара өрік халыққа қол жетімді бағада әкелінді. Ақмола облысының кәсіпкерлерімен келісе отырып, аудан халқына қолжетімді бағамен қаз, үйрек, тауық балапандарын сату ұйымдастырылды.
«Қарағанда нан» акционерлік қоғам басшылармен алдын ала-түлік өнімдері, жем әкелініп, әр сенбі сайын аудан орталығында жүйелі жәрмеңке өткізу жолға қойылды.
Төменгі бағада нан сататын дүкендер желісі жұмыс істеп тұрды. Осы жұмыстардың бәрінде жеке беделін салып, қолында шаруа тұрған адамдарға барып, арланбай сұрап, мәселенің оң шешілуіне ықпал етті.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді атам қазақ. Қай жерде жүріп еңбек жасаса да тек жақсы аты қалған, досқа адал адамгершілігі мол Нихаң ағамызға зор денсаулық, қажымас қайрат, бақытты да бақуатты ғұмыр тілеймін. Әулетіңізбен көгеріп жайнай беріңіз!
Қайрат Оразұлы НӨКЕШ,
көшбасшы азамат,
ауған соғысының ардагері