Ақылшы аға, ұлағатты ұстаз, кеңпейіл кураторымыз болып еді…

            Мен Задан ағаны 1987 жылы, осыдан отыз тоғыз жылдай бұрын көріп, танысқан екенмін. Сол жылы Қарағанды Мемлекеттік университеті филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің бірінші курсына қабылданған едік. Ауылдан алғаш келген біздерге куратор болып Задан Тасқалиұлы Жұмағалиев бекітілді. Ол кезде Кеңес үкіметі, партияның дәуірлеп тұрған тұсы. 1986 жылдан қаймығып қалған студенттерде аса еркіндік, берекелі бейбіт күн бәлендей жоқ еді. Сонда да біз қазіргі студенттердей енжар емес, білім мен ғылымға құштар болдық. Сабақтан қалт еткенде оқу залында болып, қосымша тапсырмаларды орындайтынбыз. Түннің бір уағына дейін көркем кітаптар оқушы едік. Әрі дәріс оқитын лектор, әрі куратор ретінде бізге қатысы бар Зәкеңнің әсерлі әңгімесін тыңдауға құмартатынбыз. Олай дейтінім, Зәкең басқа оқытушылар сияқты «марксизм мен ленинизмді» езіп, дәрісті оқулықтарға сүйеніп сөйлемейтін. Әрбір дәрісті немесе семинар сабақтарды өткізгенде юмормен, әзіл- қалжыңмен өріп отыратын. Күнделікті өмірмен тығыз байланыстыратын. Сонан кейін кейбір сөздер мен мысалдарды орысша жеткізетін. Мәселен, бір дәрісінде Кенесары хан туралы айтып келе жатып, «…Кенекем бір жортуылда жүргенінде оның сарбаздары бір жаман сары орысты қолдарын қайырып, лақша бақыртып алдына алып келіпті. Сонда қаһарлы хан әлгі шүрегей орысқа оқты көзін қадап: «Ты, кто такой? Откуда…» деп ақырыпты», — дейтіндей қалжыңды қосымшаларын қосып қоятын. Тағы бір әңгімесінде: «Кеңес үкіметінің алғаш орнап жатқан тұсы болса керек. Шалғайдағы шағын ауылға жоғары жақтан комиссия келе қалыпты. Абдыраған жұрт қапелімде қызыл мата таба алмай, бір әйелді бас салып, тырдай жалаңаш қылып, ішіндегі «қызыл ішкиімін» шешіп алып, құрықтың басына байлап, қызыл жалау қылып желбіретіпті…» дегені бар. «Іш киімі» бола ма, «бөксе киімі» бола ма, большевиктерге бәрібір, әйтеуір, тудың қызыл түсті болғаны дұрыс» — деп өзі күлмей, бізді қыран-топан күлкіге батырушы еді. Және біз шыдай алмай күлсек, ол кісі: «Бұл дегенін — трагедия ғой. Трагедияға адам күлуші ме еді?» — деп, бәрімізге ұрсып беретін. Зәкеңнің бізге дейінгі және бізден кейінгі де студенттер арасында анекдотқа, аңызға айналған «удачный қуырдақ», «құлақ кесу…», «қоян шәпке», т.б. әзіл-қалжыңды әңгімелері көп-ақ. Олардың бәрін жиыстырып, жинақ шығару алдағы уақыттың еншісінде.

Ғалымның ғылыми алқабына көз жүгіртсек, әжептәуір жерді игергеніне куә боламыз. Атап айтқанда, «Өршіл гуманизм өнегесі» (1977), «Дауылды жылдар шежіресі» (1987), «Шындық және көркем әдебиет» (1993), «Уақыт және әдебиет» (1999), «Замана сазы» (2001), «Кезең және әдебиет» (2004), «Жылдар, ойлар…» (2004), «Бел-белесте» (2005), «Сөз және оның қолданыс аясы» (2011). Осынау монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары, оқу — әдістемелік құралдары және зерттеулер мен ғылыми мақалалардан құралған толымды еңбектер ағамыздың алтын уақытының айшықты іздері екендігі даусыз. Сонау 1963 жылы Аспиранттар мен ізденушілер жинағына шыққан «Отты жылдар елесі» атты алғашқы ғылыми мақаласынан бастап өмірінің кейінгі жылдарына дейін қаламы қолынан түспеген ғалымның жарты ғасырдан асқан шығармашылық әлемінде, ғылыми-зерттеушілік айдынында ұлтымызға қажетті, ұрпақтарға ұлағатты қаншама дүр-дүниелер, маңызды материалдар жарыққа шыққандығы ғылыми ортада әлдеқашан мойындалған.

Кеңес дәуірінің 1960-1990 жылдар аралығындағы 30 жылдай мерзімі ішінде Зәкеңнің ғылыми, әдеби дүниелері сол дәуірдің тыныс-тіршілігі мен тарихына, шежірелік мұраларына арналған, Мәселен, 1917 жылғы Қазан төңкерісі, 1941-45 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысына байланысты шығармаларды талдап-саралауы, Сәкен Сейфуллиннің туындылары, оның ішінде «Тар жол, тайғақ кешуі» жайлы, Сәбит Мұқановтың еңбектері хақында, жалпы алғанда, сол кезеңдерді қамтитын қазақ әдебиетіндегі дәуір шежіресінен сыр шертетін гуманизм мәселесін зерттеп-зерделегені қазақ филологиясына жақсы мәлім. Ал, 1991 жылдан қазіргі жаңарған жаңа заманға дейінгі шығармалар ауқымы өте күрделі. Терең таным мен философиялық иірімдерге толы зерттеулер. Мысалы, 1980 жылдардың аяғында ақталған «бес арыс», «алты арыстардың» қатарына жататын Әлихан, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек Аймауытовтар және де Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, басқа да ұлттық әдебиетіміздің классиктері жайлы зерттеулері тәжірибелі тәлімгердің, еңбекқор ғалымның көп ізденгенінің нәтижесі. Соңғы зерттеулеріндегі ең бір көрнектілері, шоқтығы биік еңбектері ұлы Абайдың шығармалары жайындағы ғылыми тұжырымдары және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына талдау жасауы. Осы соңғы кезеңдегі шығармалар шоғырын көбінесе республикалық «Азия Транзит» журналына жариялатып жүрді. Мен өзім 2000-2008 жылдар аралығында 7-8 жылдай осы басылыммен тығыз байланыста болдым. Біраз уақыт аталмыш альманахтың қызметкері де, жауапты хатшысы да, бас редакторы да болып жұмыс атқардым. Сол мезгілдерде Зәкеңнің көптеген ғылыми мақалаларын журналдың бірнеше сандарына жариялап жүрдік. Осыдан жиырма жыл бұрын 70 жасқа толғанында, 2006 жылы республикалық деңгейде ғылыми конференция өткізуге, ғылыми жинақ шығаруға атсалысқанымыз бар еді. Сол жылы «Азия Транзит» басылымының да бір нөмірін мерейтой иесіне арнап едік. 2016 жылдың сәуірінде ардақты ағамыз сексен жасқа келгенде де, ол кісіге арналған «Адамгершілік айнасы» деп аталатын жинаққа  «Сексеннің сеңгірі» деген тақырыптағы мерейтойлық мақалам жарыққа шыққан.

Биыл – зерделі ғалым, ұлағатты ұстаз, асыл ағамыз ортамызда болғанда тоқсанға толар еді. Алла алдынан жарылқасын! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, рухы шат болсын!

Әлімжан ЖАҚАН,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қарағанды қаласы