Ақсұңқарұлы Алматыға абадандарымен барыпты деген аңыз естігем, анау бір жылдары Қарағандыдан. Екі мыңыншы жылдың басы болса керек, жас ақын-жазушылардың ІІ съезіне Серік Ақсұңқарұлы соңындағы ақын бауырларын ертіп барыпты. Қонақүйдің іші сең көшкендей, бұрыш-бұрышта гүр-гүр етіп өлең оқыған ақындар бой бере ме? Ақындар ортасы сонысымен қызық, сонысымен думанды сырт қарағанда. Ақсұңқарұлының ізін басқан қарағандылық жас перілердің көш басында барған арқалы ақынның бірі Руслан Нұрбай көрінеді. Атайы ақын Ұлықбек Есдәулет Русекеңнің өлең оқығанын көріп, «Ақсұңқарұлы абадандарымен келіпті» деп айтып қалғаны ауыздан ауызға аңыз боп көшіп, 2010 жылдары Қарағандыға келген бізге де естілген. Ол оқиға мүмкін басқаша өрбіп, өзгешелеу өткен шығар, бірақ әңгіме онда емес қой. Артынан аңыз ергенімен маңызды. Руслан Нұрбайдың өлеңі аға буынды жалт қаратқанымен маңызды. Ақсұңқарұлы мектебінің айтыла бастағанының белгісі.
Аузын ашса Алаш деп жалындайтын Ақсұңқарұлының өкшесін басуға жараған Руслан Нұрбай ол кезде 24-ақ жаста көрінеді. Уыздай жас Алматыға барып «Әріп пен ұғымды» оқыпты. Дауысы мен дабысы бөлек ақын сөйтіп бір дүркіресе керек. Ол солай күркірей алмаса, Ұлықбек Есдәулет әлгіндей деп айтар ма еді, жоқ па еді?
«Көз алдымда зымырайды елік күн,
Елік күнге мен қалайша еріппін?!
ЖАН деген бір үш әріп кеп ғайыптан,
ӨМІР деген төрт әріпке еніппін.
Содан бері бұлдырайды сағым күн,
Сағым күнде сабылумен жаным жүр.
АНА деген үш әріпке жаутаңдап,
БАЛА деген төрт әріпті жамылдым.
Сол атауды өтіп жатқан жеңді күн,
Жеңді күнім, менің атым енді кім?!
ӘКЕ деген үш әріптен таныдым,
ДАЛА деген төрт әріптің кендігін.
Жайсаң жанға шапағатын құйсын күн!
Құйсын күнім, махаббаттан күйсін мұң.
АРУ деген үш әріпті армандап,
СҰЛУ деген төрт әріпке сүйсіндім».
Бұл өлең сол кездегі қазақ поэзиясының жаңа лебіндей сезілгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Қарағандыға жеткенімде той-домалақта Бұқар жырау мен Мұқағали, Төлегеннен соң Русекеңнің осы туындысы оқылып жүргенін мен жақсы білемін. Көзіммен көріп, құлағыммен талай естігем. Сол 24 жасында сьез аяқталарда бейресми мінбелерде ғана өлең оқып қайтқалы тұрған ақынды Ақұштап Бақтыгереева атап шақырып, «мынандай ақынды неге одаққа қабылдамаймыз, оқышы манағы өлеңіңді» деп ағынан жарылса керек. Иә, өлең оқыса, Руслан Нұрбай оқысын! Оның күркіреген дауысы жер-дүниені жаңғырықтырып жібереді. Ақынның өзі қандай ақжүрек болса, дауысы да сондай ашық, міңгірлеп, күмілжімейді. Ниетіндей таза, рухындай асқақ естіледі. Оның үстіне өлең қандай нақысты.
«Ақ пен қара жолдарымның жолағы,
Жолағы да уақыттың қонағы.
ДОС деген сол үш-ақ әріп кей кезде,
ТУЫС деген төрт әріптен жоғары».
Сөйтіп кітабы шықпай тұрып-ақ жалғыз өлеңінің екпінімен 24-ақ жасында Жазушылар одағына қабылданып кеткен. Ақұштап апайдың себепкерлігімен. Оған дейін одаққа бұлай Ұлықбек аға қабылданған дейтін. Олжас ағаның бір ауыз сөзімен. Тарих осылай қайталанып тұрады. Айналдырып әкеп ол кісінің көзіне Русекеңді түсіріп қойыпты және.
Өлеңді Русекең оқысын. Русекеңнің өлеңін оқығандарды тойда талай көрдік. Осы «Әріп пен ұғымын». Бір күні бір тамада осы өлеңді оқып тұрса, ақынды танитын жігіт әлгіден авторын сұраса, «Мұқағалилармен қатар ішіп жүріп өліп қалған» депті. Бұл да бір аңыз, күлкі емес. Осылайша «өліп қалған» ақын елуінші қысын қарсы алып жатыр Арқада. Бұған дейін 4-5 кітабы шыққан шығармашылық иесінің әлі де берері алда деп ойлаймыз.
Біз Руслан Нұрбайдың «Әріп пен ұғымын» ғана айта береміз, басқа өлеңі жоқтай. «FE – темір», «Трансплантация», «Құлтемір», «Тық-тық тірлік», «Би кешінде», тағы басқа шоқтықты туындылары уақытынан бұрын жазылып қойғандай сезіледі кейде. «Ақындар болашақтың жансызы» дегендей, «Құлтеміріндегі» қисынсыз көрінген қисындар қазір тірлігімізге дендеп ене бастады. Ол туралы өткенде ақын Ерболат Қуатбек жақсы жазыпты. «Руслан Нұрбайдың «пайғамбарлық» өлеңі бар. ChatGPT, жасанды интеллект деп жатамыз. Ақын «Құлтемір» деген өлеңінде осыны болжайды. Эпиграфына: «Ұйқастар жинақтап, өлең формасына түсіретін жаңадан компьютерлік бағдарлама пайда болыпты». Келешектегі қияли газеттен» деп жазған екен.
«Өзектегі өз несібем өлеңмен.
Лифтісіз үйге қайтып келем мен.
Тоқ жоқ бүгін, тамақ тағы тәбетсіз,
Телефонға теңгем де жоқ төленген.
Өмірде бұл, темірге құл түсінгем,
Ойларыңды компьютер пісірген.
Аялдама алты сағат тұрмын-ау,
Алпыс қадам жерге бару үшін мен», – депті ақын».
Ерболат Қуатбек соңында әлгі жасанды миға (ChatGPT) Русекеңнің өлеңдері туралы сұрақ қойса, ол ақын шығармашылығына әр қырынан тоқталып, тамаша талдау жасап беріпті. Құдай біледі, анандай талдауды анау-мынау әдебиеттанушы жасай алмайды. Өлеңнің философиялық мәні, символдық маңызы, тағы да бір түсініктер аясында әр қырынан ашып, жіліктеп шығыпты. Ақын «Fe – темір» өлеңінде «…ол адамды, ал оны пенде жепті» дегені тегін болмады.
Басқасын қайдам, маған Русекеңнің «Көктем келді, мен сені тағы ойладым» өлеңі мен «Би кешінде» жыры ұнайды. «Тық-тық тірлігі» ешбір жасандылықсыз жазыла салғандай елестейді. Ақын осындай өлеңдерді көбірек жазса екен деп тілейміз. Себебі тұрмысымызды техника тықсырған сайын, миымызды жасанды интеллект қатырған сайын жүрегіміз тыныс іздейтіні анық қой:
«Іздейтін кезде жаным махаббат,
Мұңлы ойдан кетем құтылып.
Жүйкемді жеді-ау қабырға сағат,
Тынымсыз осы тықылы.
Үтірсіз уақыт, үркемін анық,
Тық-тықтан мынау жалықтым.
Бөлмемде жатсам бүркеніп алып,
Сол үнмен кеудем қағып тұр…»
Абайдан жүлге тартқан бұл өлеңде ғибадат бар. Хакім былай деген:
«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек».
Бәріміз әдетінше өтпек өмірді өзгерткіміз келеді. Руслан Нұрбай екібастан солай туған жаратылыс. Мүмкін ол өзгерістерді күні бұрын жырлап, жеткізіп қойған шығар. Жоғарыда айттық қой. Біз ғой, әдетіне қарысып жүре беретін. «Ақынның тілін алған ба, адамзат ауылы бір рет…» дейміз де қоямыз.
Жәнібек ӘЛИМАН