«Алдыңда ағаң болған қандай жақсы» дейтін бір тамаша ән бар. Шындығында, осындай нар ағамыз, зор панамыз бар болғанына Аллаға шүкір дейміз! Бәрімізді алға жетелеп, өмір көшіне үйреткен сол ағамыздың есім-сойы – Кендебай Сарыбайұлы Адамбек.
Кендебей ағамыз – 1965 жылы қыркүйектің 22-ші жұлдызында Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, Қоңырат кентінде дүниеге келген. Қазақтың бұрынғы салт-дәстүрі бойынша ата-әжесінің қолында тәрбиеленген.
Қоңырат мектебін тәмамдап, 1983-1985 жылдары Хабаровск өлкесі, Елабуга жерінде КСРО Қарулы Күштер қатарында жасақ бастығы болып қызмет еткен. 1989 жылы Қарағанды политехникалық институтының «Тау-кен машиналарымен кешендері» және 2003 жылы Қарағанды Заң академиясы «Фемида» оқу орнының «Құқықтану» мамандықтарын бітірген.
Алғашқы еңбек жолын 1989-1990 жылдары Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылындағы Ақбақай тау-кен байыту комбинатының №1 шахтасының жерасты электр монтері болып бастаған. 1990-1995 жылдары Қарағанды облысы Балқаш қаласы №5 тау-кен профиліндегі кәсіптік лицейдің бригадирі, аға прорабы, директордың орынбасары, директоры болып қызмет атқарған. 1995-2022 жылдар аралығында арнаулы мемлекеттік органдағы қызметтер істеген.
2023 жылы Астана қаласы әкімінің кеңесшісі, сол жылдан бастап қазіргі уақытқа шейін Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып қызмет атқарып келеді.
Көп жылдар бойғы еселі еңбегі үшін бірнеше мемлекет марапаттары мен жоғары атаққа ие болған. Атап айтқанда, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі (2005), 2-дәрежелі «Айбын» ордені (2013), 2-дәрежелі «Даңқ» ордені (2021), 20 мерейтойлық және ведомстволық медальдар, 2017 жылы Генерал-майор шенін алған.
Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Құрметті қызметкері және ардагері. «Аманат» партиясының мүшесі. 2023 жылы 29 наурызда Астана қаласы мәслихатының 8-ші шақырылымының депутаты болып сайланған. Үлгілі отбасы, үш баланың әкесі, немерелерінің қамқор атасы.
Міне, ағамыздың өнегелі өмір жолы мен еңбек өтілі осындай. Енді туысқандық жағынан сөз қозғасақ, біз, сонау Арғын-Қаракесектен Әлтеке-Сарым болып тараймыз. Сарымнан Көшкін бұтағы. Сарым Өтемістен Наурыз Қазыбайұлы дейтін атамыз би болған. Өз заманының озық ойлы, кемеңгер тұлғасы болған.
Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісіне ұлт жақсыларымен бірге 250 кигіз үйлі отбасын апарған. ҚР Мемлекеттік орталық мұрағатында № 338 папканың 115-117 беттерінде көрсетілген. Сол Наурыз бабамыздың тікелей ұрпағы осы – Кендебай ағамыз. Кендебай ағаның адамдық қасиетін, кісілік келбетін айғақтайтын қырлары көп. Солардың ең бастысы – ұлтымызды ерекше сүйетін жомарт жүрегі және қазақы текті тәрбиесі. Бұл ізгі қасиет – ағамызға ата мен әжесінен және мектепте ұлағатты ұстазы болған өз анасы Райхан шешеміз бен Сарыбай әкеміздің тәрбиесінен болса керек. Бала күнінен осылай ұлағатты ұяда өскен зерек те зейінді жан өсе келе ел азаматына айналғанын саналы ғұмырындағы сара жолынан анық көреміз. Жасынан алғыр, еске сақтау қабілеті зор ағамыз өте сауатты, білімді де білгір болды. Қазақша мен орысша екі тілге де жүйрік болғаны – жоғары қызметтерге көтерілуіне жақсы ықпал етті. Кендебай Сарыбайұлы – тек өз мамандығын ғана меңгерген қатардағы қызметкер емес, жан-жақты зиялы азамат! Ата жұрты Ақтоғай елінен Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан, алаш арыстары Әлімхан Ермекұлы, Ақбайдың Жақыбы, «Оян, қазақ!» — деп алғаш жырлаған Нарманбет Орманбетұлы, сондай-ақ өнер қайраткерлері Күләш, Манарбек, Шашубай, Әсет Найманбайұлы, Аққыз, Сармантай күйші, Мағауия Хамзин іспетті тұлғаларды дүниеге әкелген Тоқырауын өңірі тектілік топырағынан деген сөзді дәлелдесе керек.
Қазақтың тарихы мен шежіресін, этно тарихын өте жақсы білетін, ұлттық өнерді керемет қадірлейтін ұлт жанашыры.
Кендебай ағам алдымыздағы шамшырағымыз, біздің бәрімізге жол көрсетіп, ақыл-кеңесін айтатын қамқоршымыз болып жүр. Қашанда біздің үйге жиі келіп, әке-шешеміздің халін сұрап жүретін. Ол кісілерге келген сайын «қандай көмек керек?», «қандай қолқабыс қажет?» деп, үнемі балалық жанашырлық танытып тұратын.
Әкем мен анам қайтыс болғанда да осы ағам оларды жөнелткенде, кейінгі құдайы астардың бәрінде де басы-қасында ақылшы болып жүрді. Қуаныш-тойларымызда да өзі ұйымдастырып, басшылық етті. Қазақы салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жақсы меңгерген, таным-түсінігі терең бұл кісі 20 жылдай істеген Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде жай қатардағы қызметкерден генерал шеніне дейін көтерілген кәсіби маман.
Қарағандыда істеген қызметіндегі елеулі еңбегін әріптестері айтқанда мақтанышпен марқайып қалатынымды айта кеткенім жөн.
Биылғы күзде Кендебай ағам 60 жасқа толады. Алпыс деген – адам жасының асқар шыңы. Әрине, әрі қарай жетпіс, сексен, тоқсан, тіпті жүзге дейінгі толағай таулар бар екендігі де шындық. Дегенмен осылардың ішінде алпыстың жөні бөлек. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбай ағамыз: «Алпыс – тал түс» деп тектен тек айтпаған. Шын мәнінде «алпыс – алтын көпір» дегеніміз өте орынды.
Алпыста ақыл-парасат толығып, абыздыққа есік ашылады. Сондықтан да ең биік шың деп отырғанымыз сол. Ал 70, 80, 90, 100 дейтін кемелдену кезеңдерінің бәрі осы 60-тың іс-әрекетін жалғастырушылар. Ақсақал атты абыройлы атақ осынау алпысқа келген адамға беріледі. Алпыстың айбынды құдіреті осында тұр. Сол құдіретті жасқа іліккен ізгі ниетті, ақкөңіл, ақпейіл Кендебай ағама әуелі Алладан мықты денсаулық, отбасына амандық-саулық, мол бақыт тілеймін. Балалары, немерелері өсіп-өніп, шөбереге жетсін. Зина жеңгеміз екеуіне ұзақ та ғажайып ғұмыр берсін деймін.
Жасай беріңіз, биіктей беріңіз, бәрімізге қамқор, үлгі-өнеге болып, алдымызда асқақтап жүре беріңіз, АСЫЛ да АРДАҚТЫ АҒА!!!
Ізгі тілек-ниетпен: Азат БАБАШ бауырыңыз
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды ұлттық зерттеу университеті,
филология ғылымдарының кандидаты
28.05.2025 жыл
Қарағанды қаласы