Қарағанды облысында Саран үлгісі бойынша басқа серіктес қалаларды дамыту көзделіп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, өнеркәсіпті әртараптандыру тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатына оң әсер етеді. Абайда индустриялық аймақ құру жоспарланған.
Абай ауданының бүгіні мен болашағы туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тұрғындармен кездесуінде айтылды. Абай мәдениет үйіне қала тұрғындары ғана емес, ауылдық елді мекендердің белсенділері де жиналды.
Ашық диалог форматында олар өзекті мәселелерін ортаға салып, қызықты сұрақтар қоя алды.
Коммуналдық мәселелерді шешу, абаттандыру назардан тыс қалмайды.
Абайда осы жазда 62 көпқабатты үй жаңартылып, қасбеттері жөнделіп, сырланады. 15 аула аумағы асфальтталады.
Жолдарды жақсарту және жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды ретке келтіру жалғасуда. Тасзаимка ауылына кірме жолды қайта жаңарту аяқталуда. Қарабас кентінде, Агрогородок, Солтүстік Көксу және Қоянды ауылдарында жолдар жөнделуде.
Қала мен елді мекендерді таза ұстау үшін қоқыс жинауға арналған жаңа контейнерлік алаңдар жабдықталуда. Абайда биыл қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған полигон салынады.
Кездесуде тұрғындар жылумен жабдықтау, одан әрі абаттандыру мәселелерін көтерді. Олар ойын алаңдарын жаңарту, жарықтандыру қажет нақты мекен-жайларды атады.
Олар медициналық көмектің қол жетімділігі туралы да айтты. Бейінді мамандардың тапшылығына байланысты Абайдан облыс орталығының клиникаларына баруға тура келеді. Дәрігерлерді тарту үшін облыс әкімі аудандық билікке қызметтік тұрғын үй салу мәселесін шешуді тапсырды.
Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен жаңа медициналық жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлінді. Биыл Абай ауданында алты медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Сәрепті ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеуден өтеді.
– Абайда кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бес қабатты үйдің құрылысы жалғасуда. Оны тапсырғаннан кейін 80 отбасы пәтер алады. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Топарда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуда, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Бірақ басты міндет – Абайды моноқала санатынан шығару. Ол үшін инвесторларды тартумен айналысатын боламыз.
Ауданның өнеркәсіптік әлеуетін дамыту жоспары әзірленді. Жаңа өндірістер үш мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов туристік саланың болашағы туралы баяндады. Оның айтуынша, Топар су қоймасының жағалауында төрт демалыс аймағын кеңейту және қалпына келтіру, оның ішінде 30 бөлмелі екі қабатты қонақ үй салу жоспарлануда.
Аталған мәселелердің әрқайсысы бойынша іс-шаралар жоспары әзірленетін болады, деді Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы мен жанашырлығы үшін алғыс білдіріп.
Кездесуден кейін өңір басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.