Абайды сабаған адамның немересі кім?

Жеке архивімде сақталған осы бір суретке көз алмай қарап отырмын. Буырыл шашын артына қайыра тараған, қияқ мұртты, тор көз жейде киген, күшік құшақтаған орта жастағы кісінің бейнесі алдымда тұр. Оқты жанарымен әлде бір нүктеге тесілуде. Ал салалы саусақтары сан шаруаның басын қайырғанын, бар ғұмыры еңбекпен, бейнетпен өткеніне куәгер болатындай. Ақ-қара түсті бұл суреттегі кісі Бұғылы болысының байы, атақты Оразбай қажының немересі, Абдулманап Медеуұлы Оразбаев еді.

Иісі қазақтың санасында «Абайды сабаған» деген аңызбен қалған Оразбай Аққұлұлының немересі кім болғанын бұл күні біреу білсе, біреу білмес. «Бірінші Құдайыма, екінші Шұнайыма сенемін» деп үш мың жылқысы өрісінде жусаған, жомарт Оразбайды ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында: — Асқан екен Құнанбай баласы. Тіпті бұндай қорлықты Құнанбай да көрсеткен жоқ. Тегі, біздің өзіміз бұларды бұзып болған екенбіз. Құдайын ұмытқан екен мына Құнанбайлар. Тап осы жолы тұяқ серіппесек, бәрімізді де атаның әруағы атсын! Ит болайық, енді қыбырламасақ! — деп Оразбай жалғыз көзін жалтылдатып, айнала қарап, қанын ішіне тартып сөйледі», деп суреттейді

Сонымен бірге, ел аузында да Оразбай туралы аңызға бергісіз əңгімелер өте көп айтылады. Абайтанушы, профессор Бауыржан Ердембеков «Абайды сабатқан Оразбай кім?» деген мақаласында мынадай деректер келтіреді. «Анығында Оразбай Аққұлыұлы — Тобықтының ішінде аз ғана ру Есболаттан шығып, өзінің алысты болжар алғырлығының, сөзге ұста шешендігінің арқасында алдына мыңдап жылқы біткен бай, бір руды шырқ үйірген ел ағасы бола алды. «Бай» деген сөз — титул, атақ. Қазақ əуелде ішкі дүниесі мен сыртқы ауқаты үйлескен адамды «бай» деген. Кеңестік жүйе «бай» сөзінің мағынасын бір жақты етіп жіберді. Сол біржақтылықтан əлі құтыла алмай келеміз. Құтылмауымыздың куəсі сол — рухы мен болмысы кедей «байлар» ортамызда одыраңдап толып жүр…» деген көз-қарасын айтады. Бұл да тарихта қалған деректердің бірі де бірегейі болмақ. Ал осындай текті əулеттен шыққан, ұлылардың ұрпағы болған Абдулманап Медеуұлы да тегін адам емес. Оның əкесі Медеу мектеп ашып, оған бала оқытқан қазақ даласындағы зиялылардың бірі болыпты. Тіпті оның Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынасы да жақсы болғаны шындық. Осындай текті атаның, білімді əкенің тұяғы Абдулманап ұлтымыздың археология ғылымының дамуына айырықша үлес қосқан ғалым еді.

Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінде Абдулманап Оразбаевтың қолжазбалары мен суреттері сақтаулы тұр. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ол 1922 жылы 20 шілдеде бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Шұнай бекетінде өмір есігін ашқан. Ғалымның бала кезінде хат тануына Абайдың немересі Ақылия көмектескен екен. Себебі ол Абдулманаптың үлкен ағасы Сəниязға тұрмысқа шыққан еді. Абдулманап 1940 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Оқуы сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келген ол арада екі жыл өткен соң Омбыдағы Фрунзе атындағы əскери училищеге барады. 1942 жылы тамыз айында училище 45-ші Шорс атқыштар дивизиясның құрамында қызмет өтейді. 1948 жылы қайтадан Қазақ мемлекеттік университетінен Ленинград мемлекеттік университетінің тарих факультетінің археология бөлімінде білім алады.

Жастайынан қағылез Абдулманап Медеуұлы аталған университетті үздік бітірген соң, СССР Ғылым Академиясы тарих институтының материалдық мəдениет бөлімінде аспирантураға түседі. Археология саласына барын салуды мақсат еткен ол Объ археология экспедициясы жетекшісі профессор Михаил Петрович Грязнов, Шығыс Қазақстан археология экспедициясы жетекшісі С.С. Черников, Оңтүстік Қазақстан археология экспедициясы жетекшісі профессор А.И. Бернштам сияқты ғалымдармен бірге қазба жұмыстарына қатысады.

Ол тас, қола дəуірінен бастап, Түркі қағанаты дəуіріне дейінгі жəне орта ғасырлардағы шаһарларды зер сала зерттеп, Қазақстандағы Ақтөбе өңірі мен Баласағұн қалаларының ежелгі қонысында қазба жұмыстарын жүргізді. «Қазақстанда алғаш болып, тарих факультетінде «археология жəне этнография» кафедрасын Əбдіманап Оразбаев ашты. Бұған дейін біз тарихшыларды Мəскеуде, Ташкентте дайындадық. Отандық тарихымызды зерттеуге, отандық археология мен этнологияның дамуына Абдулманап Оразбаев зор үлес қосты», дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Боранбайұлы бір сөзінде.

Абдулманаптың əкесі Медеу өз еліне, туған даласына тіпті айналасына сыйлы адам болғандықтан кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы оның үйіне түстеніпті деген деректер де кездеседі. Сонымен бірге Мұхтар Əуезовтің кеңесімен өкпе дертіне шалдыққан Сұлтанмахмұттың Медеудің ұлы Санияздікіне барып жайғасып, қымыз ішіп емделгені де тарихи шындық. Ал Медеудің Абайдың ұлы Тұрағұлмен жақын құда болғаны өз алдына бөлек əңгіме. Осы деректерді оқи отырып, бізге Оразбай əулетінің Алаш арыстарымен өте жақын қарым-қатынаста болғанын аңдаймыз.

«Əке көрген оқ жонар» демекші, Медеу қарт кіндігінен тараған балаларын жан-жақты етіп тəрбиелегенін олардың тындырған істерінен білуге болады. Үйінен ұлылар үзілмеген, жастайынан жақсыны көріп өскен Абдулманап қазақтан шыққан алғашқы археологтардың бірі болатын. Ал Медеудің тағы бір ұлы Қабыш медицина ғылымдарының кандидаты болып, А.Н.Сызғановтың жетекшілігімен баспа ауруын емдеуге байланысты құрылған экспедицияға қатысады. Өкінішке қарай, небəрі қырық жасында өмірден озған. Медеудің Білəл, Мəукіл деген ұлдары да білімді азамат болып өседі.

Зерттеуші Еркін Рахметуллин «Ойрандалған Оразбай отбасы» атты мақаласында Молдабек Жанболатұлының «Тобықты-Шыңғыстау шежіресіне» сілтеме беріп, мынадай деректерден үзінді келтіреді: «Абай кемеліне келіп, ақылы мен абыройы бар қазаққа мəшһүр кезінде Жетісудың жалайыр елінде жұрт «Жəмеңке аға» деп атап кеткен Жəлменде дейтін абыройлы қария болыпты. Жəмеңке қартайған шағында «арманым, Семей еліндегі Құнанбайұлы Абай ақынды көргім келеді. Ол кісі «Ұят кімде болса — иман сонда» депті. Ұят дегеніміз адамгершілік болса, адамгершіліктің бар сипатын Абай деп білемін» деп, ұлдарын ертіп Шыңғыстауға жол тартыпты.

Алыстан арнайы келген құрметті мейманына Абай жеке үй тігіп, ерекше құрмет көрсетіпті. Абай елінде бір ай жатқан Жəмеңкеге Абай қайтарында: «Аға, бұйымтай айтып, қалағаныңызды алыңыз» дегенде, Жəмеңке: «Қамысқұлақ атыңды бер» деген екен. «Қайсы қамысқұлақ атты айтасыз?» дегенде Жəмеңке «Шоқпардай кекілі бар қамысқұлақ» деп басталатын Абайдың əйгілі «Аттың сыны» деп аталатын өлеңін түгелдей жатқа айтып шығыпты.

Абайдың өз қолында, Құнанбай əулетінің жылқыларында дəл осы өлеңде айтылатын сəйгүлік табылмағандықтан, қонағын тағы бір жұма аялдатып, бес болыс Тобықты еліне жіберіп, өлеңдегі сынға саятын ат іздетіпті. Одан да шықпаған соң, өзімен араз, тоғыз мың жылқысы бар Оразбайға: «Ел намысы — ер намысы болғанда, ер намысы — ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын» деген сəлеммен кісі жіберіпті.

Сəлемді естіген Оразбай: «Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын» деп, өңкей сəйгүлік бөлек бағылатын бес қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты. «Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін», — депті. Үш аттың біреуін көріп тұрып Жəмеңке: «Мынау нақ сол өлеңде айтылатын ат екен» деп ризалығын білдіріпті. Міне, Оразбайдың тектілігі, жомарттығы. Ал одан тараған ұрпақта ондай қазақы мінез бен өрлік неге кездеспеске ?

Қазақ ғылымында кенжелеп қалған салаға Медеуұлының тың ізденістері мен жазған еңбектері тың серпін əкелді. Соның нəтижесінде ол 1957 жылдан бастап Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясында академик Əлкей Марғұланның орынбасары болып қызмет атқарады. 1958 жылы А.М. Оразбаев «Қола дəуіріндегі Солтүстік Қазақстан» тақырыбында археолог-ғалым М.П. Грязновтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сəтті қорғайды. 1967 жылы ол «Орталық Қазақстанның ертедегі мəдениеті» атты монографиясы үшін Ш.Уəлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атағын иеленді. 1971 жылы шілде айында тарих, археология жəне этнография институтынан Қазақ КСР ҒА президиумының қаулысымен С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қайтадан құрылған археология жəне этнография кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады.

Əке көрген ұлдың ұлты үшін істеген еңбектері бұл күндері тарих бетіне жазылып қалды. Оның қазақ ғылымына қосқан үлестері шаң басқан архивтерден емес, ғылым үшін ізденген ұрпақтың санасынан табылса екен дейміз. Ал келешек ұрпақ «Ғылым — ғылым үшін емес, ғылым адам үшін» деген көзқарасты ұстанатынына күмəніміз жоқ.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *