Көктем мезгілінің келуімен күн күзі жылынып, тірі табиғат жанданып, өсімдіктердің көктеуіне және жердегі ұсақ тіршілік иелерінің – жәндіктердің, шыбын-шіркейлердің белсенділігінің артуына ықпал етеді. Ұсақ жәндіктермен бірге кенелер де «оянады».
Кене – ұсақ болғанымен, қауіпті. Жылы мезгіл – олардың қоректену кезеңі. Ол адам мен жануарлардың денесіне жабысып, бірнеше күн бойы байқалмай тұра алады, қанымен сору арқылы қоректеніп, жай ғана шағып қана қоймай, жұқпалы, аса қауіпті ауруларды таратады. Кене энцефалиті, Лайм ауруы, кене арқылы берілетін боррелиоз ауруы – кене арқылы жұғып, адамның жүйке жүйесін, жүрек пен буындарын зақымдауы мүмкін.
Бұдан басқа, кене – туляремия, геморрагиялық қызба, Ку-қызбасы сияқты аса қауіпті жұқпалы ауруларның тасымалдаушысы болып табылады.
Туляремия ауруы – туляремия бактериясы арқылы жұғатын, адам мен жануарға ортақ, табиғи-ошақтық, аса қауіпті жұқпалы ауру. Кененің шағуымен жұғуы мүмкін, бұдан басқа ауру жануарлармен байланысқанда, туляремия қоздырғышымен ластанған су мен тағамды қолданғанда, шаң-тозаң арқылы жұғу жолдары да бар. Ауру жұқтырғанда дене қызуы жоғарлайды, қалтырау, әлсіздік пайда болып, лимфа түйіндері ұлғаяды, теріде жара немесе бубон (ісік) пайда болады.
Кене адам орманда демалғанда, шөп арасында жүргенде немесе малмен, үй жануарымен байланыста болғанда жұғады. Кене денеге жабысқанда жорғалағаны сезілмейді, себебі жүрісі, аяқтарының қозғалысы сезілмейтін жансыздандырғыш зат бөлінеді де, кененің денеге қалай өрмелеп, жабысқанын білмей де қаламыз. Кене шаққан жер қызырып, ісіну пайда болады. Кене жұқпалы ауруларды тасымалдаушы. Сондықтан кене шаққанда бей жай қарамай, алдын алған жөн.
Табиғат аясына демалуға барғанда өзіңізді кенелерден қорғау өте маңызды. Жеңі ұзын, жағасы жабылатын, көйлек етегі қымталатын, ал шалбар балағы шұлыққа салынып, еш ашықсыз, жабық киім киген дұрыс. Адамға шабуыл жасаған кене әрқашан жоғары көтеріледі, ал жабық киінсе кене өрмелей алмай, дененің ашық бөліктеріне жету қиынырақ болады. Ашық түсті киім киген дұрыс, бұл кенені оңай көруге ыңғайлы.
Сонымен қатар, серуеннен кейін әркім өзін-өзі тексеру қажет, киімдерін қағып, үстін сілку керек. Үйге келгенде де денені мұқият тексеру қажет. Егер кене табылса, оны дереу алып тастау керек. Жара орнын антисептикпен өңдеп, міндетті түрде дәрігерге қаралған дұрыс. Репелленттер қолданған жөн.
Егер, Сізде кене шағу жағдайы болса, шағып алған кенені (мүмкіндігінше тірідей) оның инфекция тасымалдаушысы болған-болмағанын нақты білу үшін «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қарағанды облысы бойынша филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасына тексеруге тапсыруға болатын хабарлаймыз.
Дегенменде, кене – кішкентай болғанымен, өте қауіпті паразит. Уақытылы сақтық шараларын сақтау және медициналық көмекке жүгіну арқылы ауыр асқынулардың алдын алуға болады.
Сабыржан ҚЫРҒЫЗАЛИН,
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының
санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
