АБЫЗ АҚСАҚАЛДЫҢ АҚ БАТАСЫ

Мен тағдырдың жазуымен туған жерім Жаңаарқа ауданында 40 жылдан астам мемлекеттік қызметте болып, түрлі лауазымда жұмыс атқардым. Осы ұзақ жылдарда бұлжытпай ұстанған ұстанымым – білімді, алғыр жастарды мемлекеттік қызметке тарту және өмірлік тәжірибесі мол, қадірлі қариялардың ақыл-кеңесін тыңдап, ақ баталарын алу болды.

2016 жылы шежірелі Шет өлкесіне әкім болып тағайындалғаннан кейін де өмірлік қағидамнан айнымай жаңа ортаның аузы дуалы ақсақалдары мен жалынды жастарымен жақынырақ танысуға тырыстым. Мекемелерде бос тұрған орындар мен әкімдіктің бөлімдеріне жастарды тартып, біразын басшылық қызметтерге тағайындадым. Ал мұндай шешім қабылдамас бұрын ел үлкендерінің пікірі мен ойларын назарға алып, тағылымы мол тәжірибелеріне сүйендім.

Сондай ақылман, елжанды ақсақалдардың бірі әрі бірегейі көп жылдар бойы партия-совет органдарында абыройлы басшылық қызметтерді атқарған Жақсыбеков Социал ағамыз болды.

Әкімдік қызметіме толықтай кіріспес бұрын ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, сәлем беріп, ақ батасын алған едім. Жалпы менің түйгенім Шет ауданының еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін Социал ақсақал туралы тек жақсы пікір айтады.

Шет ауданының «Құрметті азаматы» атағына ұсыныс бергенімде де барлық депутат пен комиссия мүшелерінің бірауыздан қолдағаны Социал ақсақалдың абырой беделінің айғағы деп түсіндім. Халықтың атынан берілетін мерейлі марапатты алғанда ақсақалдың баладай қуанып, толқығаны әлі күнге есімде. Ал ол кісімен үзеңгілес қызмет атқарған замандастарының пікірлері де ағамыздың өмірден тоқығаны мол, өз заманында адалдықтың ақ туын көтеріп, қаймана қалың қауымға жанашыр, кез-келген істі шебер ұйымдастыра алатын білікті басшы болғандығын айқын аңғартады. Бүгінде тұтас бір әулеттің тамыры тереңге жайылған алып бәйтерегіне айналған қадірлі қарттың ұл-қыздарына бағыт-бағдар беріп, немере-шөберелерінің тәлім-тәрбиесімен айналысып отыруы да сол асыл қасиеттерінің бір көрінісі деп ойлаймын.

Ақсақалдың ақ батасынан кейін де қызмет жылдарымда айына не реті келіп тұрса аптасына бір мәрте амандығын біліп, араласып жүрдім. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де әлі күнге Шет ауданына жол түссе міндетті түрде аудан әкімі Мұхит Сайлауұлымен Социал ақсақалдың шаңырағына барып, иығына шапан жауып, хал жағдайын біліп тұрамын.

Былтыр немересі Тілектің үйлену тойында ақ костюм шалбар киген сымбатты ақсақалдың жадырап отырғаны біздің де жүрегімізді қуанышқа кенелтті.

Алайда, әттең-ай дейтін тұсы көптен күткен немеренің тойын ағамыздың өмірлік жары Назым апамыз көре алмай кетті. Назым апайдың да қолынан талай дәм татып, кең жайлау ақ пейілімен аналық ізгі қасиеттерінің куәсі болған едім.

Назым апай отбасының ұйытқысы болды. Ағамыздың абыройын әрдайым асқақтата білді. Амал қанша. Дұғадан басқа қолымыздан келер қайран жоқ.

Біздің қазақ «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді. Олай деуіме Социал ағамыз бен Назым апамыз ұл-қыздарына бойларындағы бар жақсы қасиеттерін беріп, елге сыйлы жақсы адамдарды тәрбиелей білгендігі негіз болмақ. Әрине, өз басым ағамыздың балаларымен аса жақын араласқан емеспін. Тек кенже ұлдары Саятпен Шет ауданына келгеннен бастап жақсы қарым-қатынаста болдым. Туған інімдей болды. Ол кезде Саят «Шеткоммунсервис» кәсіпорнының басшысы қызметінде еді. Саят білікті маман, шебер басшы ғана емес, жүрегі жомарт, достыққа да уәдеге де берік жайсаң азамат. Осындай адами қасиеттерімен ел арасында сый-құрметке бөленіп, екі мәрте Шет ауданының мәслихаты депутаты болып сайланды. Көп ұзамай Шет ауданының мәслихат төрағасы болып бекіді.

Аудан әкімі Мұхит Сайлауұлының басшылығымен ауданда жасалып жатқан көптеген игі шаралардың басы қасында жүріп, барынша қолдап жүргені мені қатты қуантады. «Түзде мықтысынған жігітті үйінде сына» деген нақыл тегін айтылмаса керек. Бұл орайда Саят бауырым өзіне сүйікті жар, қысылғанда ақылшы, қиналғанда тіреу болар жанды дұрыс таңдай білген. Жұбайы Бану ұл-қыздары мен ата-енесін мәпелеп баға жүріп, тұла бойына даналық тұнған, оқу-ағарту саласының майталман маманы, көптеген облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми-педагогикалық байқаулардың, ғылыми жобалардың жеңімпазы болғандығын мақтанышпен айта аламыз.

Тоқсан ауыз сөзімді түйіндей келе айтарым, абыз асқақалдың маған берген ақ батасы қабыл болды. Мен 4 жыл Шет ауданын басқарып зейнеткерлікке шыққан соң да 4 жыл облыс әкімдігінде жауапты жұмыстарды атқардым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталдым. Көптеген мемлекетік марапаттауға ие болдым.

Ал бұл жетістіктерімнің қайнар бастауында Социал ағам секілді аузы дуалы, шежіре кеуде, алтын сандық ел ағаларының тұрғандығы деп білемін. Кіршіксіз пейіл мен байыпты батаның арқасында үлкен ауданды абыроймен басқарып, көптеген туыс, өмірлік дос-жарандарымды тапқаныма қуанамын.

Ал осындай адам баласының өміріне шуақ нұрын сыйлайтын ардақты Социал ақсақалға ақ ниетпен мықты денсаулық, қажымас күш-қайрат, ортаймас несібе-дәулет тілеймін!

Марат ЖАНДӘУЛЕТОВ,

2016-2020 жылдар аралығында

Шет ауданының әкімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *