АЭС құрылысына кемі он жыл қажет

Елде атом электр станциясын тұрғызу үшін он жылдан аса уақыт керек. Ал оны тұрғызатын компания алдағы уақытта белгілі болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таңдау барысында әлемдік ұйымдардың технологиялары жан-жақтиы зерттелетінін айтты.  «Бұл оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Асуан Сиябековтің айтуынша, елдегі электр энергиясын өндіретін кәсіпорындар 70 пайызға тозып тұр. Ал энергия тапшылығы таяу жылдары өткір мәселеге айналуы мүмкін. АЭС қосымша қуат көзіне айналуға тиіс.

Атом энергетикасы қоршаған ортаны қорғау бағытында нақты қадамға айналмақ. Әлемде «жасыл энергетиканы» қолдау мақсатында көміртектің ауаға таралуын азайтуға күш салынып отыр. Сонымен қатар АЭС  барлық санаттағы тұтынушыларды, оның ішінде өндіріс пен халықты тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Қазір елге базалық энергия көзі қажет. Базалық энергияны атом электр және жылу электр станциялары береді.

– Бұл нысандар энергияны үздіксіз әрі тұрақты қамтамасыз етеді. Ал баламалы энергия көзінен, яғни жел әрі күн энергиясын беретін нысандарымен базалық қуатты қамтамасыз ете алмаймыз. Оларда табиғи өзгерістерге байланысты энергия беру қуаты құбылып тұрады, – деді Асуан Сиябеков.

Сондай-ақ атом электр станциясы экологиялық жағынан таза. Спикердің айтуынша, Еуропа елдерінде АЭС-ті «жасыл энергияға» теңейді. Мәселен, көмір жағатын жылу электр станциялары ауаға зиянды газдарды шығарады. Ал атом электр станциясын іске қосу арқылы елдегі кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтар жылына 8 млн тоннаға дейін азаяды.

АЭС-ке қажет отын қоры да елде жеткілікті. Қазақстан әлемдегі ең ірі уран қорына ие. Бұл әрине энергетикалық балансты әртараптандыруға мүмкіндік береді. Осылайша елдегі электр энергиясының негізгі бөлігін қамтамасыз ететін, бірақ көмірқышқыл газын көп мөлшерде шығарып, экологиялық қатерлерге әкелетін көмір электр станцияларына тәуелділікті азайту көзделіп отыр. Энергетика министрлігі ВВР-К ИЯФ зерттеу реактор комлексінің инженері Ерлан Каюпов бұл қадамның маңызды екенін айтуда.

– АЭС құрылысы Қазақстанға көмірқышқыл газының шығарылуын азайтып, экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар елдің экономикасының түрлі салаларын дамытуға серпін береді деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аймақтық инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде, елдің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін оның ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтады. Осылайша, Қазақстандағы АЭС құрылысы жобасы тұрақты даму жолындағы маңызды қадам болып табылады. Ол энергиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және дәстүрлі энергия көздеріне байланысты экологиялық тәуекелдерді азайтуда шешуші рөл атқара алады, – деді инженер.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Райымбек Баталовтың сөзіне сүйенсек, атом электр станциясының құрылысы отандық бизнестің дамуына қуатты серпін береді.

– АЭС тұрақты энергиямен қамтамасыз ететін негізгі көз болып табылады. Бұл бизнесті дамытуға керемет мүмкіндік. Әсіресе, тау-кен және металлургия, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және басқа да көптеген энергияны қажет ететін салалар үшін маңызды. Жалпы, шағын және орта бизнес көміртекті бейтараптықты табысты іске асыру үшін электр энергиясын жеткізуді қажет етеді. Елімізге барлық шикізаттық емес салаларды әртараптандыру қажет. Бірінші кезекте – бұл жаңартылатын энергетика және атом энергетикасы үшін таза энергияның базалық генерациясына айналуы мүмкін. Аталмыш саланы қолға алу – біздің экспорттық өнімді сатуға арналған көміртегі салығын азайтуға мүмкіндік береді, – деді Райымбек Баталов.

Сонымен қатар оның пайымынша, атом электр станциясын салу және пайдалану ілеспелі салалардың дамуын ынталандыратын озық технологияларды, соның ішінде ІТ және инновациялық шешімдерді енгізуді талап етеді. Соңғы екі жылда біздің мамандар Түркия және басқа да өңірлерге барып, шағын, орта және ірі бизнестің жаңа технологиялармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп келді.

– Тағы бір маңызды аспект – жұмыс орындарын құру және адами ресурстарды дамытуға байланысты. Осы тұрғыда білім беру мәселесін де айта кеткен жөн. Жоғары технологияларды меңгеру шағын, орта және ірі бизнестің дамуына сөзсіз серпін береді. Жалпы, атом энергетикасы экономикамыздың дамуына елеулі мультипликативтік әсер беретініне сенімдіміз, – деді Басқарма төрағасы.

Халық референдумда АЭС құрылысын қолдады. Енді құрылысты бастау үшін кемінде бір жарым жыл қажет. Себебі Үкімет нысанды салу үшін алдымен құжаттарын реттеуге тиіс. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтуынша, арнайы консорциум құрылады. Оның құрамында 5 мемлекет болады. Оның құрылуы мен құрамына қатысты шешім келесі жылы қабылданады.

– Консорциум мүшелерінің тізімі, құжат қашан жасалатыны, мердігер, жобалаушыға қатысты сұрақтарға келесі жылы жауап беріледі. Әлем мойындаған компаниялардың техникалық-экономикалық негіздемені дайындауына бір жыл, ал жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бір жарым жыл керек. Бұл – өте қысқа уақыт. Содан кейін атом электр станциясының құрылысы басталады, – деді Роман Скляр.

Атом энергетикасы келешекте әлемдегі базалық қуат көзіне айналуға тиіс. Халықаралық сарапшылардың пікірі осындай. Қазақстан да атом электр станциясын тұрғызу арқылы тұрақты энергияға қол жеткізіп, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Манас АҚСАРЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *