Қайда апарып соғасың, Өлең, мені?

Балтабай Батталғазин есімі жырсүйер жұртқа жақсы таныс болса керек. Өзі туралы өлеңдері айтады. Өзге туралы да, өмір туралы да иісін шығарып жырлайды. Қадалып тұрады, бипаздап сыланып, таранып тұрмайды жырлары. Кейінгі кезде көп көрінбегенімен, зейінді көзге түскен өлеңдері ойландырмай қоймайды. Қарағандының ғана емес, қазақ өлеңінің кеңістігіндегі ақынның қолымызға түскен шумақтарын елдің есіне түсіріп қоюды жөн санадық.

 

Атымның Балтабай аталуы

 

Мың тоғыз жүз елу төрт, томырық түз,

Көктем шығып, кетіпті өкіріп қыс.

Қатар қонып, біздің үй Қожа атаммен,

Малдан ата қыстағында отырыппыз.

 

Жылдар легі алды-артқа қаратқан ба?

Жылапты әкем «ұл бер» деп Жаратқанға.

Қабыл болып тілегі бір ұл, бір қыз,

Дүниеге келіппіз таң атқанда.

 

Жылқы жылы, көктемнің мамырында,

Қан жүріпті лүп етіп тамырымда.

Бірінші боп айқайлап мен келіппін,

Менен кейін келіпті сыңарым да.

 

«Көк түтінім керіп үш түндігімді»,

депті әкем: «Ұзақ қыл бұл күнімді!»

Қожа атамның кемпірі Бибі шешем

Балтаменен кесіпті кіндігімді.

 

Жылап аштым ақ дүние-есігімді,

Қыстақ қана естіпті есіл үнді.

Нығметолла қожа атам қолын жайып,

«Балтабай» деп қойыпты есімімді.

 

Кісі болдым күш алып бойға бекем,

Сыңарымды сағынып, ойға кетем.

Рухы биік болсын деп бұл қызымның,

«Рухия» деп атын қойған екен.

 

Бар ма екенсің сол қыстау жырақтағы,

Сағыныштан жүрегім жылап қалды.

Рухы биік болғанмен сыңарымның,

Жаны биік болмады бірақ-тағы.

 

Қайда қалдың туған жер, жұрт ұялы,

Өңін бермес өмір-ай, бұртималы.

Балта болып батырлық көрсетпедім,

Бай болып та бүйірім бұлтимады.

 

Тартқызыпты әкеме пейілімді,

Тартқызыпты анама зейінімді.

Қожа атамнан аумаймын – құдайшылмын,

Бибі апамнан аумаймын – мейірімді!

 

***

Келемін бітпей әттеңім,

Жер-ана, сенің үстіңмен.

Тіршілік қандай тәтті едің,

Жарық күн неткен ыстық ең.

 

Жылуын әлі пана етем,

Айналдым, ару – анамнан.

Дүйсенбі күні таңертең

Табылдым ауруханадан.

 

Көнбістігім де ерен-ді,

Таныттым тағы кекселік.

Қолымен бұрап денемді

Оташы шықты тексеріп.

 

Ұмыт боп ғажап әндерім,

Тірелдім тағы бөгетке.

Ыңылдап бір кез дәрігерім:

– Кінәрат, – деді – көк етте.

 

Оташының кеткен еті өліп,

«Өзіміз бәрін ептейміз.

Ішегіңізді әрі итеріп,

Көк етті сонсоң көктейміз».

 

Тағы да айтты: «Уайымдап,

жүрмеңіз, тілек тілеңіз.

Екі күн сізді дайындап,

Сәрсенбі күні тілеміз».

 

Көтертпей бойым, еңсемді,

Бұлтиған жерім ісінген.

Ырымға балап: «Сәрсенбі –

сәтті күн», – дедім ішімнен.

 

Баламның жақсы қиялы,

Солар ғой берер күш маған.

Айтқанда операцияны

Көзіме келді үш балам.

 

Алдымнан шығып отты арай,

Тоса көр алтын, жақсы ұям.

Не болар екен, доктор-ай,

Доктор-ай, операцияң?..

 

Бәрі үйір ақын-асауға,

Мұңдарға жаным кенелді.

Сәрсенбі емес жасауға,

Ертеңіне ала жөнелді.

 

Қандай ед шіркін тегіміз,

Бабалар кеткен үйретіп.

Арбаға салып екі қыз,

Келеді мені сүйретіп.

 

Бере гөр Алла жақсы атын,

Болатын әрбір істің де.

Ана жыл кеткен Мақсатым,

Осындай арба үстінде.

 

Жасымнан қатар досты ұққам,

Өтірік-өсек айтпаған.

Сұм арба сонда бос шыққан,

Мақсатым сонда қайтпаған.

 

Алмаға хабар бергізіп,

Жанаттың болды ақылы.

Көк етті көктей тілгізіп,

Жасатып шықтым ақыры.

 

Ақынның айтқан назын ұқ,

Аман бол, аға, көкем-ау.

Пышақтан адам жазылып,

Пышақтан өледі екен-ау.

 

Жалғасып жатса от демім,

Туған ел сенің уың да – ем.

Өмір-ай, қандай тәтті едің,

Қандауыр, қандай суық ең?!

 

Аманжол Рақымжанның Қасымына

Балалық, балғын шағы кісі есінде,

Алғашқы өлең жазған қыз есімде.

Қасымның өлеңдерін оқып жатып,

Әкемнің ұйықтаушы едім тізесінде.

 

Қаншама, қайран жүрек, зақымдандың,

Мені де мүмкін болар мақұлдар күн.

Сұрап алып, біреуден қалап алып,

Жинақтарын жинаушы ем ақындардың.

 

Қара шал қанымдағы ар болатын,

Жұмыс деп, өкімет деп зар қағатын.

Әбділда, Әбулердің арасында,

Қасымның кітабы да бар болатын.

 

Дүкеннен кеп түймесін ағытатын,

Ерніне насыбайды тоғытатын.

Қос жастықты қолтыққа ап, мына маған

Қасымның өлеңдерін оқытатын.

 

Өмір-ай, басы – жайлау, етегі – қар,

Әкемнің бірде осылай дегені бар.

Шерлі шал жанарлары жасқа толып,

Қасымды оқытатын себебі бар.

 

Тірлікте тиіп өткен елге себі,

Менің әкем ұстаның көкесі еді.

Қасым сынды ақынның әкесі емес,

Қасым сынды солдаттың әкесі еді.

 

Қайраты қайтпаған кез қалып бойдан,

Қара дүкен – тылдағы алып «майдан»,

Соғысы басқыншының құтқармаған,

Қозысы қан майданда қалып қойған.

 

«Келемін қайтып, өлеңімді айтып.

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс».

 

Ұлы кеп өз түндігін серпімейді,

Ұлы енді өз көрпесін желпімейді.

Қасымның осы өлеңін оқығанда,

Әкемнің екі иығы селкілдейді.

 

Тәубесі Тәңіріне кемімейтін:

«Енді Алла аман қылсын сені» дейтін.

Қасымның қайтқанына қуанатын,

Ұлының қалғанына еңірейтін.

 

Фашистің бірін қоймай орғым келіп,

Орғым келіп, тезірек толғым келіп.

Шал отыр-ау қастарынсолғын керіп,

Мен отырам Қасымдай болғым келіп.

 

Кім-кімдерді Алматы көрмеп еді,

Ақындар Алматы деп өлмеп пе еді.

Қасапханадан сау келген сол Қасымға

Масаханалық орын да бермеп еді…

 

Жырының жазып қойып бастамасын,

Лебімен жылытып алып жас баласын.

Дұшпанның астанасын қиратып кеп,

Өзінің кезіп жүрген астанасын…

 

Қолдай гөр, Қасым ағам, жебеп бүгін,

Мықтылар мықтымсынғанға себеп-тұғын.

Қасымға қарағаны рас еді,

Ақындар қалай жазу керектігін.

 

Бармайтын бір адамға ақыл сұрап,

Береді тек Аллаға ақын – сынақ.

Қазақтың поэзия әлемінде

Қасымның қасқа жолы жатыр сұлап.

 

Әй, Аға, өзің менен жағам толып,

Адалдық таппай жүрсең, маған жолық.

Жаңғыртып жердің үстін жатқан әлі

Сен неткен бақытты едің, Аманжолов!

 

Пешінде аярлардың пісесің де,

Солардан күдеріңді үзесің де.

Дариғай-ай, Қасымды оқып тағы да бір

Әкемнің ұйықтар ма едім тізесінде.

 

***

Биссимилла ирраһман ирраһим

Бұл еңбегімді әкем Батталғазының, анам Бәтеннің, ұлым Мақсаттың рухтарына арнаймын.

 

Тегіңнен тұрып дара шың,

Көңіліңді келіп таза ақтар.

Сүйетінім де Алашым,

Күйетінім де қазақтар.

Пейілдеріңе қандым ба,

Сендермен күнім қайырлы.

Кітабым емес алдыңда,

Жүрегім жатыр жаюлы.

***

Заманымда аумалы, төгілмелі,

Көп ойымды айтқызбай көңілдегі.

Сезімге мұң, көзіме жас толтырып,

Қайда әкетіп барасың, Өмір, мені?

Соға тұршы жүрегім денемдегі,

Ақ көңілім кірленді, еленбеді.

Болмысымның барлығын біліп алып,

Қайда апарып соғасың, Өлең, мені?

 

Менің Әкем

 

Менің әкем жүз жасады қартайып,

Отыратын абызымед төрдегі.

Күлкі болып, тал-бұтаға талтайып,

Әлдекімдей ауын ашып көрмеді.

 

Жүрегі де, тілеуі де қардайақ,

Айналасын отыратын қарық қып.

Алжымай-ақ, салмағын да салмай-ақ,

Ақ күйінде кете барды, жарықтық.

 

Жастық шақта жүздерінен ар таймай,

Жігіт болып, ғұмыр кешу – бір ерлік.

Қартайғанда қазымыр боп қартаймай,

Қазына боп қартаю сол – мың ерлік!

 

Екі жалғыз – жанды бақтық жымдасып,

Кеткен күндер, өткен өмір ол да аңыз.

Әке болып, бала болып, сырласып,

Әңгімеден көркейетін ортамыз.

 

«Ойлары да, әңгімесі келелі,

Шалдың мұндай болады екен керімі», —

Он жыл бұрын дәл осылай деп еді

Асау ақын Ақсұңқардың Серігі.

 

Өңез күнім – өлеңімнің тіркесі,

Қаламсабым – ойларымның қайласы.

Менің әкем – парасаттың пілтесі,

Менің әкем – кісіліктің қоймасы!

 

Жүрегімнен алсам жырға тамыздық,

Көңіл сонда көкжиектен қайтады.

Бүгін менің әкем жайлы аңыз ғып,

Ақтоғай мен Қарқаралы айтады.

 

Лайын көрмей өтсем деймін тұнықтың,

Құнын біліп, ертең келер ұяттың.

Мен – асылдың артындағы сынықпын,

Мен – пырақтың соңындағы тұяқпын!

1995 жыл

 

***

О, ана, асыл ана, жасын ана,

Пәк жаның маған қарай асыға ма?

Қабыл ала тұр әзір, осы өлеңім,

Балалық махаббаттың басы ғана.

 

О, ана, асыл ана, жасын ана,

Пәк жаның маған қарай асыға ма?

Ақын болып жазғам жоқ бұл өлеңді,

Көзімнің тамып түскен жасы ғана.

 

1954 НЕМЕСЕ ЖЫЛҚЫ ЖЫЛҒЫЛАР

 

Ес білгеннен нұрланып тұрып,

Бойымды жудым тұныққа.

Отыз тоғыз жыл ұрланып қуып,

Жетіп те қаппын қырыққа.

 

Мұң-шеріңді қайда айтып тынарсың,

Сүреңсіз өтсе ғұмырың.

Жүйріктігімді байқаған шығарсың,

Жеткізбей қойған, қырығым.

 

Қатырдық бүгін басты қаншама,

Сөгілді тырнақ көбеміз.

Отыз тоғыз қырдың асты болса да,

Қылтиды міне төбеңіз.

 

Тамтығы қалды әлсіреп бұл да,

Өлеңдерімнің өрнегі жаздай.

Қырықта тағы тауқымет тұр ма,

Отыз тоғыз жыл көргенім аздай.

 

Балағымнан оқ саулап талай,

Тағдырым шықты тұздыққа.

Обалар құсап оқшаулап қалмай,

Отызда орда бұздық па?…

 

Айналсадағы аты аңызға,

Шүмекті бесік жөргегім едің.

Қырыққа келіп қыр асамыз ба,

Жылдары бірге төлдерім менің.

 

Текті далам-ай, ұранға толған,

Түскенде тыңныңбараналары.

Отызында да орнықты болған,

Елу төрттің шараналары!

 

Күншілдіктің мұзартын жоймас,

Соларды қайтем әйгілеп тегі,

Қырықта тағы қызарта қоймас,

Жылқы жылғының сәйгүліктері!

1994 жыл.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *