Көмірлі өлкедегі еріктілер ұйымдары жақсы дамыған, олардың жұмысы ойдағыдай жолға қойылған. Қарағандылық волонтерлер қысы-жазы қол қусырып қарап отырған емес. Облыстағы тазалық шараларынан бастап, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жұмыстарының басы-қасында жүр. Елдегі төтенше жағдайлар кезінде де облыс еріктілерінен құралған жасақтар алдыңғы шептен көрінді. Мәселен, былтыр еліміздің солтүстік және батыс өңірлерін су басқан кезде де қарағандылық волонтерлер бір кісідей қол ұшын созды.
Биылғы көктемге дайындық барысында да волонтерлік ұйымдардың әзірлігіне ерекше мән берілді. Өйткені тосын жағдай, төтенше апат орын алса, құтқарушылармен қатар осы еріктілер ұйымдары бірінші болып көмек көрсетуге тиіс болды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтер өкілдері еріктілер жұмысын жоғары бағалайды. Түрлі деңгейдегі жиындарда Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері еріктілерге қажырлы еңбегі мен азаматтық белсенділігі үшін алғыс та айтып жүр. Ал облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, аймақ волонтерлері облыстың мақтанышына айналды.
– Елімізде еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жыл еріктісі» халықаралық премиясы тағайындалып, 230-дан астам волонтер марапатталды. Бүгінде Қазақстанда 275 мыңға жуық ерікті бар. Ал біздің облысымызда еріктілер ұйымдарына 5 мыңнан астам адам мүше. Сіздердің әрқайсыңызды «Адал азамат» деген атаққа лайық деп білемін, – дейді аймақ басшысының орынбасары.
Облыста еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған жаңа бастамаларбаршылық. Мәселен, аймақта 5 мыңнан астам еріктінің жұмысын үйлестіруге арналған цифрлық база құрылады. «JasProKrg» деп аталатын платформада әрбір волонтердің қызметі тіркеледі. Және сол қызметіне сай ұпай беріліп, ұпай саны бойынша үздіктер анықталады. Яғни жиналған ұпайлардың негізінде ай сайын облыстың үздік еріктілерінің рейтингі жасалып, жалпақ жұртқа жарияланады. Бұл бастама еріктілерді қолдап, оларды ынталандыру мақсатында қолға алынып отыр.
Ал жыл соңында жыл бойы мінсіз қызмет көрсетіп, талмай еңбектенген жастар марапатталады. Бұл еріктілерге облыстың жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алуға арналған гранттар, өңірдің санаторий-профилакторийіне жолдамалар беру, беделді компаниялар мен кәсіпорындардағы тағылымдамадан өтуге жол ашу және тағы басқа көптеген мүмкіндік ұсыну қарастырылған.
Әп еріктіде Ерікті паспорты болуы қажет. Сол паспортқа қарай рейтинг түзіледі. Бұл паспорт волонтердің жұмысын, тәжірибесін куәландырады. Паспорттағы тіркелген ақпаратқа сай гранттар мен жұмысқа орналасуда басымдық беріледі.
– Жастардың белсенділігі – қоғам дамуының көрсеткіші. Еріктілерді қолдау және олардың қызметін ынталандыру – біздің басты міндетіміз. Волонтер паспорты мен JasProKrg платформасы арқылы біз еріктілердің еңбегін лайықты бағалап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз, – дейді облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Биыл елімізде алғаш рет республикалық волонтерлер форумы өтеді. Ол форумды Балқаш қаласында ұйымдастыру жоспарланып отыр. «Balkhash Tour Fest» аясында өткізілетін бұл шара волонтерлік қызметтің өркендеуіне ықпал етіп қана қоймай, қаланың туристік әлеуетін арттыруға да серпін бермек.
Манас АҚСАРЫ