Аймақтағы ардагерлерге әлеуметтік қолдау

Олар Отан үшін жан беріп жан алысты, сондай-ақ қу жанын шүберекке түйіп болашақтың кепіліне айналды. Біздің бүгінгі өміріміздегі ардагерлердің еңбегін айтып тауыса алмаймыз. Осыны ескергендіктен шығар, былтыр 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығына орай материалдық көмектің бірыңғай мөлшері – 5 миллион теңге болып белгіленгені мәлім. Бұл төлем аймақ көлеміндегі 8 ҰОС (Ұлы Отан соғысы) ардагері мен мүгедегіне берілді.

Сондай-ақ қалалар мен аудандардың бюджеттерінде ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша теңестірілген тұлғаларға біржолғы материалдық көмек қарастырылып отыр. Мәселен, 29 концлагерь тұтқынына – 200 мың теңгеден; Ленинград қоршауында болған 10 тұрғынға – 200 мың теңгеден; 2 613 тыл еңбеккеріне – 100 мың теңгеден; ҰОС жылдарында қаза тапқан (қайтыс болған) жауынгерлердің 106 жесірі мен жұбайына – 50 мың теңгеден қарастырылған. Жалпы аймақ бойынша 2 766 ардагерге 305,4 млн теңге көлемінде төлем жасалды.

Иә, біз ардагерлерді құрметтеу арқылы өткеніміз құрметтеп, бүгіннің қадірін арттырамыз. Олардың өлшеусіз тері мен жанқиярлық еңбегі және ұрпақтары бүгінгі Қазақстанның өміріне атсалысып жатқаны үнемі көкейде жүруі тиіс. Шындығын айтқанда бүгініміздің іргетасы ретінде бағалауға керек.

Ұлы Отан соғысындағы ардагерлерден бөлек 200 мың теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек 1 169 Ауған соғысының ардагеріне; Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан 397 адамға; Тәжік–Ауған шекарасында әскери қызмет атқарған 291 әскери қызметшіге; Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеуге қатысқан 180 адамға; Ирактағы бітімгершілік операциясына қатысқан 3 бітімгерге берілді. Аталған төлемдердің жалпы сомасы – 408 млн теңге. Сондай-ақ 259 ардагерге санаторий-курорттық емдеу ұйымдастырылды.

***

Аймақ билігі әлеуметтік қолдауда кейін қалып келе жатпағанын Қарағанды облысындағы мүгедектігі бар адамдарға қолдаудан да байқауға болады. Бүгінде өңірде ерекше қажеттіліктері бар 54 880 адам тұрады екен, оның ішінде 5 412 бала бар.

Мүгедектігі бар адамдардың жеке оңалту бағдарламасының орындалуы 98%-ды құрайды (қажет еткендер – 38 332, нақты орындалғаны – 37 550). Инватакси қызметін көрсетуге былтыр жергілікті бюджет қаражатынан 1,2 млрд теңге бөлініп, 2 328 адам қамтылды. Бұл қызмет Қарағанды облысының барлық өңірлерінде қолжетімді. Тасымалдау 195 автокөлікпен жүзеге асырылады, оның 15-і арбадағы азаматтарға арналған арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған.

I топтағы мүгедектігі бар адамдарды сүйемелдеу қызметі бойынша әлеуметтік көмек кепілдендірілген соманың 70% мөлшерінде көрсетіледі. Бұл мүмкіндікті 212 адам пайдаланған. Мүгедектер арбаларын жөндеу жобасы іске асырылды. Өткен жылы 300 арба жөнделді.

Нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету аясында Қолжетімділік картасына 1 731 нысан енгізілген. Бүгінгі таңда оның 1 283-і бейімделген. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және түрлі бағыттар бойынша кеңес беру (жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу, заңгерлік және психологиялық көмек, мемлекеттік қызметтер бойынша құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесу және басқа да бағыттар) үшін Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталықтары ашылды. Олар Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Абай қалаларында жұмыс істейді.

Өңірде иппотерапия қызметі де қолжетімді. Бұл қызметті 75 бала алған.

Облыстың барлық қаласы мен аудандарында мүгедектігі бар адамдар мәселелері бойынша әкімдердің кеңесшілері тағайындалған.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ