Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отандық тамақ өндірісін күшейту туралы тапсырма берді. Бұл бағытта елде өңдеу кәсіпорындарының санын көбейту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қарағанды облысында да аталған бағыттағы шаралар қарқынмен қолға алынды. Мәселен, қазіргі уақытта аймақтағы ауыл шаруашылығы саласында құны 36,4 млрд теңге болатын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Тартылған инвестиция мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға бағытталған. Соның арқасында биыл өндіріс көлемі 5 пайызға артуға тиіс. Жоспарланған жобалар шеңберінде фермерлер суармалы алқаптар аумағын ұлғайтып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлмек. Бұл өңір экономикасын әртараптандыруға жол ашып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, жаңа жұмыс орындары құрылады. Яғни өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Облыстың ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусинтің айтуынша, биыл дәнді және майлы дақылдар алқаптары 104,9 мың гектарға ұлғаяды.
– Биыл шамамен 1,2 млн гектарға дән себіледі. Қазір егістік алқаптарын қайта бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда бидай егістігін қысқарту арқылы майлы және жемшөптік дақылдар егістіктері артады. Сондай-ақ биыл картоп пен көкөніс көбірек егу жоспарланып отыр, – деді Саят Мусин.
Қазір облыста егіс науқанына дайындық қызу жүріп жатыр. Диқандарда тұқым, тыңайтқыш, отын жеткілікті. Техника паркін жөндеп, жаңартып қойды. Бұдан бөлек бүгінде арзандатылған дизель отынын жеткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру айтарлықтай жемісін беруге тиіс. Жобалардың басым бөлігі егін шаруашылығына тиесілі. Яғни мұнда 11 жоба жүзеге асады. Ал мал шаруашылығында – 6, қайта өңдеу саласында 7 жоба бар.
Жекелеген аудандарда да қарқынды жұмыс байқалады. Мәселен, Нұра ауданында егін және мал шаруашылығымен қатар балық шаруашылығы жұмысын бастамақ. Қазір Ахмет ауылында форель шаруашылығы жобасы қаржыландырылып отыр.
Сондай-ақ Бұқар жырау ауданында сүт өнімдерін өндіретін цех тұрғызылып жатыр. Бұдан бөлек жанында ет комбинаты бар мал бордақылау алаңын салу жоспары бар.
Ауыл халқына қолдау ретінде «Ауыл аманаты» жобасы жемісін беріп отыр. Жоба шеңберінде үш ауданда – Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында пилоттық режимде «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойынша кооперативтер құрылады. Облыс басшылығы тарапынан тиісті қолдау жұмыстары жасалды.
Ауылшаруашылығымен қатар аймақта өндірістегі жобаларға айрықша ден қойылған Қазір облыста сәтімен жүзеге асқан жобалар баршылық. Мәселен, Saran индустриялық аймағы жыл санап кеңейіп келеді. Жақын уақытта екі жаңа өндірістің құрылысы аяқталады. Яғни осы көктемде ыстық мырыштау зауытын, ал жазда «ТЭМПО Қазақстан» компаниясының болат тік тігісті құбырлар өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.
Ыстық мырыштау зауыты мырышталған бұйымдар шығарады. Бұл кәсіпорында 115 жаңа жұмыс орны ашылады.
«ТЭМПО Қазақстан» компаниясы болат электрмен дәнекерлеу арқылы тік жікті құбырларды шығарады. Бұл өнімдерге сұраныс зор. Яғни зауыт өнімдері металл құрылымдарын салудан бастап су құбырларын төсеуде қолданылады. Жаңа кәсіпорында 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Индустриялық аймақтағы тағы бір табысты жобалардың бірі – Tengri Tyres шиналар өндірісі. Бұл елдегі шина шығаратын ірі инвестициялық жобалардың қатарынан саналады. Бүгінде зауыт Attar шиналар брендін шығару бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Кәсіпорында 839 адам еңбек етеді.
– Attar шиналар бренді кезең-кезеңімен жүзеге асады. Зауытта жеңіл, жеңіл жүк және жүк машиналары үшін 37 түрлі өнім шығарылады. Биыл барлығы 1,2 млн шина шығару жоспарланған. Ал толық қуаттылыққа шыққанда 3,5 млн данаға дейін ұлғаяды, – дейді Tengri Tyres зауытының директоры Александр Уставщиков.
Зауыт өніміне нарықта сұраныс зор. Өнімді негізінен отандық автокөлік зауыттары тұтынады. Сондай-ақ шиналар ішкі нарықпен қатар, ЕАЭО мен Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Осы жерде тұрмыстық техниканы шығаратын Silk Road Electronics зауытында жаздан бастап танымал кореялық Samsung брендінің теледидарлары шығарыла бастайды. Жыл соңына дейін 70 мыңға жуық теледидар құрастыру жоспарланған. Өндіріс үшін Silk Road Electronics компаниясы SMT баспа платаларын, металл бөлшектерін, ұнтақ бояу және эмальдау цехтарын ашады. Ал алдағы жылы кәсіпорын тұрмыстық техника өндірісінің келесі кезеңіне, яғни бөлшектерді штампылауға көшеді. Бір айтып өтері, өндірісте жергілікті шикізатты қолдануға баса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, теледидар өндірісінде Qarmet болаты қолданылады.
Ал Сарандағы тағы бір жемісті жоба – QazTehna автобус зауыты штампылау өндірісіне көшуге дайын. Бұл елдегі машина жасау саласына серпін беруге тиіс. Жаңа жоба биылғы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады. Мұнда да Qarmet компаниясының мырышталған болаты шикізат ретінде пайдаланылады. Яғни кузов бөлшектері жергілікті болаттан жасалады. Қазір металл үлгілері Yutong компаниясының мамандарына сынақтан өткізуге жөнелтілді.
Ал өңірдегі ілргелі кәсіпорындардың бірі Qarmet компаниясы 2028 жылға қарай өндіріс көлемін орта есеппен 66 пайызға арттырмақ. Зауыт даму барысында еңбек қауіпсіздігін алға қойып отыр. Қазір мұнда 35 мың адам жұмыс істейді. Жаңа жобалар нәтижесінде болат өндірісі артып, жергілікті шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосады. Бүгінде компания ірі бизнес айналасында өнеркәсіптік кластер жобасын құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Мұнда офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігі қарастырылған. Жаңа жоба экономиканы әртараптандыруға жол ашып, өңірдегі бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Соның арқасында жергілікті өнім түрі көбейіп, импортқа тәуелділік азаяды. Бұдан бөлек мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Яғни барлық саладағы жүздеген жобаның арқасында мыңдаған адам еңбекпен қамтылады.
Манас АҚСАРЫ