Шөптің басы қозғалса, айдай әлемге жар сала жөнелетін ақпарат көздері бұл жолы жұмған аузын ашпады десе болады. Қарағанды-Ақадыр теміржолындағы Қарабас бекетінде жүк пойызы релстен шығып, маңайын жайпап, астығы жерге төгілгенде. Жергілікті бірер сайтта және жекелеген әлеуметтік парақшаларда көрсетілді, болды. Біздің елде ақпарат оқиға орнынан берілмейді, әуелі өңделеді немесе оқиға күні бұрын ойластырылады. Мұндай оқыс жағдай мәшһүр бола бермейді. Себебі жемқорлықтың артын жабуы керек қой. Және бұлай пойыздың релстен шығып төңкерілуі дәл осы жерде бір емес, екінші мәрте қайталанып тұр. Осының алдында ғана пойыз аударылған. Апат болған жерде жағдай тағы қайталанды. Шығын шаш етектен, пойыздар кестесінен кешігуінен жолаушылар зардап шегіп жатса да, ресми БАҚ үнсіз.
Басқаны қайдам, қазір пойызға отырудан шошитын болдық. Алда-жалда… Құдай сақтасын!
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 желтоқсанда сағат 7:45-те Қарағанды-Ақадыр учаскесінің Қарабас станциясында жүк пойызының 19 вагоны рельстен шығып кетті. Зардап шеккендер жоқ.
Мәлімет бойынша, вагондардың жолдан шығып кетуі жеке меншік иесіне тиесілі бірінші астық тасымалдаушы доңғалақ жұбының кептелісіне байланысты болды. Жағдайды тексеру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-та арнайы комиссия құрылды» депті.
Бұл жерде «зардап шеккендер жоқ» деудің өзі барып тұрған ұят жағдай. Адам факторына байланысты айтқаны ғой. Ал аталған апат кесірінен жолаушы пойыздардың бәрі уақытынан кешігіп, қарапайым адамдар зардап шегіп жатқан жоқ па? Ол еленбейді. Қаншама пойыз бірнеше сағаттап уақытынан кеш жүргені өз алдына, Ақадыр-Теміртау қатарлы пойыздар тіпті елеусіз қалған. Мемлекеттік маңыздағы қала аралық пойыздарды зорға қадағалап, белгілі бір бекеттер арасындағы әлгіндей пойыздарды ұмытып та кеткен. Сөйтіп, жарты тәулікке дейін кешіккендері бар. Ол қаншама адамның жолын кесті… Жолаушы пойыздарының уақытынан сағаттап қалғаны өз алдына.
«Вагондардың жолдан шығып кетуі жеке меншік иесіне тиесілі бірінші астық тасымалдаушы доңғалақ жұбының кептелісіне байланысты» делініпті. Ойпырай, ә! Жеке меншікке жауып құтылуға құлаш ұрыпты, ә?! Егер олай болса, осының алдында, қараша айының соңында тағы да тура Қарабаста жүк пойызы релстен неге шығып кеткен? Темір жолда істейтін таныстар айтады.
«Біздің сала тұралап тұр. Бәрі тозып біткен. Тәуелсіздік жылдары жаңадан келген құрал-сайман жоқтың қасы, бірен-саран ғана. Жұмыс істеуге тиіс заманауи құрал-саймандар келмек түгілі, релсті бекітетін болт жоқ. Бұрын олар көрінген жерде шашылып жататын. Қазір жоқ. Жұмыскердің бәрі бекет арасында жауын-шашында жаяу жүр. Көлік қарастырылмаған. Бұрын оның бәрі болатын» дейді. Ал осыны айтқан адамның аты-жөні толық жазылса, жұмысынан айырылуы әбден кәдік. Және мұны теміржолда істейтін бір емес, бірнеше жұмыскердің аузынан естіген соң батыл жазып отырмыз.
Теміржолға жұмысқа тұру үшін кемі бір ту бие екенін кез келген ауылдық біледі…
Дереккөздер осы жолы аударылған вагондар мен төгілген астық шығыны 1 млрд екенін көрсетіпті.
«Әрбір астық тасығыштың құны 38,5 млн теңгені құрайды, яғни 19 астық тасығыш үшін 731,5 млн теңге. Тауар вагондарының әрқайсысында 10 млн теңге тұрады, жалпы алғанда олардың құны – 190 млн теңге. Сондай-ақ, апатқа байланысты айыппұл санкциялары қарастырылған келісімшарттар орындалған жоқ. Жалпы, Новоишим астық компаниясындағы залал сомасы 1 млрд теңгеге бағаланады», – деп жазды El Dala басылымы.
Бұл шығын емес, ҚТЖ-ның осыған дейінгі жемқорлығы мен парақорлығының азғантай ғана өтеуі десе дұрыс. Ал төгілген астықты теміржолдың қарапайым жұмыскерлерін пайдаланып, тегін жинатып, арттырып жатқанын айтпасақ та болады. Былыққа бір батқанға дауа жоқ екен…
Жәнібек ӘЛИМАН