АЙТАЙЫН ЖАҚСЫЛАРДЫҢ ЖАРАСЫМЫН

Өткен ғасырдың оқиғаларына бүгінгі күннің көзімен қарауға болмайды екен. Оның өзінде кейінгі жарты ғасырда талай дүние өзгеріп, сол уақыттың оқиғаларына, сол мерзімде өмір сүрген адамдарға бүгінгі ұрпақтың көзқарасы түбірімен өзгеріп, тіпті кейбіреулері коммунист деген сөзден өлердей қорқатын дәреже жетіп, әкесі, атасы, нағашысы сол дәуірде өмір сүрмегендей кейіп танытады. Бұл – көрсоқырлық.

Өзім ес білгелі отыз жылдай кеңес өкіметінің жақсы – жаманды жағдайларын көріп өстім. «Ақшатау» совхозы жекеменшікке тарап кеткенше, сол ауылдың соңғы жұмыскері болып жұмыстан босадым. Соңғы қызметкері Жақсыбеков Социал ағатай еді. Совхоз тарағаннан, кейін шаруашылық қауымдастық болып қайта құрылды. Қарамағында бірлі-жарым техникасы, аздаған малы болды. Қауымдастықтың есеп-қисап жұмысы Сәкеңнің басшылығымен жүргізіліп отырды.

Сәл артқа шегінсек. Ол кезде бүкіл шаруашылықты жүргізіп, бақылап отыратын аудандық партия комитеті еді. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Сәл қылдан тайсаң бітті, қызметіңмен қоштасып, жылқышы немесе шопан болып шыға келуің оңай. Ондай шешімді қабылдайтын аудандық партбюро, орындалысын бақылайтын жергілікті жердегі бастауыш партия ұйымының хатшысы. Шаруашылықтың директоры бүкіл шаруаға жауап беретін болса, партком хатшысы партиялық нұсқаулар мен идеология жұмысын басшылыққа ала отырып, жылдық жоспардың орындалуын қадағалайтын жауапты тұлға болып есептелетін. Оның үстіне халықтың тыныс-тіршілігінің бағытын бағдарлап отыру да оңай жұмыс емес. Ол үшін ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, ата-баба дәстүрінен ажырамай, өзекті деп есептелетін, халықтың ұлттық негізінен бастау алатын өнер түрлерін дамыту мәселесі бірінші орынға қойылатын. Кей жағдайларда мұның өзі жоғары жақтан қолдау таппай, істеп жатқан жұмыстарынңның теріске шығарылып жататыны да таң болмайтын. Сондықтан ауылдағы бастауыш партия ұйымын басқару да оңай болмайтын.

Социал Жақсыбеков ағамыз осындай үлкен жауапкершілігі бар жұмысқа сайланғанында әлі қырыққа да толмаған жас жігіт болатын. Аудан басшыларының ұсынысы мен ауыл коммунистерінің бірауыздан қолдауы жұмысына жаңа серпін берді, халықтың сенімін ақтауға бар күшін салды. Астындағы ескі «Бобигімен» шаруашылықтарды аралаумен болды. Жүргізуші бірде бар, бірде жоқ. Науқан кезінде іздемейді де. Негізгі мамандығы агроном болғандықтан, егін себу мен жинау кезінде маза көрмейтін.

Науқан кезіндегі әр күннің қымбат екенін, оны дұрыс пайдаланбаса тарттырар зардабының есепсіз болатынын жақсы түсінетін, басқалардың да түсінуін талап ететін.

Кейбіреулердей жөнсіз тықақтамайтын, жанына жағымсыз қасиеттерді жақтырмайды. Кез келген шаруаны әуезді дауысымен байыптап айтатын, түсінбей бара жатса, дауысын қатайтын. Болды, сонымен бітпейтін шаруа болмаушы еді. Ауылшаруашылығындағы науқанды жұмыстар бірінен соң бірі жалғасып, жыл бойы бітпей, шаруа адамын да, оған басшылық жасап жүргендерді де ығыр қылатын. Жылына бір келетін демалыстың өзі көбіне қыс айларына түсетін. Жазда демалыс неге бермейсің деп жатқан тағы ешкім жоқ. Сондай жағдайда өмір сүріп жатқан адамдарға қай жағынан болсын қолдау жасау бастауыш партия ұйымының назарынан тыс қалған емес. Социалистік елдерге саяхатқа жіберу, ем қабылдайтын санаторийлерге, курорттарға жолдама беру партком хатшысымен келісілетін. Оған еңбек көрсеткіштері жоғары шопандар, механизаторлар бірінші кезекте жіберілетін. Социал ағаның бір қасиеті ешкімді алаламайтын, бар шаруаны орын орнымен атқарып, елдің бәрін тең ұстауға тырысатын. Сонысымен де елге жағымды, ортаға сыйлы болды.

Ел ойлағандай, партком хатшысы Социал аға кеңседе отырып, уағыз айтатындар қатарынан еместін. Қыс мезгілдерінде жем-шөбі азайған мал қыстақтарын аралау, көктемгі төл науқаны кезінде сақманшылар жұмысына бақылау жасау үйреншікті ісі болатын. Жаз айларында малдың қысқы азығын дайындау кезеңінде трактор бригадаларындағы социалистік жарыстың дұрыс ұйымдастырылуына ерекше мән беріп, жарыс жеңімпаздарын марапаттауға өзі келетін. Дала қостарындағы апта сайын жарық көретін шағын қабырға газеттерінің уақытылы шығып тұруын қатты қадағалайтын. Қазіргі жастарға сенімсіз болып көрінуі мүмкін, жұмысшылардың түскі демалысында жергілікті реподуктор арқылы күн сайын 10 минуттық хабар берілетін. Шартараптағы хабарлардан бастап, ауылда болып жатқан жұмыс барысымен аяқталатын. Бұл жағдай дала қосында күнделікті жүргізілетін. Шөп науқаны кезінде аудан көлемінде екпінді айлық жарияланатын. Ол апталарға бөлінеді. Апталық жоспарды орындасаң, екі еселенген жалақы аласың әрі қосымша беретін ақшалай сыйлығы бар.

Бұдан шаруашылық басшылары да құр қалмайтын. Басшының да, қосшының да маза көрмейтін тынымсыз күндері. Ойын-сауық, той-жиын көрмейтін сұрапыл уақыт.

Сондай жағдайда еңбек еткен бригада мүшелерінің жұмысқа деген ынтасы керемет еді. Бригадир Омаров Беркінбай өтірік айтуды білмейтін ер мінезді жігіт болатын. Армия қатарынан медальмен оралған еңбекқор адам. Ол үшін Социал ағаның айтқан сөзі заң. Бригада құрамында партком мүшесі, озат тракторшы Күйкенова Райхан, байырғы коммунист Тұрысбеков Төлеубек аға болды. Қанша айтқанмен, жұмысшылар арасында партия мүшелерінің ықпалды болғандығын айту керек және олар күнделікті тапсырманы орындау жолында аянбай еңбек етті, тырысты. Б.Сапаров, Н.Баймурзин, А.Орманов, Т.Шығанбаев, Р.Сағымбеков, Ғ.Ибраев, С.Смағұлова сынды тракторшылар үнемі алдыңғы

шептен көрініп жүрді.

Партком хатшысы шөп шабушылар бригадасына келген шағында, аман-саулықтан кейінгі сұрайтыны жұмысшылардың тұрмыстық жағдайы, ішіп отырған тамақтарының тазалығы мен сапасы еді. Ол жағынан арыз-шағым болмайтын, дала қосының аспазшысы Ы.Орманова апамыз дала жағдайында ас дайындаудың асқан шебері еді.

Жазғы шөп шабу науқанына орталықтағы К.Маркс орта мектебінің 9 класс оқушыларын өндірістік практикага жіберетін. Партком хатшысының мазасыз күндері басталады.

Ата-анасы мәпелеп отырған ерке балалардың жағдайын жасау оңай емес. Оның үстіне олар трактормен шөп шабуы керек. Еңбек қауіпсіздігі, техника қауіпсіздігі ережелерімен мұқият таныстырғанмен, баланың аты бала. Мұрнынан шаншылып жүрген трактор бригадасының басшыларының да жауапкершілігі күшейіп, көмекке келген балалардың жұмысынан бұрын аман-есен үйлеріне қайтуына алаңдайтын. Бұл өткен ғасырдағы кеңестік кезеңнің еске түсіп жатқан бір сәттері.

1979 жылдың қысы болуы керек, қыс ішінде жаңбыр жауып, жылқы малына жайсыз болғандықтан, қолда бар қоғам малы Балқаш жаққа, оңтүстік өңірге айдалды. Шаруашылықтың бас мамандары жиі-жиі барып, жылқышылардың жағдайын біліп тұрды. Жылқы табының Ибраев Ғазиз басқаратын. Барып-қайтып жүргендер партком хатшысына болып жатқан жағдайларды баяндап тұратын. Ол кісіден аудандағы басшылық сұрайтын жағдайларды баяндап тұратын. Ол кісіден аудандағы басшылық сұрайтын болу керек. Көзбен көрген мен құлақпен естіген екеуі екі түрлі нәрсе. Содан жылқы қосынына өзі бармақ болды. Көлігі совхоз директорынан қалған ескі «ГАЗ-69». Жанына бас зоотехник М.Сапуанов пен №1 ферманың меңгерушісі Е.Кәртаевты ертіп алды. Әскерден енді келген кезім, жүргізуші болып мен ілестім. Жер-көктің бәрі көкайна мұз.

Қарағанды – Балқаш трассасымен ілбіп қана келеміз. Көкдомбақтың тұсына келгенде жай жолға іліктік.

Қараңғылық түскеніне қарамай, жылқы жайылымын көрдік. Шөбі қалың, тусыраған көдесі көрініп жатқан атырапқа жаңбыр жаумаған екен. Жаңбыр жауған жағдайда мал жаюға болатын ту ши алқабын көріп қайттық. Малшылардың да көңіл-күйі жақсы екен, Социал ағаның бірер ұтымды қалжың әңгімесінен кейін тіпті жадырай түсті. Отын-судан тапшылығы жоқ жылқышылар қосқа деп семіз ту бие сойған екен, тәтті-дәмдісін жеп, ауылға бет түзедік. Осы естелікті жазу барысында ойға оралған, өзім куә болған бір эпизод осы.

Осындайда «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі де біріккенде біз өз бойымыздан, әрі өз әрекеттерімізден абзалдық пен жетілгендікті табамыз және осы екеуінің арқасында, біз ізгілікті, қайырымды адам боламыз» деген ғұлама баба Әл-Фараби сөзі еске түседі. Шын мәнінде талай жыл қызмет істей жүріп, халықтың қошаметіне бөлінгені рас.

Жас ұрпаққа өнеге боларлық өмірінің жарқын шақтары осы Ақшатау өңірінде өтті. Қолынан келгенше елге қайырымдылық жасауға тырысты. Бір жерде отыз жылдан аса қызмет істеу де оңай емес. Кеңес одағы ыдыраған тұста балама сайлау деген шықты. Нағыз сыналар тұсы осы шақ еді. Халыққа рақмет, туыстарына бұра тартпай, өзіне сенім білдірді. Сенім жүгі қашанда ауыр болған. Бар күш-жігерін жұмсап, қажыр-қайратын ел ісіне арнады. Одан жаман болған жоқ, ел ішінің қадірлі ақсақалына айналды.

Негізгі мамандығы агроном болғандығын жоғарыда айттық. Бірақ заман талабына сай өзін өзі жетілдіріп, экономист мамандығын меңгерді. Шаруашылықты жекешелендіру барысында тарату комиссиясының жұмысын басқарып, қызметкерлер мен жұмысшыларға үлес бөлудің әділетті болуын қадағалады. Елден артық ештеңе алмады. Қолында бола тұра, шаруа қожалығын да құрмады. Өзіне тиесілі үлесін алып, жұрт қатарлы күн кешті. Парасаты мен адалдығы халық алдындағы абыройына нұқсан келтірмеді.

Өмір өткелдерінен кісілік қасиеттері арқылы өзін жақсы жағынан көрсете білген Социал ағамыздың осындай жетістіктер төрінен көрінуі қосағы Назым Әбдуқызының еңбегі екені жалпы жұртқа мәлім. Бастықтың әйелімін деп кергімейтін Назекеңнің де ел ішіндегі сыйы ерекше болатын. Ашық, жарқын мінезімен жұртты үйіріп алатын. Ол кезде әр ауылда балалар бақшасы жұмыс істейтін. Балалар мекемесіне басшылық жасай жүріп, жас бүлдіршіндердің екінші анасына айналды. Тіпті жоғарғы оқу орнында оқитын студенттердің арнайы іздеп барып амандасқанына куә болғанымыз бар.

Дастарқаны әрдайым молшылыққа малынған Назым тәтенің жарқын бейнесі көпшіліктің көңілінен көп жылдарға дейін ұмытыла қоймас.

Анасының жақсы тәрбиесін, өнегесін, ауылдың қазақи салт-дәстүрын бойына сіңіріп өскен Дина Социалқызының адами қасиеттерін айтпай кетуге болмайды. Жарылғап батыр

ұрпағы, заң қызметкері Есімханұлы Рақымбайға тұрмысқа шықты. Өмірге ұрпақ жалғастырар нәрестелері келіп жатты. Өнер жолында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Дина білімін жетілдірді, астан жұртын әсем әндерімен тамсандырып, өз биігіне жетті.

1991-92 жылдардың бірі ауылда экспедитор болып істеймін. Шаруашылық басшысы А.Шәріпов Ақшатау кен-байыту комбинатынан жалға бензовоз алып, жанармай әкелуге Алматы қаласына жұмсады. Ақшаға алатын зат жоқ. Жанармай қат. Жол жүру де қауіпке толы. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері бірге баратын болды. Ол өзіміздің ауылдың жігіті Қ.Тойымбеков болып шықты. Кеш бата Алматы қаласына кірдік. Бірден Рақымбайдың үйіне келдік. Дина қарындасымыз дастарқанын жайнатып қойған екен, асымызды ішіп, демалуға жаттық. Ертеңіне Рақымбай жанармай алатын кәсіпорынға алып барды. Жүгімізді алып, қажетті құжаттарды реттеп, Рақымбайдың үйіне келдік. Түскі асымызды ішіп, кетуге жинала бастағанымызда, екеуі екі жақтап бізді қалуға көндірді. Ауылды сағынып қалған екен, қойшы не керек, сол үйде үш түнедік. Қонақжайлылығы өз алдына Динаның әзірлеген тамағының өзі неге тұрады?! Есік алдында қаланған пештң үстіне қазан орналастырылған, тамақ атаулының бәрі осы қазанда дайындалады. Бәрінен бұрын Рақымбай екеуінің пейілін айтсаңызшы! Қазір азамат болып ержетіп, қызметте жүрген Дәулет сол кезде мектеп жасына жетпеген болуы керек. Ананың тәлімді тәрбиесін  алған адамның жақсылығы өмір бойы ұмытылмайтындығының кепілін осы жолы көрген едім.

Социал ағаның кенже ұлы Саят жайлы айтар жағымды әңгіме де көп. Әке тәрбиесін, ұлағатын бойына сіңірген азамат қазірде ауданда қызмет етеді. Айналасына сыйлы, аудан экономикасының қарыштап дамуы жолында еңбек етіп жүрген жастың бірі. Жұбайы Б.Аманқызы – педагог, оқушыларға тиянақты білім беруде бар күш-жігерін аямайтын, жаңашылдыққа жақын білікті ұстаз. Білім нәрімен сусындап отырған шәкірттері республикалық олимпиада жарыстарында оза шуып бәйге алып жүрген таланттылар.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ұлағатты сөз бар. Социал аға туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болды. Мейрамдарда, демалыс күндері бала-шағасымен Ақсу-Аюлыға баратын кездері есімде. Ең әуелі анасына барып амандасатын. Бибігүл апасы міндетті түрде Кенже бауырының үйінде тосып жүретін. Жатқан жері жайлы болсын, Сәтберген бауыры қызмет бабында сыртта болды. Үлкен-кішісінің бәрі жақын тартып сыйлайтын, Назым тәтенің де жаны қалмай шұрқырасып, бір жақсы болып қалатын. Ол күндердің бәрі сағындырған сағым болып артта қалды. Немере мен шөберелерінің арасында Социал аға бақуатты күн кешіп жатыр. Жақсы күндері серік болсын!,

Аңғар СМАҒҰЛ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *