Қарағандыда аты аңызға айналған «Қыз Жібек» киноэпосына арналған «Қыз Жібек: рецепт любви и успеха» деректі фильмі көрсетілді. Тұсаукесер республикамызда басталған Қазақ киносы күндері аясында «Сарыжайлау» кинотеатрында өтті. Кездесуге Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова келді.
Сұлтан-Ахмет Қожықовтың «Қыз-Жібек» фильмінің 50 жылдығына арналған деректі фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. Бұл 1972 жылы шыққан киноэпостың неге ұлттық мәдениеттің інжу-маржаны болып қалатыны туралы ой толғауы.
Белгілі қоғам қайраткерлері, драматургтер, киносыншылар өз пікірлерін білдіреді.
«Қыз-Жібек» фильмінде Жібектің көңіліне үміттенген Бекежанның рөлін сомдаған қазақ киносының шебері Асанәлі Әшімов естеліктерімен бөліседі.
Бұған дейін тұсаукесер Алматыда, ҚР Ұлттық кітапханасында өткен болатын.
– Мен сіздерге, Қарағандыға келгеніме қуаныштымын. Қала керемет, әдемі, мәдениеті бай. Қазір, премьераның алдында Сәкен Сейфуллин атындағы театрда кездестік. Мен үшін бұл деректі фильмді көрсету үлкен оқиға, – дейді түсірілімнің бастамашысы және фильмнің продюсері Меруерт Өтекешова.
Мұндай жобаның идеясы актрисаның жұбайы Құман Тастамбековтың көзі тірісінде пайда болған, ол «Қыз Жібек» фильмінде Төлегеннің рөлін сомдаған. Меруерт Өтекешова қазақ классикасын мәңгі есте қалдыру, оны болашақ ұрпаққа мәдени мұра ретінде қалдыру маңызды деп санайды. Ол аңызға айналған киноэпостан әлі күнге дейін режиссерлік жұмысты, актерлік шеберлікті, операторлық өнерді үйренуге болатындығына сенімді.
Қарағандыдағы премьераға келгендер арасында жастардың қатары қалың.
Жібек рөлі Меруерттің актер мамандығына жол ашқаны белгілі. Ол кезде16 жаста еді, оныншы сынып оқушысы байқауға қатысуға бел буып, өмірінде алғаш рет түсірілім алаңына шыққан екен.
Сұқбат барысында танымал кино және театр актрисасы рөлге ие болу және атақты болу үмітімен кастингке баратын қыздар туралы сұраққа жауап берді.
– Өздеріңіз білесіздер, ештеңе оңай келмейді. Киноға түсемін, экранға шығамын деген – олай емес. Актриса болу – орасан зор еңбек. Егер таланты болса, ол жарып шығады. Егер болмаса, бір рет сәті түсуі мүмкін, ал одан кейін ештеңе дамымайды. Бірінші және басты рөлім оңай болды деп ойламасын. Мен ешкімге айтқан емеспін, айтпаймын да. Қазір Астанадағы өнер институтында сабақ беремін. Ал мені ешкім үйреткен жоқ. Бір ішкі түйсік болды, соның арқасында әріптестерімді, режиссерді, операторды сезіндім. Ал ішкі монолог керектігін, дайындалу қажет дегенді, мен білген жоқпын. Қазір біз оны төрт жыл бойы үйретеміз: біреулерге жетеді, біреулерге жетпейді. Қайталап айтамын: орасан еңбек пен жан тылсымы – кез келген мамандықта қажет нәрсе, – деді Меруерт Өтекешова.