Қаламгерін ардақтады Арқа елі

Өмәр Кәріпұлы. Шәкірт тәрбиелеген ауылдың қарапайым мұғалімі. Алдынан талай жұздеген ауыл балалары білім алып шықты. Білім алып қана қоймай, ұстазының жолын қуып, доктор профессор атанып, Қарағандының маңдайалды ғалымдарының қатарынан көрініп жұрген Б.Рақымов, Қ.Асанов сынды марқасқа азаматтары барын көпшілік қауымның бірі біліп, бірі білмейтін болар. Бірақ ақиқаты осы.

Ауылда отырып-ақ, көркем әдебиет саласына сүбелі үлес қосып, қабырғалы қаламгер атануға болатынын дәлелдеген, жасы сексеннен асса да 600 бетке жуық роман жазып, проза саласында үлкен жетістікке жеткен жазушы некен-саяқ. Бірақ Өмір Кәріпұлының айшықты қолтаңбасы осы уақытқа дейін жарық көрген шығармаларынан айқын аңғарылады.

Өмірінің жартысынан астамы Ақадырда өткен жазушының қолынан келген бар жақсылығы осы өңірге жасалғандығы жасырын емес. Кезінде аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарғаны бар. Көше атауларын қазақшалау, билер сайысы, ақындар айтысы, тіл мерекесі мерекелерін ұйымдастыру жұмысын жандандырған болатын.

Ұмытылып бара жатқан «Қымызмұрындық» мереке-жəрмеңкесін ұйымдастырғаны да халықтың жадында. Өмкеңнің бастамасымен облысаралық «Бүркітші қансонарда» атты бүркітшілер жарысының Ақадыр жерінде өтуі де айта жүрерлік жаңалық болған. Тіпті сол кездегі аудан орталығында ашылған мешіттің ашылуына да көп септігі тиіп еді. Қоғамдық жұмыстарға кетіп жатқан уақыттың көптігіне қарамай, ұлт құндылықтарын орнықтыруда жасаған жұмыстарының нəтижесі оң бағасын алып жатты. Жергілікті билік атқарылған ұшан-теңіз қоғамдық жұмыстары үшін Ақадыр ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді.

Ұлтжанды азамат жұмыстарын атқара жүріп, қолынан қаламын тастамады. Жазған сайын оқырманы көбейе түсті. Халықтың салт-дəстүрі, тілі, діні, табиғаттың əсем көріністері шығармаларының арқауына айналды. Не жазса да саз жазды, шынайылық басты қаруы болды.

АЛМАТЫДА

Жақында Алматыға барды. Оңтүстік астанада 400 жазушы, Астанада 170 жазушы, облыстағыларды қосқанда барлығы 700-дің үстінде жазушы бар. Осылардың ішінен 21 жазушыға халықаралық сыйлық берілмекші екен. Облысқа шақса, əр облыстан бір адам. Тізімде Қарағанды облысынан Төрехан Майбас бауыры тағы бар. Комиссия екеуінің біріне ғана бермекші болады. Т.Майбас: «Мен жастаумын ғой, Өмір Кəріпұлына беруге қарсылығым жоқ» — деп азаматтық жасаған. Жазушының мəрттігіне сүйсінген комиссия мүшелері Халықаралық «Алаш» сыйлығын екеуіне де беруге шешім қабылдаған. 84 жасқа қараған шағында сыйлыққа ие болу екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес.

АҚСУ-АЮЛЫДА

Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы селосының «Мəдениет үйінде» абыз ақсақалдың «Бастау» атты кітабының тұсаукесері болды. Аудандағы мəдениет қызметкерлерінің жақсы дайындықпен келгені көрініп тұрды. Жазушы шығармасының идеясы мен ой-түйсігін ұштастырып, табиғаттың шынайы көрінісін бере алған композициялық қойылым актерлердің шеберлігінің нəтижесінде көрермен көңілінен шыққанын айта аламыз.

Əн де, күй де орындалды, жазушы қаламынан шыққан өлеңдер оқылды.

Аудан əкімі М.Сайлауұлынан кейін ізгі тілектерін айтқан жұртта есеп жоқ. Шығармашылық кеште Т.Көкетаев, Д.Биткөзев, Б.Жұмкин, Қ, Бектұрсын, Е.Жəнібек, С.Жақсыбеков т. б. көптеген ел жақсыларының бас көрсетуі жазушыға деген құрметтің үлкені еді. Т.Майбас, Ə.Тойжігіт, Қ.Айтжан, Б.Ақпанбек, Қ.Бекқожа, Ж.Мағзиев, Ə.Жұман, Қ.Құрман, М.Сəдуақас сынды қаламгерлер лебізі де Өмір ағаның көңілінен шыққаны сөзсіз. Журналист Қ.Айтжан «Saryarka aqparat» медиахолдингінің директоры Қ.Əбілданың «Алғыс хатын» тапсырды. Ардагер тележурналист Ə.Тойжігіт жазушының иығына қазақ салтымен шапан жауып, игі тілегін білдірді. Ақшатау кентінен, Жарылғап батыр ауылынан келген мəдениет қызметкерлерін көзіміз шалды. «Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейі» КМҚК директоры С.Дəртайқызын ұйымдастырушылар қатарынан көрдік. Ө.Кəріпұлына арналған əдеби кешті Б.Дəулетұлы шеберлікпен жүргізіп отырды.

Қаламгерін қолпаштап, ел алдына шығарып, құрмет көрсеткен Аудан əкімі М.Мұхтаровқа, аудандық мəдениет бөліміне алғыс айтқан жұртшылық жақсы əсермен тарады.

Үлкенін құрметтеп, қаламгерін елеп, келешек ұрпаққа өнеге боларлық осындай мəдени шаралар басқа аудандарда да өріс алса құба-құп болар еді. Əрине, мұндай құрметке ие боларлық азаматың болу керек. Сайып келгенде, Шет ауданы жұртшылығынан үйренер өнеге көп.

Аңғар СМАҒҰЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *