ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ ЖУРНАЛИСТ, СЕМСЕР ТІЛДІ САТИРИК

Осы жылдың бірінші сәуірінде өмірінің айтулы кезеңіне аяқ басып, 70 деген мерейлі белеске көтеріліп отырған, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,  Арқа жұртына белгілі қаламгер,  журналист, сатирик, аудармашы Бекәділ Семқұл ағамызбен сұхбаттасып, өмір белестері, шығармашылық жолы, алдағы жоспарлары туралы ой бөліскен болатынбыз.

 

– Беке, ең – алдымен өміріңіздегі ең қуанышты күн – туған күніңізбен, жеті белес-жетпіс жасыңызбен шын жүректен құттықтап, деніңізге саулық, шығармашылығыңызға табыс  тілейміз!

– Елеп-ескеріп, құттықтап жатқандарыңа көп рақмет!

Әңгіме-сұхбатымызды дәстүрлі сұрақтан бастасақ деп отырмыз. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаhары» демекші, туған жер, өскен ортаңыз жайлы айта кетсеңіз…

– Қазақтың данышпан ақыны  Қадыр Мырза-Әлі:

О, туған жер, жыр күтіп далаң менен,

Мен далаңнан нәр алып аман келем.

Екі нәрсе мәңгілік, бірі өзіңде,

Бірі мендік махаббат саған деген, – деп жырлағанындай, әркімнің кіндік кесіп, кір жуған, қасиетті туған жері бар. Менің туған жерім – Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Қарой ауылы. Шопанның отбасында 1956 жылы 1 сәуірде дүниеге келіппін. Егізбіз. Менің сыңарым бар.  Есімі – Ерәділ. Ол қойлы ауылда дүние есігін ашып, анамның мені босануы ауырлау болып, ауылдың ауруханасында дүниеге әкеліпті.  Әкем Семқұлов Мұқан – екінші дүниежүзілік соғысына қатысушы. Соғысқа дейін әкем отбасылы болған, бір қыз, бір ұлы бар. Анам Төлтай Базарбайқызының отағасы соғысқа кетіп, майдан даласынан қайтпаған. Зекен, Сәбит есімді екі ұлы қалған. 1946 жылы әкем соғыстан елге оралғаннан кейін, менің анама үйленген. Біздің алдымызда Жанәділ, Шынәділ есімді екі ағаларымыз бар. «Қос коммунистің үйі» деп атайды екен біздің үйді ауылдастары. Өмір бойы мал бақты. Атақты шопан болды. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алған. Ауыл-аймаққа сыйлы, беделді адамдар болды. Балалықтың бал қызығына тоймай жүре берер ме едік, қайтер едік… Сыңарымыз екеуміз бірінші сыныпқа барғанда анам  қатты ауырып, сонан ұзақ уақыт төсек тартып жатып, үшінші сыныпта оқып жүргенімізде ақыры аңдыған ажал алмай қоймады. Анамыздан айырып тынды. Сол жылы екеуімізді аудан орталығы Бақанаста малшылар балалары үшін арнайы ашылған сегіз жылдық мектеп-интернатқа оқуға берді. Сегізінші сыныпты бітіргенше сонда оқыдық. Барлық жағдай жасалса да, анамызды сағынатынбыз, анамыздың аялы алақаны мен мейіріміне ештеңе жетпейтін еді. Әкеміз жұмыста болса да, қолы қалт еткенде келіп, қал-жағдайымызды біліп тұратын. Тағдыр бізді ерте есейтті. Сегізінші сыныпты бітірген үлкен ағам Жанәділ ары қарай оқуын жалғастырмай, әкеме көмектесіп, қолқанат болды. Жастайынан қара жұмысқа жегіліп, еңбекке араласып, 46 жасында өмірден өткенше механизатор, жүргізуші болып еліне адал еңбек сіңірді. Бүгін артында қалған ұрпақтары жақсы атын шығарып жүр. Тоғызыншы сыныптан кейін екі ағамыз екеуімізді өздеріне алып, тәрбиелеп өсіріп, адам болуымызға, үйлі-баранды болуымызға, мамандық алуымызға көмектесті. Қамқорлықтарын аяған жоқ. Біз де олардың үміттерін ақтауға тырыстық. Әкем тоғызыншы сынып оқып жүргенде, зейнеткерлікке шыққан жылы сал болып ауырып қалып, жеті жыл төсек тартып жатып, үлкен ағам Жанәділдің қолында өмірден өтті. Туған жер, өскен ортам жайында қысқаша айтқанда осы. Орта жүз, Тобықты-Бораншы-Құдайбергеннен тараймыз. Арғы ата-бабаларым Балқаш қаласынан 25 шақырымдай жерде Мойынқұм деген жерде жатыр.

.

Балалық шақтан  есте қалған сәттеріңізді еске түсірсеңіз…

– Бұл мен үшін қиын және ауырлау сұрақ. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, анамнан 9 жасымда ерте айырылып қалдық. Үйде және төртеуіміз де ұлдар едік. Әкем шаруашылық жұмысына таңсәріден тұрып, ерте кетеді, түннің бір уағында кеш келеді. Үй шаруасының бар салмағы бала болсақ та өзімізге түсті. Сонда да баламыз ғой, кейде ойнап кетіп, бәрін ұмытып кетеміз десек те, жабырқап, мұңайып қалатын сәттеріміз көп болатын. Не есте қалды дегенде, ең бірінші, анамның өмірден өткен сәті мәңгілік есте қалды дер едім. Түннің бір уағында анашымның немере апасы, «құлындарым, тұрыңдар. Аналарыңнан айырылып қалдық» деп оятқаны, сол сәтте ұйқылы-ояу көйлегімді теріс киіп алғаным, анамның соңғы рет түрін көргенім, содан кейін… ақ кигізге орап, қолдарымен көтеріп апарып, ауыл шетіндегі зиратқа жерлегені…

Мектеп қабырғасындағы жылдарыңыз, жалпы оқушылық кезеңіңіз қалай өтті?

– Анам қайтыс болғаннан кейін,  келесі оқу жылы сыңарым Ерәділ екеуміз аудан орталығында малшылардың балалары үшін ашылған сегіз жылдық мектеп-интернатқа оқуға бардық. Бұл жерде оқуға, тұруға, үйірмелерге қатысуға барлық жағдай жасалған екен. Оқу үлгеріміміз де жақсы болды. Келе-келе үйірмелерге қатыстық. Мен домбыра үйірмесін таңдадым. Спортпен де жақсы шұғылдандым. Футбол, волейбол, баскетбол ойнадым. Кейіннен жасөспірімдер арасында волейболдан екінші разряд  алдым. Ал енді өлең жазуды бесінші сыныптан бастадым-ау деймін. Қойын кітапшам болатын, соған жазатынмын және оны ешкімге көрсетпеймін. 6-сыныпта оқып жүрген кез, наурыз айы еді. География сабағы өтіп жатқан. Ортаңғы қатардағы артқы партада отырып, блокнотымды алып, өлең жазып отырып, мұғалімнің қасыма қалай келіп қалғанын байқамай қалдым. Блокнотымды алып, үстелінің үстіне апарып қойды. Сабақ біткесін ұрысады деп, күтіп отырмын. Бірақ, мұғалім блокнотымды алып, қалтасына салды да үнсіз шығып кетті. Мен сұрай алмадым, мұғалім де ол туралы ештеме демеді. Сонан жиырма шақты күн өтті-ау деймін шамасы. Әлі есімде, 5 сәуір болатын. Сағат он бірде, үлкен үзілісте сәскелік тамаққа асханаға барамыз. Асхана сыртта еді. Артымнан жүгіре басып келген, бір сынып төмен оқитын қыз бала: (қолында ұстаған газет бар) «ағай, мына өлеңнің әні қалай?» – деп сұрамасы бар ма. Түсінбей қалдым, аң-таң болып (1-сынып үлкен болса да, кіші кластағылар ол кезде «ағай» дейтін). Қолында аудандық «Балқаш еңбеккері» газеті. Төртінші бетінде «Дала» деген үш шумақ өлеңім басылыпты, Астында менің аты-жөнім мен «Бақанас мектеп-интернатының 6 сынып оқушысы» деп тұр. «Әні жоқ» деп, қолыма ұстап, көз алмай тұрып қалдым. Әні бар деп ойлап қалған ғой. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Сол кездегі қуанышымды айтып, сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейін білдім, редакцияға ұстазым – Тұраш Жебесінов ағай апарып беріпті. Алғашқы өлеңім ойламаған жерден осылай жарық көргені бар. Онан кейін де өлеңдерім шығып, шағын хабарлар жаза бастадым. 8 сыныпта сыныптасымның әкесі туралы «Досымның әкесі» деген суреттемем жарияланды. Бір қызығы, жазғандарыма қаламақы алып тұратынмын. 9-10 сыныпты Бақанас орта мектебінде оқыдым. Жақсы оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысамын. Аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі атандым. 9 сыныпта 5 мамыр – Баспасөз күні аупарткомның мәжіліс залында мерекеге орай жиналыс өтіп, белсенді жергілікті тілші ретінде аудандық партия комитетінің грамотасымен марапатталдым. Бұл менің алғашқы үлкен марапатым еді. Әлі есімнен кетпейді. Тоғызыншы сыныпты бітірген жазда облыстық «Жетісу» газеті ақ жол тілеп өлеңімді басты. Түрлі спорттық жарыстарға қатысып, әртүрлі дәрежеде дипломдар алғаным да бар. Кейін волейболдан жасөспірімдер арасында екінші разрядқа ие болдым. Өкінішке қарай, әкемнің қатты ауырып қалуына байланысты, үлкен ағам алты айлық оқуға кеткендіктен, жеңгеме қиын болғандықтан, қасында отырып қарап, күту үшін, туған ауылыма барып, мектепті сол жерден жақсы бітірдім. Оқушы кезімде осындай жетістіктерге жеттім.

Сонымен, мектеп бітіргесін, алдыда толған мақсат, толған таңдау тұрды. Қандай мамандықты қаладыңыз? Қайда оқығыңыз келді,  не әсер етті? Одан кейінгі өмір жолыңыз қалай қалыптасты?

– Айтып кеткенімдей, бала кезден жазуға құштарлығым болды. Оның үстіне мектепте жүріп, өлең, мақалалар жазып, аудандық газетке шығып тұрды. Болашақта журналист болсам деген арман, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне алып келді. Бірақ, сол жылы оқу ережесіне өзгеріс енгізіліп, ауылдан келген, аттестатына шет тілінен баға қойылмаған талапкерлер журфакқа қабылданбайтын болды. Құжатымды қабылдамаған соң, ауылға барып, жылап отырып алып, аттестатыма баға қойғызып, қайта келіп, қабылдау комиссиясына тапсырдым. Бірақ, шет тілінен сүрініп, ауылға қайтуға тура келді. Бұл эксперимент-тәжірибе бір жыл ғана болып, өзін-өзі ақтамағандықтан, одан кейінгі жылдары алынып тасталды. Соған ілігіп қалғаныма әлі күнге дейін өкінемін. Ауылға келгесін аудандық газетке әдеби қызметкер болып жұмысқа тұрдым. Бір-екі айда газет жұмысын меңгеріп, мақала жазуға да төселіп кеттім. Редакциядағы өзімнің ағаларым – Зекен, Шынәділ (Екеуі де Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журнилистер одағының мүшелері), белгілі ақын Нұрсапа Аманжолов, жазушы Ертай Дәуренбеков және т.б. ақыл-кеңестерін айтып, бір жақсы тәжірибе мектебі болды десем, артық айтқандық емес. Келесі жылы көктемде Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуге аттанып, екі жыл Забайкалье әскери округінде әскери қызмет атқарып, 1976 жылы жазда елге оралып, аудандық газеттегі жұмысымды жалғастырдым. Сонан, жаз кезі еді, екі ағамның журналист болғаны да жетер деген оймен, күтпеген шешім қабылдап, басқа мамандықты таңдап, Алматы совет-сауда техникумына құжат тапсырып, сол оқуды тәмамдап, сауда қызметкері болып шыға келдім. Сонан бергі 44 жыл өмірім Қарағанды өңірі, Қарағанды қаласымен тығыз байланысты. Қарағанды облысы Егіндібұлақ Аудандық Тұтынушылар одағында алты жыл қызмет істедім. Жұмысымды да жаман атқарған жоқпын, бәрі жақсы болды. Бірақ, газетте істесем деген бір ой қайта қылаң беріп, іштей мазамды ала берді, жазуды мүлдем тастап та кете алмадым, арасында өлең жазып қоямын. Сонан, ҚарМУ-дің филология факультетіне сырттай оқуға түстім. Үшінші курсты аяқтағанда аудандық «Ленин туы» («Балқантау») газетіне әдеби қызметкер болып ауыстым. Сөйтіп, іштегі бір жазуға деген құлшынысым мені қайыра газетке алып келді.

Менің аудандық газетке келген уақытыма және бақытыма қарай деп айтсам ба екен, сол кезде облыстық «Полиграфия» бірлестігін басқарған, Ұлы Отан соғысының ардагері, әскери ұшқыш, журналист, облыста обком хатшысынан бастап, көптеген жауапты қызметтер атқарған, білікті, жаңашыл басшы, ірі, іскер ұйымдастырушы Мәлік Имашев республикада бірінші болып, облыстың селолық,  аудандарындағы газеттерді офсеттік тәсілмен бір орталықтан басып шығаруды қолға алып, іске асырып жатқан кез болатын. Сондықтан, бұрын да аудандық газетте қызмет істеген мен үшін бұрынғы газет басып шығару мен оның қазіргі жағдайы арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін байқауға болатын еді. Бұрын машинкамен терілген мәтіндер баспаханадағы линотипте қайта терілетін. Қорғасынға терілген қаріптерді қолмен беттеу дегеніңнің өзі бір қиямет. Кейде газетті беттеп болғаннан кейін абайсызда байқамай шашып алу деген болады. О-о-оны құдай басқа бермесін. Макет сызу, газетті безендіру, клишелерді орналастыру, газет «шапкасына» шрифтілер таңдау, олардың кегелін іріктеу кәнігі журналистердің өзі біле бермейтін, өткен шақ технологиясы еді. Полиграфия ісінің білгір әрі іскер басшысы осы бір қиындықтарды келмеске жібергені мені қатты қуантты.

Аудандық газетте бірден белсеніп қызметке кірісіп кеттім. Сол кезде редакцияда Ғаббас Смағұлов, Рымбек Смағұлов, Рымтай Сағымбекова, Қанат Мақышев, Тұрсын Жұмашев сияқты мықты журналистер болды. Олармен жұмыс істеу де қызық болатын. Содан да болар әр нөмірдің қызықты, мазмұнды, тартымды шығуына тырысатынбыз. Соның бәрі күні кешегідей болғанымен, бүгін сағыныш. Жиі еске аласың. Аудандық газет дегеннің өзі  бұрқ-сарқ қайнап жатқан өмір, өндіріс. Аудандық газет пен аудан өмірі етене, егіз. Аудан өмірін, оның шежіресін білем десең аудандық газеттің сол жылдардағы сарғайған беттерін ақтар. Ал, сол шежірені жасаудың қандай қызықты екенін аудандық газеттің саусақпен санарлықтай журналистері мен қызметкерлері ғана біледі. Сол шежірені жасауға және өңірлік баспасөзді дамытуға үлесім болғанына қуанамын. Өзімнің кемел азамат, журналист болып қалыптасқаным осы жылдар болды деп есептеймін. Жақсы ұжымда еңбек ете жүріп есейдім, өмірлік, кәсіби тәжірибем қалыптасты. Әрине, өмір болғасын кемшіліктер, олқылықтар болады. Сын жазылмай тұрмайды. Сондайда орынсыз қысым, қоқан-лоққы жасалған да тұстар болды. Ондайда ең бастысы өз ұстанымыңда тұрып, табандылық көрсету. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары – редакциядағы өсу жолдарым осындай.

1997 жылы оңтайландыру деген желеумен Қазыбек би (Егіндібұлақ) ауданы таратылып, Қарқаралы ауданының құрамына қосылды. «Қарқаралы» аудандық газетіне ауысып, 2 жыл еңбек еттім. Редакторым Назипа Асқар, белгілі журналист Мақсым Омарбековтен үйренгенім көп деп айта аламын. 1999 жылы жазда отбасылық жағдаймен Қарағанды қаласына қоныс аудардым. Қарағандыда шығатын республикалық «Азия Транзит» қоғамдық-саяси газетінде біршама уақыт жұмыс жасадым.

Беке, тәжірибелі журналист ретінде болашақта журналист болғысы келетін жастарға қандай бағыт-бағдар, ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Қазір уақыт басқа. Заң басқа, заман басқа дегендей. Бұрынғы газет шығару мен қазіргі газет шығарудың арасы жер мен көктей. Технология дамып кетті. Интернет ғасыры. Сәт сайын өзгеріс. Интернет, әлеуметтік желі дамыған заманда, бірнәрсемен таңқалдыра қою екі талай. Сондықтан,  журналист болам деген жастар өте білімді, алғыр, ізденгіш, еңбекқор, үнемі ой үстінде жүретін, айналасындағыны жіті бақылай алатын, өте зерек болуы керек. Жастар көбінесе кабинетте отырып, интернет, басқа да көздерден дайын материалдар, деректер алғанды қалайды. Менімше, өмірдің ортасында жүріп мақала әзірлеген әлдеқайда әсерлі болар еді деп ойлаймын. Сонан кейін, тереңдеп жазу үшін белгілі бір салаларға маманданған да дұрыс-ау. Мысалы экономика, қаржы, құқық және т.б. Аналитикалық материалдар, журналистік зерттеулер болса, бүгінгі оқырманды көбірек қызықтырады деп ойлаймын.

– Сізді  журналистігіңізбен қатар,  оқырмандар сатирик ретінде жақсы таниды. Жалпы сатираға әуел баста қалай келдіңіз?

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, менің алдымдағы екі ағам Зекен, Шынәділ белгілі журналист, екі ағам да ақын, ал Зекен ағам сатирик те болатын. Сондықтан сатираға кездейсоқ келмедім, тектен, қаннан дарыған деп айтар едім. Өмірден ерте кеткен Жанәділ ағам әзілқой, айтқыштығы да бар, сахнада әзіл-сықақ айтатын өнері де  болатын. Соның бәрі әсер еткен шығар.

Әрнәрсеге бір себеп болады ғой. Мен өзім, жоғарыда айтқанымдай, шопанның баласымын. Шет жайлап, қиыр қонып жүретін малшы ауылына ол кезде апталап, айлап жиналып қалған газет-журналдарды қатынаған адамдар алып келеді. Базардан әкеміз келгендей қуанып, төрге жайып тастап бас алмай оқимыз. Сол әлгі газет-журналдардың ішінде, қалыңдығы жұқалау болса да, қызыға оқитын бір журналымыз болатын. «Ара» деп аталушы еді. Күлдіргі, әзіл, сықақ әңгімелер, карикатуралар көп болатын. Баламыз ғой, сол кезде оқуға деген ынтамыз да, қызығушылығымыз да керемет еді. Сықақ өлеңдер, шымшымалар жарияланатын. Соларды оқып, осындай мен де жаза алсам-ау деген ой келіп, қызығатынмын. Сол да әсер еткен шығар. Мектепте оқып жүргенде аудандық газетке шымшымаларым шығып тұратын. Басқа кітаптармен қатар, қазақ сатириктерінің шығармаларын көп оқыдым жастайымнан. Абайдың Крыловтан аударған мысалдарынан бастап,  Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Сақтапберген Әлжіков, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Қалтай Мұхамеджанов, Шона Смаханұлы, Көпен Әмірбеков, Сейіт Кенжахметов және басқалар.

«Балқантау» газетінде істеген жылдары алғашқы фельетондарым жарық көрді. «Ши шығарып, шырық бұзған кім?», «Төбелеске түрткі болған не?» және т.б. Кейіннен облыстық, республикалық басылымдарда сатиралық шығармаларым жарық көре бастады. Негізінен,  деншілігі сатиралық өлеңдер, бірқақпайлар болып келеді. Мысалдар да, әзіл-сықақ әңгімелер де бар. Өздеріңіз айтқандай, әдебиеттің осы бір жанры – сатираға қалам тартатындар сирек. Оныңда өзіндік себебі бар. Батылдық керек. Оның үстіне қоғамдағы міндерді, адам бойындағы кемшіліктерді жеңіл әжуалау, мысқылдау, қатты келемеждеу, достық рәуіш арқылы әзілмен жеткізу, мысалдар арқылы беру үшін, нысанаңа дәл тигізетін мірдің оғындай өткір тіл, батылдық керек. Заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезов: «Сатира жоқ-бардан пайда болмайды. Өмірдегі сорақылықтардан, орашолақтықтардан, кемшіліктерден пайда болады» — дейді. Сатира қоғамдағы, адам бойындағы кемшілікті сылып тастайтын қандауыр, егер күлдіріп қана қоймай, сатиралық шығарма оқырманға ой салып, сонан өзінің мінін, кемшілігін көріп, ұялып, соны түзеуге әсер етсе – негізгі діттеген мақсаты сол.

Бір сатиралық кітабым, бір өлеңдер жинағым жарық көрді осы уақытқа дейін.

Бір пікір бүгін сатира бар десе, бір пікір бүгін сатира жоқ дейді. Сатирик ретінде сіздің пікіріңіз қандай? Жалпы сатира қандай деңгейде?

– Әртүрлі пікір болуы мүмкін. Әдебиеттің басқа жанрлары сияқты сатираның да белгілі бір кезеңде дамуы, белгілі бір кезеңде баяулап қалуы болады. Өткен ғасыр қазақ сатирасының алтын ғасыры болды деп айта аламын. Оспанхан Әубәкіровтың өзі бір әдебиеттің сатира жүгін көтеріп тұр. Ал, бүгінге келсек, әрине, сатира бар. Мұхтар Шерімов, Берік Садыр, Ермахан Шайқыұлы және тағы басқаларды айтуға болады. Сатиралық романдар да шығып, шет тіліне аударылып, жақсы баға алып жатқандары да бар. Ал, өз аймағымыздан шыққан Мартбек Тоқмырза, Базарбай Әлеуханұлы (өкінішке қарай екеуі де өмірден ерте кетіп қалды), қазақ сатирасы корийфейлерінің бірі Көпен Әмірбектің ақ батасын алған Әдебиет Белгібайұлын қайда қоямыз. Ал фельетон жанры кенжелеп қалды, сирек жазылатын болды десек, оған келісемін. Оның да белгілі себептері бар. Бұрын газеттерге сын, фельетон шықса, «Газет дабылынан кейін» деген сияқты айдарлармен, оған тиісті орындардан шара көтерілгендігі, тіпті жұмыстан шығарылғаны және т.б. туралы жауаптар келетін. Күшті ықпалы болатын. Қазір фельетон шықса, жауап бермек түгілі авторды қорқыту-үркіту, қоқан лоққы жасау, тіпті өміріне қауіп төндіру сияқты жайлар кездеседі. Қоғамда сынға деген теріс үрдіс, қабылдамау қалыптасты. Бұл мүмкін уақытша құбылыс болуы да мүмкін.

Сізді аудармашы ретінде де білеміз…

– Екі мыңыншы жылдың басынан Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде, университет басшылығының бастамасымен қазақ топтарында оқитын студенттер үшін экономика, қаржы, құқық және т.б. мамандықтарға арналған  оқулық, оқу құралдарын қазақ тіліне аударуды бастадық. Арнайы топ құрылған болатын. Өйткені, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ тііліндегі оқулықтар жетіспеді. Негізгі мақсат – соның орнын толтыру еді. Әрине, бәрі оңай болды десек,  шындық болмас еді. Біріншіден, тәжірибе болмады. Екіншіден, салалар бойынша терминдер енді-енді ғана қалыптастырыла бастаған. Дегенмен, алғашқы қиындықтарды еңсердік, студенттер қазақ тіліндегі оқулықтармен оқи бастады. Бірте-бірте қазақ тілінде жазатын авторлар шыға бастады. Орталық баспалардан шығатын қазақ тіліндегі оқулықтар көбейді. Қазір бұл проблема шешілді десе де болады. Осы бір проблемаларды шешуге үлесім болғанына бүгін де шынайы қуанамын. Азды-көпті екңбегім еленді де. Университеттің 40, 50 жылдық тойларында Қазтұтынуодағы Басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталдым. «Университетке – 50 жыл» мерекелік медалін алдым.

Шығармашылық адамы болғаннан кейін, не жазып жүрсіз деп сұрамай кету дұрыс болмас еді…

– Бір сатиралық кітабым басуға дайын тұр. Әр жылдардағы эсселер, мақалалар, очерктерді қамтитын «Уақыт бедері: жылдар, сырлар» деген кітабымды да шығару жоспарымда бар. Арасында өлең де жазамын. Құдай қуат берсе, қаламым қолымнан түспесе әлі де жазатын дүниелер баршылық.

Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?

 

– 1978 жылы мен Алматы Совет-сауда техникумына оқуға түскенде Ғалия да сол оқу орнының «Өнеркәсіп тауарлары, тауар тану» мамандығына оқуға түсті. Екеуміз алғашқы оқу жылы таныстық. Оқуымызды аяқтаған, 1980 жылы үйлендік. Мені тәрбиелеп, өсірген менен үлкен Шынәділ ағам той жасап берді. Сөйтіп, жұбайлық бақытты өміріміз басталды. Жас отбасы болғаннан кейін үйге, тұрмысқа қажетті жетпей жататын нәрселер көп болады. Соны алудың өзі бізге бір қызық болатын. Бірде, дүкеннен электр сковород сатып алдық. Сол кездегі бағамен жиырма сом. Өзінің іші шұңғыл, қандай тамақ болсын жасауға келе береді. Алғашқы затымыз болғасын ба, соған керемет қуанғанымыз әлі күнге дейін есімізде. Еске түскенде айтып бір мәз болып қалатынбыз. Бір бақытты кездер еді-ау. Құдай қосқан қосағыммен 45 жыл 1 ай отбасылық, бақытты ғұмыр кештік. Жарым Ғалия Мағзұмқызы Жұмәділова сауда саласында ұзақ жылдар Қазыбек би аудандық тұтыну қоғамы жүйесінде жемісті қызмет атқарды. Қарағанды қаласына қоныс аударғаннан кейін, соңғы жиырма жылда өзінің кәсібін ашып зейнеткерлікке шыққанша жеке кәсіпкер болды. Өкінішке қарай, осыдан жеті ай бұрын, ұзаққа созылған ауыр науқастан 65 жасында о дүниелік болып, жарымнан айрылып жабырқап қалған жайым бар. Айдос, Айбар, Арай, Әсел есімді екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Бәрі үйлі-баранды, жоғары білімді. Әртүрлі салада қызмет атқарады. Немерелерімнің алды жоғары оқу орындарының студенттері. 10 немере-жиенім бар.

– Осынау кемел жаста кейінгі толқын жастарға қандай тілек айтар едіңіз?

– Қазіргі жастар ақылды. Дегенмен, өмір көрген адам ретінде айтарым:  Қазіргі алған білім тез ескіріп қалады. Сондықтан ерінбей, өмір бойы оқыңдар дегім келеді. Болашақ сендердің қолдарыңда, соны сезініңдер. Өмір, қоғам қатыгезденіп барады. Мейірімді болыңдар. Жақсылық жасаңдар, тіпті жақсылық жасау қолдан келмесе, жамандық жасамаңдар. Өз еліңді, Отаныңды сүй, сонда жаман болмайсың деп айтқым келеді.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Әлімжан ЖАҚАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті

журналистика кафедрасының аға оқытушысы,

 

Болат САРСЕМБАЕВ,

химия ғылымдарының кандидаты,

Қазтұтынуодағы Қарағанды Университетінің доценті