ҚАЛАНЫ АБАТТАНДЫРУҒА ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСАДЫ

Облыс тұрғындары өздері тұратын жерді абаттандыруға белсенді араласып келеді. Сондай-ақ қарағандылықтар жүзеге асып жатқан жобаларға қоғамдық бақылау да жүргізіп отыр. Мәселен, қарағандылықтар “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында абаттандыру бойынша жүздеген ұсыныс берді. Қазір бұл жоба облыс тұрғындары арасында кеңінен танымал болып жатқан жайы бар.

Тұрғындар жоба шеңберінде өзі тұратын ауланы, көшені абаттандыру бойынша ұсыныс береді.  Ал жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жобалар халықтың онлайн-дауыс беру нәтижелері арқылы таңдалады. Мысалы, былтыр Қарағандыда бағдарлама аясында 24 жоба іске асты. Бұлардың қатарында балалар ойын алаңдары мен футбол алаңдары, тағы басқа қажетті нысандар салынды. Биыл бұл жобалардың саны артып отыр. Өйткені бағдарлама бюджеті үш есеге ұлғайды.

Былтыр Теміртауда бос жатқан жердің орнында заманауи саябақ салынды. Осылайша тұрғындар бағдарламаның нақты жұмыс істейтініне көз жеткізді. Ал биылға 13 жоба таңдалды. Олардың басым бөлігі аулаларды абаттандыруға арналған жобалар.

Биыл жүзеге асатын жобалар бойынша жыл басынан бері ұсыныстар қабылданды.

Бағдарлама бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Биыл Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Приозерск қалаларында жалғасын табады. Қазіргі уақытта Қарағандыда жүзден астам жоба қолға алынды. Олардың 60-ы – Қазыбек би ауданында, 40-ы – Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда. Қазыбек би атындағы ауданның абаттандыру бөлімінің басшысы Нариман Итқаринның айтуынша, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.

  • Қазір қаладағы бірнеше учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Жақында Аманжолов көшесі, №21 үй ауласындағы гүлзарды аяқтаймыз. Ал тағы бес мекенжай бойынша қолға алынған іс-шаралар жалғаса бермек. Бұл жұмыстар аясында жиырмадан астам аулада бетон негізі құйылады, қоршаулар орнатылады. Шағын сәулет нысандары мен тренажерлар таяуда жеткізіледі деп күтіп отырмыз, – дейді Нариман Итқарин.

Жобаға бірнеше рет қатысқан тұрғындар да бар. Осыдан екі жыл бұрын Ермеков көшесіндегі №35/2 үйдің ауласына ойын алаңы орнатылады. Бұған 93 тұрғын дауыс берді. Жергілікті белсенді Юлия Войтюктің айтуынша, ойын алаңынан кейін олар балабақшадағы автотұрақты абаттандыруға өтініш берген. Ол жоба да өз шешімін табуға тиіс.

  • Біз көп нәрсені жақсартуға мүмкікндік алып отырмыз. Егер бір нәрсені жақсартуға мүмкіндік болса, мен оны әрқашан іске асыруға тырысамын. Қазір есік алдын асфальттауға өтініш бердік. Өз ауламызды, өзіміз тұратын жерді тұрмысқа жайлы етіп жасағымыз келеді, – дейді Юлия Войтюк.

Көпбалалы отбасылар көп тұратын Крылов көшесіндегі №4а үйдің ауласында балалар аймағы жасына қарай бөлу қарастырылып отыр. Тұрғындардың өтініші бойынша қосымша футбол алаңы салынады.

“Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында салынатын нысан сызбасы әуелі тұрғындарға таныстырылады. Жобаның өзі, мерзімі көрсетіледі. Осылайша тараптардың белсенді әрекетінің арқасында барлық жобалар уақытынын кешіктерілмей, сапалы түрде жасалып отыр. Ал билік алаңды салып бергеннен кейін, тұрғындар аумақты өз күшімен көгалдандыруға тиіс.

Жобаға қатысу үшін тұрғындар өздері өтініш беруге тиіс. Ол үшін қала аудандары әкімдіктерінің сайттарындағы «Халық қатысатын бюджет» бөлімінде ұсыныс қалдырады. Бағдарлама аясында тек аулаларды жөндеу ғана емес, жайлы қоғамдық кеңістіктер құру да көзделген.Яғни жобалар арқылы тек ойын алаңдары ғана салынбайды. Мәселен, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, спорт нысандарын, автотұрақтар мен шағын сәулет нысандарын тұрғызуға болады.

Сондай-ақ сапа қатаң бақылауда болады. Жоғарыда айтқанымыздай, нысан сапасына тұрғындар да бақылау жасайды. Қазір жоба талаптары өзгеріп отыр. Мәселен, ойын алаңдарының элементтері ағаштан және металдан жасалады. Ал жасанды шөптің орнына тартан жабыны қолданылады. Бүгінде жоба асясында келесі жылы жасалатын 82 жоба анықталды.

Манас АҚСАРЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *