Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлының 75 жасқа толған мерейтойы Арқа төсінде дүбірлеп өтті. Тәмам Алаш баласы ақынын ардақтай келіп, ақынның алапатын асырып қана қойған жоқ, мәртебелі қазақ өлеңінің мейманасын тасытты десе болғандай.
Жексенбі күні Кеншілер мәдениет сарайының іші-сыртын рух кернеді. Сонау Атырау мен Ақтаудан, Алатау мен Алтайдан келген қазақ өнерінің атаулы тұлғалары ұлт поэзиясының өкіліне бас ие келгендей көрінді. Қара өлеңге құрмет осындай болса керек-ті. Бұл Ақсұңқарұлына ғана емес, қазақ жырына құрмет емес пе? Серік ақын өмір бойы қазақ өлеңі үшін өмір сүрген ақын екені оқырмандарына белгілі. Сондықтан да әдебиетте есімі ерекше аталатын қадау-қадау таланттар мен тұлғалардың төбе көрсетуі заңды. Семейден Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақтөбеден Мейірхан Ақдәулетұлы, Алматыдан Ұлықбек Есдәулет пен Бауыржан Жақып, Маралтайдың төбесі көрінгенде, әрине, Алаш деп ірі сөйлемегенде ше? Осындай бірегейлердің алдында Ақсұңқардың өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Енді арасында билік басындағы ресми тұлғалар да аз емес.
Кеш шымылдығын Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашты. Алаш аттан түскенде хан тақтан түсетін заман бұрын болған, тағы оралып соғатындай сезіледі.
– Мен Серік ағамызбен Қарағандыға қызметке келгенде, 2010 жылдары жүзбе-жүз танысқан едім. Сонда ақын ағамыз: «Қарағандының үсті де, асты да қазына. Жасаған еңбегіңді еселейтін ел-жұрт бар мұнда. Саған батамды берейін», деді. Тілеуқор боп келеді.
Серік ағамыздың өлеңдерінде жойқын энергия бар. Оқырманның еңсесін тіктейді. Мерейтойыңыз құтты болып, жүзге келіңіз де, күллі елді таң қалдырыңыз, Аға, – деді Президент көмекшісі.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ақ тілегі мен алғысын аяп қалмады. Ұлт мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесіне ерекше атады.
– Ақын ретінде қазақ әдебиетіне зор үлес қосып келесіз. Шығармаларыңыз жастайыңыздан жоғары бағаланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Арқада ақындық мектеп қалыптастырған руханияттың ірі өкілісіз. Сондықтан сізбенен мақтанамыз. Туған күніңізден бастап осы күнге шейін апталап атап өтіп келе жатырмыз мерейжасыңызды. Ақынның тойы – халықтың тойы деген осы, – деді құттықтауында Ермағанбет Қабдулаұлы.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан құттықтау хатты ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жеткізді.
Мұнымен қоса ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын оқып берді.
Сонымен қоса кеш иесі Серік Ақсұңқарұлына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын Қалқаман Сарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның хатын министрліктің Архив құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің сый-сияпатын әкім орынбасары Есет Байкен табыстады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов найзағай ақынның болмысын суреттей сөйлеп, өңіріне ТҮРКСОЙ алтын медалін тақты. Ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Жақып Серік Ақсұңқарұлына Қазақстанның Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан жылы лебіз жеткізіп, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағымен марапаттады.
Сонымен қатар, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Серік Ақсұңқарұлына «Құрметті профессор» атағын университет ректоры Нұрлан Дулатбеков табыстады.
Кеште «Құрмет» орденінің иегері Амантай Жұмашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов, Мәдениет саласының үздігі Саят Әбдіғали, Меруеш Башай, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің әншісі Құрмаш Ыбышев, дәстүрлі әннің дүлдүлдері Ержан Базарбеков, талантты ақын Мақсат Күземханов, әнші Салтанат Мұқышева, Қарағанды жоғарғы куманитарлық колледжінің хоры ақынның сөзіне жазылған «Сарыарқам менің», «Қарқаралы», «Балқантау – аққулар мекені», «Шайтанкөл», «Қарағанды вальсі», «Үш тауым-ай», «Өмір деген – Күнді айналу», «Есіл мен Нұра», «Мәңгілік Ел» секілді сырлы әндерді шырқады.
С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының талантты әртістері сомдаған «Жарық пен Түнек жыры» мен «Муза қыз бен мансап атты мәртебелі мырза туралы баллада» қойылымына халық зор қошемет пен ықылас танытты.
Шәкірті, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Мирас Асан кеш иесіне арнап «Ақын зертханасы» атты өлеңін оқыды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов Серік Ақсұңқарұлының «Руһтың шалқуы» өлеңін оқығанда кеш тақырыбы тап басып қойылғандай қол соқты ел-жұрт.
Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» əн-би ансамблі орындаған Қарқаралының әнұранына айналған «Шайтанкөл – аққулар мекені» əні кештің шырайына шырай қосты.
Кеш соңын абадан ақын өзі түйіндеп, көпшілікке шалқыған көңілін жеткізді. «Ұстараның жүзінде» атты сиясы кеппеген өлеңін оқып беріп, бақытты ақын басын иді.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ