Алаш абыройын көтерген Аида

Қарағанды спортшыларының айдарынан жел есіп, Алаш абыройын асқақтатып тұр. Кеше ғана Ливерпульдегі (Ұлыбритания) әлем чемпионатында жерлесіміз, боксшы Аида Әбікеева қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырына көтерілді. Сөйтіп, Қарағандыдан әйелдер арасында шыққан тұңғыш әлем чемпионы ел намысын көкке бір-ақ көтерді.

Аймағымыздан түлеп, әлемді жалт қаратқан қарағандылықтар өзі осылай. Бір көрінсе, айды аспаннан бір-ақ шығарады. Алтынмен апталып, күміспен күптеле кететін жерлестеріміздің бағы дейміз бе, алтын топырағымыздың киесі дейміз бе, не десек те жарасады. Бұған дейінгі Серік Сәпиев, Геннадий Головкин де осылайынан жеке дара танылып, дүркін-дүркін жеңіске жеткен. Алла берген Аидамыз да солай боп тұр. Биылдыққа екінші мәрте Әлем чемпионы аталып отыр. Ел қоржынына бір жылда қос алтын салу деген… Екінің біріне бұйыра бермеген бақ. Және өзі қарағандылық әйелдер арасынан шығып тұрған тұңғыш әлем чемпионы. Алтын аймақ, текті топырақ, артық туған бұрымды дейсіз бе, барлық мадаққа лайықты. Алла алқап, аруақ жебеп тұр ғой жерлесімізді. Ал өзі ме, өзіне сөз жоқ. талассыз талант, даусыз дарын.

Бұрымды боксшы биылдыққа осымен екінші мәрте әлем чемпионы аталып отыр. Мұның алдында Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында ел қоржынына алтын салып, ел мерейін өсірген. Жерлесіміз ондағы ақтық сында таиландтық Тананья Сомнуекпен қолғап түйістірді. Онда да үш раунд бойы жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсеткен. Нәтижесінде 5:0 есебімен жеңген-ді. Ал Ливерпульдегі осы жолғы ақтық сындағы жан алысып, жан беріскен айқас адам айтса сенгісіз жағдайда жалғасты. Бұрымды боксшымыз 65 келіге дейінгі салмақтың ақтық жекпе-жегінде өзбекстандық Навбахор Хамидованы қалай жеңгенін тамашалағандар түйсінеді. Қыспаған тақым, шықпаған жан қалмаған шығар жанкүйерлерде. Өйткені, алғашқы екі раунд өзбек қызының пайдасына шешілгенде, алтыннан үміт үзіле бастаған. Дегенмен Аида шынымен-ақ ерледі. Үшінші раундта жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, қолдан түскелі тұрған жеңісті қарсыластың тақымынан суырып алды. Міне – күш, міне – қайрат, міне – намыс деп шамырқандық. Нәтижесінде жерлесіміз екі дүркін әлем чемпионы атанды. Алаштың мерейін үстем етіп, бағын қайта жақты. Тартыса жүріп төртінші алтында қанжығамызға бөктерген Аида Отан алдындағы міндетін артығымен орындады деп ойлаймыз. Басымызды иіп, алғыс айтамыз! Жарайсың, Аида! Қыз болса сендей-ақ болсын!

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *