АЛАШТЫҢ АЙБОЗЫ

Кеншілер мәдениет сарайында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі әнші әрі педагог Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Айбозым» атты музыкалық кеш өтті. Отандасымыздың есімі – қазақ музыкасының тарихындағы тұтас бір дәуірмен ұштасқан, ал оның шығармашылығы ұлттық өнердің асыл қазынасына айналған. Мерейтой иесін құттықтауға шәкірттері мен әріптестері, замандастары мен өнер сүйер қауым жиналды.

– Сіз – халқымыздың мақтанышы, жерлесіміз болғанын мақтан тұтамыз. Әнді дауыспен емес, жүрекпен орындайтын сирек тұлғалардың бірісіз. Өміріңіз – өнерге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Сіз көптеген шәкірт тәрбиелеп, қазақтың ән қазынасын сақтап қана қоймай, оны жаңа биіктерге көтердіңіз. Деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, сарқылмас шығармашылық шабыт тілеймін! – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз құттықтау сөзінде.

Мерекелік кеш Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Көңіл ашар» күйімен ашылды. Оркестрге белгілі дирижер Ерлан Бақтыгерей жетекшілік етті. Концерттік бағдарлама барысында халық әндері мен Қайрат Байбосыновтың репертуарындағы авторлық шығармалар орындалды.

Бала кезінде Қайрат Байбосыновты ел «бала Біржан» деп атап кеткен – оның үні ерекше таза әрі әсерлі болған. Әншілік дарын оған әкесі, белгілі күйші әрі қобызшы Әукен Байбосыновтан дарыған. Кейін ол әйгілі Жүсіпбек Елебековтің шәкірті атанып, қазақтың дәстүрлі ән өнерін жаңа деңгейге көтерген бірегей орындаушы ретінде тарихқа енді.

Әншінің шығармашылық жолында ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің де орны ерекше. Жас Қайраттың «Жан сәулем» әнін шебер орындауы Нұрғисаны бірден тәнті етіп, содан бастап олардың арасында шығармашылық достық орнаған еді.

Қайрат Байбосыновты қарағандылық көрермен алғаш рет оның 13 жасында Кеншілер мәдениет сарайының сахнасына шыққан сәтінен бастап таныды. Кейін, 17 жасында да дәл осы сахнада өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қарағанды облысы өздерінің даңқты жерлесін ерекше құрмет тұтады.

Он бес жыл бұрын Қайрат Байбосыновтың есімі қала орталығындағы Шахтер даңқы монументінің жанындағы «Жұлдыздар аллеясында» мәңгілікке жазылып, арнайы ескерткіш белгі орнатылған.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ