Келер жылы Алматыдағы Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғасырлық мерейін атап өтпекші екен. Биыл соның қарсаңында жер-жерді гастрольдік сапармен «қыдырып» жүр. Қазақ мәдениеті мен руханиятының тамырын тереңге жайған алтын діңгегіндей театр ұжымы республика көлемінде ғана емес, шетелдерге де сапарламақшы биыл. Бастапқылардың бірі ретінде ел ортасындағы Арқаға келгені де Қарағандыға әрі ондағы өнер мен мәдениетке құрметі деп білген жөн шығар. Көрермендер мұнда төрт күн бойы әкем театрдың үздік қойылымдарын тамашалайды.
Алатаудан Арқаға құлаған көшті КСРО және Қазақстанның халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың директоры Еркін Жуасбек бастап келіпті. Осыған орай Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аталған театр ұжымын қабылдап, алдағы ғасырлық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
– Сіздердің театрдың біздің өңірге келуі – үлкен оқиға. Біз сіздердің өнерлеріңізді мақтан тұтамыз және жетістіктеріңізге қуанамыз. Барлық спектакльдерде аншлагтар болатынына сенімдімін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. Қонақтарды ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, С.Сейфуллин атындағы театрдың жетекші әртістері Кеңес Жұмабеков, Қайрат Кемалов қарсы алды.
Олар 1926 жылы шымылдығын алғаш түрген М.Әуезов атындағы Қаздрамтеатр өз тарихында үлкен кезеңдерден өтіп, ұлттық өнердің нышанына айналғанын атап өтті. Бүгінде бұл басқа ұжымдар үлгі тұтатын театр мектебі.
– Қарағанды мен үшін бөтен қала емес. Бірнеше рет қарағандылық театрлар сахнасында ойнап, гастрольдік сапармен келдім. Қарағандыда да жақсы театр мектебі бар. Жалпы театр – халыққа ең жақын өнер түрі. Біздің әрбір жұмысымыз – көрермендер алдындағы шығармашылық есеп. Жылдар бойы мен аға әріптестерімнің шеберлігін бойыма сіңірдім. Олардың бірі – осы өңірдің тумасы Қали Байжанов. Мен осындай шеберлерден өнер үйренгеніме қуаныштымын. Қазір білімімді жастармен қуана бөлісемін, – деді Асанәлі Әшімов.
Театр директоры Еркін Жуасбек Қарағандыға ұжым үлкен труппамен келгенін айтты: 70-ке жуық адам, олардың 40-ы – актерлер. Өздерімен бірге спектакльдерге декорациялар мен бірегей көрме әкелген.
– Қарағанды театрлары жақсы қолдауға ие. Мұнда өтіп жатқан жыл сайынғы фестивальдерге көп театрлар қатысқысы келеді. Тек жеңіс үшін ғана емес, тәжірибе алмасу үшін, – деп атап өтті Еркін Жуасбек.
Баспасөз конференциясында гастрольдік бағдарлама таныстырылды. Қонақтар сондай-ақ заманауи театрға қатысты өз ойларымен бөлісті.
С.Сейфуллин атындағы театр сахнасында бес спектакль қойылады. Репертуар көрермен түрлі жанрдағы, түрлі тақырыптағы қойылымдарды көретіндей етіп таңдалған.
Гастроль 7 сәуірде Мұхтар Әуезовтың пьесасы бойынша «Еңлік-Кебек» трагикомедиясының көрсетілімінен басталды. Айтпақшы, дәл осы шығарма 1926 жылы қазақ кәсіби театрының шымылдығын ашқан. Қазіргі заманғы қойылымда режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков жаңа көзқарасты жүзеге асырды.
8 сәуір күні сағат 18:30-да Бернард Шоудың «Пигмалион» пьесасы бойынша «Сүйікті менің періштем» комедиясы өтті.
9 сәуірде сағат 16:00-де «Сезім хаттары» атты ақындар кеші, сағат 19:00-де Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» драмасы ұсынылды.
10 сәуірде Мәдина Омарованың пьесасы бойынша «Ақтастағы Ахико» спектаклі гастрольді аяқтайды. Драманың негізін тыңшылық жасады деген жалған айып бойынша тұтқындалған жапондық Ахико Тецуроның шынайы тарихы құрайды. 10 жыл сталиндік лагерден кейін ол Қазақстанда қалды. Оның екінші отаны Қарағанды облысының Ақтас елді мекені болды.
М.Әуезов атындағы театр мұражай қорынан көрме әкелді. Онда бірегей экспонаттар ұсынылған: фотосуреттер, деректемелер, наградалар.
Олардың ішінде театр әртістері өткен ғасырдың 30-50 жылдары сахнаға шыққан шапандар бар. Олардың бірін Қарқаралы ауданының тумасы, белгілі қазақ актрисасы Шолпан Жандарбекова киіп, сахнада өнер көрсеткен.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ