Аманат арқалаған ана

Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан публицист, тәржімашы Марал Хасеннің 80 жылдығына және оның шығармашылық мұрасын насихаттаушы, аудармашы Рымбала Смайылованың 80 жасқа толуына арналған «Аманат арқалаған ана» атты кездесу кеші өтті.

Шараның шымылдығы «Молодежный» мәдениет үйінің әншісі Айнұр Әбдуалиеваның орындауындағы «Ананың ақ жаулығы» әнімен ашылды.

Кешті тізгіндеген Қарағанды облысы мәслихатының депутаты, айтыскер, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Жұмағұлов бұл шараның маңыздылығына тоқталып, қос тұлғаның қазақ руханиятына қосқан үлесі туралы кеңінен әңгіме өрбітті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушылар, оқытушылар, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Кеш барысында Марал Хасеннің аударма саласындағы еңбектері мен публицистикалық шығармалары кеңінен талқыланып, оның қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі ерекше атап өтілді. Ол әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын қазақ тіліне аударып, оқырман қауымға таныстырды.

Рухани мұраны насихаттаған ардагер анамыздың еңбегін бағалап, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков пен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов атынан құттықтау хаттар мен алғысхаттар табыс етілді.

Оның аудармаларының қатарында Иван Бунин, Эрнест Хемингуэй, Альбер Камю, Орхан Памук, Эйвинд Юнсон, Нагиб Махфуз, Уильям Шекспир, Габриэль Гарсиа Маркес сынды әлемдік классиктердің шығармалары бар. Әсіресе, қазақ оқырмандарына түсінікті, шебер аударылған туындылары оның жоғары деңгейдегі аудармашы екенін көрсетеді. Осы еңбектері арқылы ол қазақ әдебиетінің қазынасын байыта түсті.

Сондай-ақ, Марал Хасеннің жары, аудармашы Рымбала Кенжебайқызының әдеби мұраны насихаттаудағы қажырлы еңбегі ерекше аталып, оның мәдениетке қосқан үлесі жан-жақты сөз болды. Ол да шетел әдебиетінің үздік шығармаларын қазақша сөйлетіп, ұлттық әдебиеттің дамуына сүбелі үлес қосты. 2022 жылы Балалар жылы аясында Рымбала Кенжебайқызы жазушы-драматург Нұрайна Сәтбаеваның «Әлканың күміс тұмары» әңгімелер жинағын, америкалық жазушы Гарри Грейдің «Бір кездері Америкада» романын, Илмаз Даниялұлының «Дастанның Арманы. Басы», сондай-ақ француз жазушысы Анни Эрноның «Әйел» және «Менің асыл жандарым» кітаптарын қазақ тіліне аударды. Қазіргі таңда ол Виктор Гюгоның «Нотр-Дам соборы» романын қазақшаға аударып жатқаны көпшілікке қуанышты жаңалық ретінде ұсынылды.

Кездесу барысында ардагер журналистер Аман Жанғожин, Әли Тойжігітов, Қалижан Бекқожа, Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садыханов қос тұлғаның әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесін атап, олардың еңбектері келешек ұрпақ үшін үлкен мектеп екенін айтты.

Кездесу барысында қонақтар қос тұлғаға арнап жылы лебіздерін білдіріп, олардың еңбектерінің жас ұрпаққа берер тағылымы зор екенін атап өтті.

Қарағанды Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Сәулем-ай» хор ұжымы әндер орындап, «Ақниет» ансамблінің мүшелері монолог оқыды, «Теміртау қаласынан келген «Магнитка» ансамблі өнерпаздары өнерлерін ортаға салды.

Бұл кездесу қазақ руханиятының дамуына, әдебиеттің өркендеуіне зор үлес қосқан тұлғаларды еске алу және олардың еңбектерін жастарға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған маңызды шара болды.

Қатысушылар бұл шарадан ерекше рухани әсер алды.

Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА,

Облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *