Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-1964) – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы.
Қаныш Имантайұлы тек ғалым болып қойған жоқ, ол жұмыс тәжірибесі мол инженер іс адамы болды. Ол геология ғылымы мен тәжірибенің байланыстылығын ерекше атап көрсетті, тәжірибелік геология үшін теориялық базаны жасау мәселесін маңызды санады және кен орындарын болжаудың ғылыми негіздерін жасады.
Ұлттық Ғылым академиясы мен оның тұңғыш басшысы академик Қ.И.Сәтбаевтың басына үйірілген қара бұлт, нақтылы айтсақ, ғылым ордасы шаңырақ көтерген жылы-ақ белең берген. Сену қиын, бірақ тарихи айғақтар бұны еріксіз мойындатады…
Академия президентіне ауырырақ тиген «кінәнің» бірі ғылыми ортаға сенімсіз және ұлтшыл адамдарды тартқаны жөніндегі қаралау еді. Сталинге жолдаған хатында Қаныш Имантайұлы бұл мәселе жайында: «…Қазақ КСР Ғылым академиясы бүгінде мықты ұжым, оның құрамында 60 ғылым докторы мен 300-ге жуық ғылым кандидаттары мәнді зерттеулермен шұғылдануда… өзіме тағылған «ұлтшылдарды қанатының астына алды» деген айыпты үзілді-кесілді мойындамаймын… мен оны жоғарыда келтірілген бұлтартпас деректер негізінде дәлелденбеген және түгелдей әділетсіз деп есептеймін…» (арыздың 3, 6- тармақтары).
Осы қарсаңда қалалық және аудандық партия комитеттері комиссия шығарып, академияның кадрлар басқармасындағы бас жұмыстарды сүзіп, ақырында ҒА-ның жүйесінде Баянауыл ауданынан 33 адам жұмыс істейтіні, бұлардың 17-і ғылыми қызметкер екенін ( демек, 1785 қызметкердің бір проценті ғана) анықтаған. Бұл айғаққа ерекше мән беріліп, бұрын-соңды ұғымда жоқ «баянаулизм» атауы пайда болып, Қаныш Имантайұлын ғылым ордасына өзінің жерлестерін, туыстарын топтап тартқан әрі басшы қызметтерге көтерген… деп айыптауға негіз болған….
Ғалымды кінәлі еткен және бір айып – партия қатарына өтерде ата-тегін жасырды деген сөз еді. Бұл жөнінде де комунист Сәтбаевтың адалдығын, шыққан тегін аупартком мен Орталық комитет хатшыларына ашық мәлімдегенін, тіпті арызында жазбаша атап көрсеткені туралы ақталуына ешкімнің ден қоймағаны таңғанарлық…
Оның да түп себебі түсінікті: қалай ақталсаң да мейлің – адалдығыңды, еңбегінді білеміз, бірақ олар сені қазір жазадан құтқармайды; ең дұрысы – айтқанға көніп, айдағанға жүру… деген тоғышар әкімнің бәз-баяғы қияңқы зорлығы…
Бүгінге дейін түсініксіз жайт: жыл бойы тергеліп, тексеріп, пәле-жала үйіп-төгіп қаралаған Қ.И.Сәтбаевтың академияның қыркүйек айында өткен кезекті сайлауында президент болып қайта сайлануы; соған қарағанда «Қазақстан Компартиясының басшылары бір қолымен пәлеқорларға ерік беріп, екінші қолымен қайраткер ғалымды қорғауға тырысқан ба?» деп еріксіз ойлайсың; әмбе бүгін бір түрлі тұжырым жасап, ертеңінде содан айнып, әлдекімнің қолында ойын добы құсап қақпақылға түскені даусыз.
Тағы бір ақпаршы Москваға барған сайын Сәтбаевтың банкет ұйымдастырып, кейбір лауазымды ғалымдарға қымбат сыйлықтар тарататындығын, тіпті кйбіреулерінің үйіне дорбалап алма жіберетіндігін хабарлапты. «Бұл ақпарда аздаған шындық бар, тек кейбір айғақтарды қақас естіп шатастырып алған, тегінде өсек айтуға да дарын керек»,- депті академия президенті аутпаркомға жазған түсінігінде, сірә, пәлеқорды біршама әжуалап алуды құп көрген сияқты.
« Ғұмырымда бір-ақ рет «Москва» мейманханасында 30 кісіге банкет ұйымдастырдым, Қазақстанның қартасы шегілген, қазына байлығы бейнеленген өте қымбат гобелен-кілем де сыйладым. Мұны біз 1945 жылы, КСРО ҒА-ның 220 жылдық мерекесіне барғанда, Н.Оңдасынов жолдас екеуміз республика халқының атынан академияның төралқасына кексе ғалымдардың көзінше тарту еттік. Шығынды көтерген – Қазақстан үкіметі. Ал алма таситындығым жөнінде мойындаймын», деп шындықты жазған. «Өзімнің қымбатты ұстаздарым Усов пен Комаровтың жесірлеріне, қазіргі қызметіме зәредей де қатысы жоқ ескі достарыма күзгі сапарларымда базардан өз ақшама сатып алып, бірер тор Алматы апортын ала баратыным рас. Мұны мен кісілік ізетке санаушы едім, сол үшін де партия органдарына түсінік жазарымды иә рұқсат сұраудың қажеттігін білмеппін, келешекте хабарлап отыруды ұмытпаспын».
Тағы бір жалған ақпар өткен жылдың аяғында Москваға барған іссапарын өз бетімен үш тәулікке ұзартып, «прогул жасап, әрі мемлекеттің қаржысын артық шығындап, серілікке жұмсағандығы» жөнінде еді .
«Менің біліуімше, Медеу шырақ, Қанекеңді ту бастан орнынан орнынан босатуға ой болмаған-ды. Жұмекең өйтем-бүйтем деп ашу шақырғанмен, кекшіл кісі емес-ті, қайтымы тез болатын. Қыркүйекте президенттіке қайта сайлап, қарашада орнынан босату жөніндегі бюро қаулысының сыры – басқада… оғаш шешімнің күрмеуі әлгінде жай-жапсарын айтқан активте байланып, Москвадан Шишкиннің қайта-қайта телефон шалып, Шаяхметовтың өзіне: «Ұлтшыл Сәтбаевты қашан қуасың?» деп дікілдеуінен болды деп ойлаймын. Ал оның үлкен ЦК-да кімге барып, келісімін алып қойғанын білмеймін. Бұл жайтты Қанекең білмеді. «Москва мені бермейді, қорғайды» деген сенімге қатты беріліп, айтқанынан қайтпай қойды», — деп әңгімелейді Бөлебай Исабекеов.
«Қазақ КСР ҒА-ның президенті, комунист Сәтбаевтың жеке ісі» деп аталған мәселені талқылау Орталық Комитеттің бюросында қараша айының 23 күні (1951) қаралған. Бір жыл бойы әуре-сарсаңға салып жөн жосықсыз тексеріп, неше түрлі пәле-жаланы жинап, соның өзімен-ақ ғалымның жүйкесін жұқартып, дертін де күшейтіп, соншама жөткірлікпен әзірленген талқының қандай жөн-жүлгіде өткендігін бүгінде тәптіштей әңгімелеудің қажеті шамалы. Сол күннің өзінде ұлтымыздың көш бастар серкесі, зиялы қауымның бетке ұстар жампозы атанған біртуар перзентіне сол күні жасалған қасақана қиянаттың, көсемсіген белсенділердің аузына келгенін көкіп, нендей ауыр сөздер айтқанын қайталаудың өзі ауыр.
Ғалымның өзі бұл жайында есіне алып, аса бір сенген иә сырлас дос-жарандарына болмаса, қайыра әңгіме етуді артық көрген. Сірә, жан дүниесі сөгіліп, қатты күйінген сол бір сәтті жадынан біржола ұмытуды тілеген. Бірақ ұмыта алмаған.
Ғалымның ізбасар серігі Шапық Шөкіұлы «ҰҒА-ның ғұмыр жолы» кітабының 33-бетінде: «…үш айдан соң Москвада кездескенде, Қаныш Имантайұлы кенет Орталық Комитеттің бюросындағы талқылауды ренішпен есіне алды: ақталған сөзіне ешкім құлық қоймапты; әр лебізіне айғаймен жауап қатып, кереғар сұрақтарды жаудыра беріпті; бір адам қорғау түгілі, «Ау, жолдастар, бұл кісінің жақсы жақтары да бар ғой» демепті» — деп жазады…
Орталық Комитеттің жабық бюросы коммунист Сәтбаевты нақтылы үш мәселе бойынша «кінәлі» деген шешімге келген: бірінші, партия қатарына кірерде шыққан тегінің бай болғандығын жасырған; екінші, «Ер Едіге» дастанын жарыққа шығарып қана қоймай, сол әрекетінің саяси қателік екенін мойындамаған; үшінші, Ғылым академиясына пиғылы жат адамдарды қабылдап, әмбе оның қатарын жерлес қызметкерлермен былықтырған.
Соған орай қабылданған қаулы да өрескел қатаң: «ОК бюросы жолдас Сәтбаевты бұдан әрі академияның президенті және ИГН-ның директорлығы міндетінде қалдыруды лайықсыз деп санайды, бұл қызметтерден босатуды Ғылым академиясының жалпы жиналысында шешуді ұсынады» .
Академик Сәтбаевтың Қазақ КСР ҒА-ның президенті міндетінен босауы, тегінде, сол күндегі зиялы қауымның сүт бетіне шығар қаймағы іспетті маңдайалды тұлғаларын жаппай қудалап, ғылыми ортадан аластауға жол ашқан. Әрине, олардың орнын сол науқанда белсеңділік танытқан сұрқайлар басқан. Бірталай оқымысты кафедра меңгеруден шеттетіліп, профессор, доцент оқытушылардың қарымды тобы жұмыссыз қалды.
Жан сақтау үшін не істемейсің: шеткергі қалаларға ауысып, онда да техникум, орта мектептерге сабақ беру де тимей, жөней бір мекемелерге іс жүргізуші болғандар қаншама, оған да қауіпсіздік қызметі рұқсат етсе; ал егер рұқсат болмаса – қолына күрек, қайла алып, жер қазып, жүк тасып күнкөріс жасауға тура келген…
Академик Ш.Шөкиннің ҰҒА тарихы туралы кітабында 1948-1952 жылдарда Сәтбаевтың жақтастары және саяси көзқарасы тұрлаусыз деген кінәмен ҒА-сы жүйісінен 200-дей ғалымның аластатылғаны айтылған. «Ғылымның кейбір саласы жұтқа ұшырағандай болып орны үңірейіп қалды» — дейді ғалым. 1952 жылғы наурыз айының 1-і күні партия қайраткерлеріне жолдаған хатында Қ. И. Сәтбаев Ғылым академиясында 289 жергілікті ұлт өкілінің келелі зерттеумен шұғылданатынын даралап атапты.].
1953 жылғы наурыз айының 5-жұлдызында И.В. Сталин қайтыс болды. КСРО Жоғары Кеңесінің төралқасы миллиондаған жазалыларға кешірім жариялады: бірінші кезекте жұмысқа кешіккен, қоғам мүлкін талан-таражға салған қылмыстылар, тіпті, мыңдаған сойқанды содылар «еңбекпен түзеу лагерьлерінде оң жолға тәрбиеленді»деген желеумен бостандыққа шықты; ал 58-бапқа жатқызылған саяси тұтқындарға әлі де көп айлар бойы зарыға күтуге тура келді. Алайда, жақсылық қарлығашы келер уақыт жақын еді: КСРО-ның бас жендеті, қанқұйлы Берия да лайықты жазасын тартып, жер жастанды; соның артынша-ақ саяси қылмыспен айдалғандардың кең дүниеге шығар сағаты жақындай түсті.
Орталық Комитеттің жаңартылған бюро құрамы академик Қ. И. Сәтбаевтың жеке басының мәселесін қайта қарап, бұрынғы айыптардың бәрін негізсіз жала деп тауып, нақақ сөгістен адақтайды. Сірә, күпті мәселенің жай-жапсарын зерттей келе, осы жайында көптеген ұлт зиялылары, коммунисттермен сөйлесіп, нақты деректерді білген соң республиканың жаңа басшысы Қазақстан қауымын толғантқан жәйттің бет-пердесін ашуды жөн көрген.
Сол жылы жазға салым өткен республика активінде және жазушылардың екінші құрылтайында сөйлеген сөзінде П. К. Пономаренко Қазақстан КП ОК-ның бұрынғы хатшыларының пасық қылықтарын әшкерлеп: «Әуезов, Сәтбаев, Жұбанов сияқты ұлт зиялыларының аса дарынды тобын қамқорлыққа бөлеп, шығармашылық еңбектеріне демеу жасап, еңбекшілерді тәрбиелеуге барынша пайдаланудың орнына сіздер олардың соңына шам алып түсіп, күн көрсетпей, үйреншікті ортасынан безуге мәжбүр еткенсіздер. Осыдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?!»- деп, дүйім жұрт іштен тынып айта алмай жүрген ащы шындықты жайып салды…
Ғалымның қиын-қыстау күндерде өзін де, жапа шеккен әріптестерін де рухани демеп, сан мәрте қайталаған уәжі: «Ақиқат әрқашан жеңеді!» дегені расқа шықты
Бұл ақпараттар Қаныштанушы Медеу Сәрсеке еңбегінен алынды.
Әлемдік даңқы бар адамның ерекше қасиеттеріне тамаша ұйымдастыру талантына және терең ақыл-ойға ие Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өз халқы мен Отанына қызмет етудің үлгісі саналды. Қ. И. Сәтбаев есімі Үлкен Қазақстан ғылымының және Қазақ Академиясының дамуымен және гүлденумен байланысты, бұлар оның басшылығымен елдің ғылыми ақыл-ой орталығына айналды.
Пайдаланған әдебиеттер
Сәрсеке Медеу. Қазақстың Қанышы. Роман-эссе.-Алматы:Атамұра, 1999.
Сәрсеке Медеу. Қаныш Сәтбаев. Роман-эссе. –Астана: Фолиант, 2008.
Темірғали Аршабеков,
тарихшы, Қазақстан журналистер одағы мүшесі.