«Өлеңшіге шөп те өлең, шөңге де өлең» демекші, журналиске жер мен көктің бәрі тақырып. «Біреудің жанарындағы, біреудің табанындағы» дүниенің барлығы материалға сұранады да тұрады. Жүрген жерде ойланып, көзіңді ашып жүрсең болғаны. Жолда, тойда, қырда, ойда жүрсің бе мейлі, сергек әрі қырағы болсаң жарап жатыр
Қарағанды журналистикасы деген алып ұстахана. Әлі күнге дүрілдеп тұр. Сонау 1991 жылы тамыздың 19-шы жұлдызында облыстық «Орталық Қазақстан» газетiнiң бас редакторы Нұрмахан Оразбеков «Иә, бұл — төңкерiс!» деген тақырыппен былай жазыпты. «Жексенбiден дүйсенбiге қараған түнi кеңес одағында төңкерiс жасалды. Иә, көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатерi iс жүзiне айналды. Заңды сайланған Президенттiң денсаулығы кенеттен нашарлап, елдi басқара алмайтын жағдайға жеттi деген қып-қызыл өтiрiкке сене қоятын ақымақ бүгiнде күндiз қолыңа шам алып iздесең де табыла қоймас. Иә, бұл — қып-қызыл төңкерiс!».
Осылайша қызыл империя құлағанын одақ көлемінде тұңғыш Қарағанды газеті жариялаған. Қазір айтарға жеңіл болғанымен, ол кезде санаға сыйыңқырамайтын ерлік. Осыдан бері Қарағанды журналистикасы жүрісінен жаңылған жоқ. Аздаған кідіріс пен кібіртіктеу қашанда болып тұратыны белгілі ғой. Алайда Астана кадр іздегенде «жаутаңдап» Қарағандыға көз тігері өтірік емес қой. Қаламгерлер арасында «Астана Қарағандыны «жұтып» жатыр» деген сөз тегін айтылмаса керек-ті. Небір дарынды журналист, небір алымды маман екі-үш жылдан соң Астанадан бір-ақ шығады. Қарағанды мектебімен ұстахананың сыры осында.
Біз журналистер күні дегенде, үкімет немесе облыстық әкімдіктің бюджетіне қараған ресми арналар мен газет-журналдарды айта береміз. Ал халық арасынан шығып, ел қатарына қосылып, бұқараның зарын айтқан жекелеген басылымдар ше?
Тəуелсіздік алған 90-жылдардан бері ондай газеттер сиреді. Шығады, жабылып қалады. Бірер жыл өмір сүреді де, қыршынынан қиылады. Мемлекет те, үкімет те мүдделі болмады бəсекелестік пен ұлттық сана мен тілді өркендетуге. Ақыр аяғы ұнамағандарды, яғни дегенімен жүрмегендерді қырқып отырды. Мұндайда газет ашып, аяғынан тұрғызу кімге де болсын оңай соқпады. Қолыңыздағы «Арқа Ақшамы» сондай қиындықтар мен өткелектерді бастан кешіріп, ақпарат майданында ысылған редакция екенін атап өткен лəзім мұндайда. Облыстық бюджетке алақан жайып бастаған жоқ алғашқыда. Құрылтайшысы «Кент» баспа үйі, Бақтыбай Жүністің демеушілігімен, халықтың көтермелеуінің арқасында көш түзеп кеткенін білесіздер. Журналистердің кəсіби мерекесінде қазақ тілі мен ұлттық санасының өркендеуіне өз еркімен атсалысқан осындай атымтай жомарттарды неге атамасқа? Кім қалтасынан қиып, ауызынан жырып мұндай ерлікке барып жатыр? Ақшасы тасығандар таси түссе екен деп пайдасы мол бизнеске құлаш ұрады бұл заманда. Ал ұлттың өркендеуіне үлес болатын қазақ тілі үшін күрес кəсіпкерге бір тиын пайда əкелмейтіні белгілі. Қолдарыңыздағы осы газеттің тұңғыш редакторы Жанат Жаңқашұлының «Қарағандыда қазақ тілді жалғызақ газет бар» дегенін естіген бойда Бақтыбай аға дереу істі қолға алған. Дүниеге «Арқа Ақшамы» осылай келген. Қаншама журналиске жұмыс орны ашылған.
Сондықтан журналистер күні мұндай ерлік иелерін де атап өтіп қоймасақ, біздің журналистігімізге сын. Қазақ тіліне, ұлттық санаға, бұқараның мұң-мұқтажына болысу — ең қасиетті іс. Демек, ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Жазбамыздың маңызын осыдан-ақ пайымдасаңыз нұр үстіне нұр.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ