«Арқа журналисі» атты кездесу кеші

«Жалпы, Әдебиет мырзаның әлемі – бөлек  әлем. Жазғанын былай қойыңыз, қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, бүкіл болмыс-бітімі бір көрген жанға еріксіз күлкі шақыратын әлем. Астарлы әзілі, қазақы қалжыңы, баладай аңғалдығы мен даладай кеңдігі өзіне ғана жарасып тұрады тұқымы көбейгірдің. Бала дейін десең, жасы 50-ге келді. Аға дейін десең, балалығы тарқамаған. Жүрегі – таза, тілегі – аппақ!..»

«Орталық Қазақстан» газетінен.

Ерсін Мұсабек, 2022 жыл.

 

Мұхтар Əуезов атындағы кітапхананың нөмірі 14-ші филиалында «90 жылдыққа – 90 кездесу» айдарымен Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, «Arqa Aqshamy» газетінің бас редакторы, сатирик-жазушы  Əдебиет Белгібайұлымен кездесу өтті. Кешке журналист-ақын Серғазы Қабылда, бард ақын, айтыскер Қуаныш Мақсұтұлы, «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Қасымхан Ғалым, қолөнер шебері Қылышбек Құрманұлы қатысып, Әдебиет Белгібайұлының шығармаларына тоқтала келіп, жеке басының қасиеттері жайлы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, кешке қатысып отырған Нұрбеков Аманжол аға басқаратын «Қарағанды жоғары медициналық интерколледж» ЖМ студенттері өздерін толғандырып жүрген қызықты сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар ала алды.

Жалпы студенттер қауымының шараға белсенділік көрсетуі сирек кездесетін жайт. Студенттер қауымына разы болған, ел арасында «Сары тентек» атымен белгілі Қуаныш ақын әдебиет саласына деген құштарлық дәрігерлер қауымының ең бірінші қаруы екендігін түрлі мысал арқылы естеріне салып өтті.

Журналист Қасымхан Ғалымның жүрекжарды естелігі көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын. Әдебиет Белгібайұлының адамгершілігі, бауырға деген жанашырлығы, көңіл көкжиегінің кеңдігі, досқа деген адалдығы Серғазы Қабылда, Қылышбек Құрманұлы, Ғазиза Смағұлқызы сөздерінен де көрініс тапты.

«Тақыр жерге шөп шықпайды» деп бабаларымыз айтып кеткендей, қоғамдағы өткір проблемаларды көтеріп жүрген Әдебиет Жұманов – қазіргі сатира көшін өрге сүйреп жүрген жанкештінің өзі. Кешегі өткен заманда бірінші хатшының өзіне именбей кіретін Ж.Алтайбаевтың шекпенінен шықпаса да, бүлкілдеп тұрған қан тамырының бір өзегі сол кездегі  «Ара-Шмель»  журналының бас редакторының қан тамырымен үндес, өзектес, яғни бір тұқымнан. Қаймықпай жазып, айбарлы жүретіні өз атасы Ес батырдан қалған қасиет. Қазіргі қоғам осындай айбатты жорналшыларға зәру.

Сатираның сардары атанған Көпен Әмірбектен бата алып үлгерген Әдебиет Белгібайұлы тегін адам емес, ендеше Көпеннің де батасын еске сала кетейін.

«Қазақ сатирасы қалың орман сияқты. Соның ішінен қырқып әкелген қарағай, қайыңды не дейді? «Бөрене» дейді. Сол бөренелерді тілгілеп, сүргілеп жиһаз жасауға кіріскен Әдебиеттің шеберлігіне шек қоймаймын. Адыр-бұдырлы ағаштың ажарын ашып, темірден түйін түйгендей ұлы сатираның ұстасына айналсын деп тілеймін». Көпен Әмірбек.

Біз де бұдан асып айта алмадық.

Әдемі кешті жүргізген модераторлар: Анар Жұмабекова мен Гүлнұр Мырзахметқызы.

Аңғар СМАҒҰЛ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *