Ән байрағын Арқада көтермегенде, қайда көтереді? Кешегі сал-серілерден бері қайырғанда, солардың ізін жалғаған әйгілі әнші, әртістердің небір өкілдері осы Арқадан емес пе? Соның бірі һәм бірегейі, кешегі алмағайып заманда қазақ әндерін аман алып қалған, соңынан шәкірт тәрбиелеген екі әнші десек, бірі – Жүсекең, Жүсіпбек Елебеков, ал жалғыз десек – ол да Жүсекең. Осы өңірден түлеген Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, тағы басқаларын атамағанда. Соның бір белгісі шығар, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, айтулы әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы IX республикалық дәстүрлі әндер орындаушыларының байқауы Қарағанды қаласын неше күннен бері әнге бөледі. Биыл әншінің туғанына 120 жыл толыпты.
Ел көлеміндегі ән байқауына атақты әншінің жолын жалғаған шәкірті, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұстазына тартып туған ән алыбы Қайрат Байбосынов келіпті. Байқаудың шымылдығы «Сарыжайлау» кинотеарында түрілді.
– Осы байқауға әділ қызмет етейік деп келдім. «Saryarqa» телеарнасындағы таңғы хабарда Жүсіпбек Елебековтің азаматтық болмысын, шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегін, бөлек әдіс-тәсілін айттым. Мен – Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкіртінің бірімін. Жәнібек Кәрменов, қазір осында отырған Ғалым Мұхамедин де – төл шәкірті. Композитор Тұрсынғазы Рахымов сәл кейіндеу келді. Жүсекең өмір бойы жинаған әндерін бізге үйретті. Біз бәрін мұқият бойымызға сіңірдік. Әрқайсымыздан үміт күтті. Ол кісінің бір кереметі – бәріміздің болашағымызды болжап кетті. Кімнің әнші болатын, болмайтынын дөп айтатын. Қазір сол Алматыдағы эстрада студиясы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі деп аталады. Ол Еркеғали Рахмадиев министр болып тұрғандағы игі іс еді, – деді Қайрат Байбосынов.
Дәстүрлі ән додасына Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Ақмола облысы және тағы да басқа өңірден әншілер келіпті. Біле білгенге дәстүрге айналған Жүсіпбек Елебеков атындағы байқаудың орны бөлек. Бұдан жүлделі болған орындаушылардың бағы жанбай қалғаны жоқ. Екінің бірі келе бермейді және. Кіл мықтының ішінен іріктелген өнерпаздар келіп, бақ сынасады. Сонысымен де байқаудың бәсі жоғары. Қазір ғана емес, бұрыннан солай екенін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жақсыгелді Кемалов былай деп есіне алды:
– 1994 жылы Жүсекеңнің 90 жылдығында алғаш рет Ж.Елебеков атындағы облыстық байқау өтті. Басталғаннан-ақ, Рымбала Кенжебалақызының ұйымдастыруымен Мейірхан Адамбеков екеуміз ауыл-ауылды аралап, облыстық байқауға таланттарды іріктедік. Қазылар алқасына да республикадан белгілі мамандарды шақырдық. Жоғары деңгейде өтті. Ал 1998 жылы республикалық деңгейге көтерілді. 45 үміткер қатысып, бас жүлдені Сержан Мұсайын алды. Әлі есімде, Сержан ең соңғы болып өнер көрсетіп, топ жарған. Биыл тоғызыншы рет өтіп отыр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен тұрақты өтетін Мәди, Тәттімбет және Жүсіпбек Елебеков атындағы үш ірі байқау бар. Әрқайсы үш жыл сайын айналып келіп отырады, – дейді Жақсыкелді Кемалов.
Сонымен, ән алыбы Қайрат Байбосынов бастап Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемалов және Жүсіпбек Елебековтің ұлы Естай Елебеков, Мәдениет саласының үздігі Талғат Абуғазин, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абылай Қармысов, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын сынды азаматтар қазылық қылып, бағасын берді.
– Құрметті жас өнерпаздар, сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Осы байқауға қатысқан әр өнерпаз келешекте қазақ мәдениетінің биіктеуіне талмай еңбек етеді деп сенемін. Таланттар қай жерде, қай уақытта болмасын лайықты бағасын алуы тиіс. Қазақтың ұлы рухы сіңген ғаламат әндер жүректеріңізді қуанышқа бөлей берсін! – деп облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жүлдегерлерді құттықтады.
Сонымен, Қазақ ұлттық университетінің студенті Дария Бекпенбетова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Мадияр Өмірғалы, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Шерхан Тұяқ, Жетісу облысынан келген Сәбинұр Қаһарман, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының студенті Алида Хуанова байқаудың жүлдегерлері атанды.
Жүсіпбек Елебеков атындағы ән байқауын өткізуді алғаш ұсынған – қазақтың аяулы әншісі Мейірхан Адамбеков екен. Биылғы додада соны ескеріп, өзі де ән өнерін үкілеп өткен көміс көмей әнші Мейірхан Адамбеков атындағы арнайы сыйлық тағайындалыпты. Бұл жүлдеге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Бақтияр Орал лайық деп танылды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының студенті Өмірхақ Шешхан Қазақстанның халық артисі Манарбек Ержанов атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды. Ғаббас Айтбаев атындағы арнайы сыйлық Құрманғазы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Нұрдана Сәлімханға, Қазақстанның халық артисі Қали Байжанов атындағы жүлде Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Айбек Тәттімбекке бұйырды. Игілік Омаров атындағы арнайы сыйлық Қазақ ұлттық өнер университетінің Ақниет Серғазинаға, Рымтай Бөдесов атындағы арнайы сыйлық Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Ұлжан Әбілхасимоваға табысталды.
Жүлделі үшінші орынға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Аружан Сағындық, Бұқар жырау ауданынан қатысқан Қуандық Төкенов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Сәулет Аманғазин лайық деп танылды. Ал екінші орынды Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Аида Сраил, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының студенті Жасұлан Базарбаев алды. Бірінші орын Қазақ ұлттық университетінен келген Камал Майдановқа бұйырды. Ал айтулы ән байқауының бас жүлдесін алған Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бек Мыңбайдың қанжығасы майланды.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ