Қарағанды облысында жұмыс күші мол өңірлерден (елдің оңтүстігі, республикалық маңызы бар қалаларды қоса алғанда) еңбек тапшылығы бар аймақтарға көшуге ниет білдірушілер үшін география кеңейтілді. Егер өткен жылы бағдарламаға тек екі аудан – Нұра және Ақтоғай қатысса, енді Қарағанды мен Теміртаудан басқа кез келген аудан мен қаланы таңдауға болады.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы Қарағанды облысы 33 қоныс аударушыны қабылдады. Бұл Түркістан, Алматы облыстарынан, Шымкент, Астанадан көшіп келген 9 отбасы. Олар Нұра және Ақтоғай аудандарында қоныстанды.
Қоныс аударушылар арасында медициналық білімі бар мамандар болды. Облыста бұл кадрлардың жетіспеушілігі болғандықтан, олардың жұмысқа орналасуында проблемалар болған жоқ. Ауыл шаруашылығында да жұмыс табылды.
– Биыл қоныс аудару өңірлеріне Қарағанды мен Теміртаудан басқа Қарағанды облысының барлық аудандары мен қалалары енгізілген. Біз 36 адамды қабылдауға дайынбыз, бұл 11 отбасы. Жалпы құрамы 15 адамнан тұратын төрт отбасынан өтініш келіп түсті. Олар Нұра ауданына, Приозерск және Шахтинск қалаларына көшуге ниет білдірді. Өтініштерді қоныс аудару жөніндегі өңірлік комиссия қарайды, – деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығында.
Мысалы, Шахтинск қаласына екі баласы бар жас отбасы Алматы облысынан көшіп келмек. Отағасының мамандығы «қауіпсіздік техникасы инспекторы», сондықтан жұмыс табу мүмкіндігі зор.
Ерікті қоныс аудару шарттары бойынша мемлекет тек жұмысқа орналасуға көмектесумен ғана шектелмейді. Көшу шығындарын, сондай-ақ бірінші жыл пәтер жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерді өтейді. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда тегін кәсіби курстарға жіберіледі. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін немесе ипотека бойынша бастапқы жарна ретінде пайдалануға болатын экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Мұндай материалдық көмектің мөлшері тұрғын үй құнының 50%-на дейін, бірақ 1160 АЕК-тен аспайды (2024 жылға 4 282 720 теңге).