Қарқаралы – тарихы терең, табиғаты көркем, рухы биік қасиетті өлке. Бұл өңірдің киелі топырағы небір тұлғаларды түлетіп, талай ұлтжанды азаматтардың қалыптасуына себепші болған. Бүгінгі таңда да Қарқаралы жастары ата-баба аманатына адалдық танытып, ел мен жерге қызмет етуді басты мұратына айналдырып отыр.
Солардың жарқын айғағы – аудан жастарының басын біріктіріп, игі істердің ұйытқысына айналған «JasStar» волонтерлік ұйымы. Бұл ұйым 2017 жылы құрылған болатын. Биыл міне, «JasStar» қозғалысының құрылғанына сегіз жыл толғалы отыр. Осы уақыт ішінде ұйым өзіндік бет-бейнесін қалыптастырып, Қарқаралыдағы жастар қозғалысының қозғаушы күшіне айналды.
Құрамында жетпіске жуық ерікті жастары бар ұйымның ұраны – «Біздің күш – бірлікте!» деген ұстаным. Бұл сөздер олардың күнделікті қызметінің, өмірлік бағыт-бағдарының айқын көрінісі десек артық емес. Волонтерлік – тек ерікті түрде көмек көрсету ғана емес, ол – адамгершіліктің, мейірім мен жауапкершіліктің, бірлік пен рухани байлықтың өлшемі.
«JasStar» ұйымы бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді: әлеуметтік, экологиялық, мәдени, спорттық және ақпараттық салалар бойынша тұрақты жобалар ұйымдастырып келеді.
Әлеуметтік бағытта еріктілер қарттар мен жалғызбасты жандарға көмек қолын созып, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған. Қайырымдылық акциялары, мерекелік кездесулер мен гуманитарлық көмек шаралары – ұйым жұмысының басты бөлігі.
Экологиялық бағытта жастар жыл сайын «Таза өзен», «Таза орман», «Таза Қазақстан» акцияларын өткізіп, табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосып келеді. Орман тазалау, ағаш отырғызу, сенбіліктер ұйымдастыру сияқты шаралар – олардың тұрақты дәстүріне айналған.
Мәдени және спорттық бағытта волонтерлер аудан көлеміндегі маңызды іс-шаралардың ұйымдастырушылары әрі белсенді қатысушылары. Тәуелсіздік мерекесі, жастар форумы, ұлттық мерекелер – бәрінде де «JasStar» жастарының қолтаңбасы бар.
Елімізді еңсеріп өткен күрделі кезең – пандемия уақытында да волонтерлер қоғам өмірінен тыс қалған жоқ. Карантин кезінде дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізуде, жалғызбасты адамдарға көмек көрсетуде олар ерекше белсенділік танытты. Бұл – олардың азаматтық жауапкершілігі мен мейірімінің айқын дәлелі.
Жас волонтерлердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2021 жылы «JasStar» волонтерлік желісі Қазақстан Республикасы бойынша «Жылдың үздік волонтерлік ұйымы» халықаралық сыйлығын иеленді. Бұл марапат – ұйымның жүйелі еңбегінің, ауызбіршілігінің және қоғам алдындағы жауапкершілігінің мойындалуы.
Соңғы жылдары ұйымның бастамасымен «Жеңіс» республикалық қайырымдылық жобасы, «Ардагерім – ардағым», «Ел тірегі», «Жанашыр жүрек» әлеуметтік акциялары және «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы сәтті жүзеге асырылды. Бұл бастамалар аудан тұрғындары мен жастарының бірлігін арттырып, ізгі істерге жол ашты.
«JasStar» ұйымының жетекшісі Садық Жәнел былай дейді:
– Волонтерлік – мен үшін үлкен өмір мектебі. Біз әрбір ісіміз арқылы адамдарға қуаныш сыйлап, қоғамның дамуына кішкене болса да үлес қосуға тырысамыз. Әр волонтердің еңбегі – жүректен шыққан ізгілік. Ең бастысы, жастардың бірлікпен, сеніммен әрекет етуі – біздің басты күшіміз, – дейді ол.
Қарқаралы – елжанды жастардың ордасы. Осындай ұйымдар – қоғамдағы бірлік пен ізгіліктің, жас ұрпақтың азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігінің айғағы. «JasStar» ұйымының жетістіктері – Қарқаралының бүгінгі жастарының рухани әлеуетін, ел болашағына деген сенімін көрсетеді.
Бүгінгі еріктілер – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Олардың бастамасы мен белсенділігі туған жердің дамуына серпін беріп, Қарқаралының игі дәстүрін жалғастыра беретініне сенім мол.
Баршын ЕРТІСҚЫЗЫ
