Қарқаралы қаласында сәулеті мен сәні келіскен ақ мешіт ашылды. Бұл күні мәдениет пен тарихтың мұрасына айналған Құнанбай мешітінің салынғанына 173 жыл болған екен. Ол өз заманында қазақтың бөтен дінге жұтылып кетпеуі үшін жасаған миссиясын артығымен орындады десек те болады. Ал Алаштың ақиық қыраны Мәди Бәпиұлының атын иемденген Алланың жердегі осы үйі келер ұрпақтың рухани қазығына айналмақ.
Мешіттің салынуына мұрындық болған азамат «Темірзат» компаниясының басшысы — Айдын Мезгілбаев. Құрылыстың бас демеушісі Айдын Мұхамеджанұлы бұл ғимараттың іргетасын 2017 жылы қалаған болатын. Ал бүгін сәтін салып, оны аяқтап Қарқаралы жамағатының игілігіне табыстап отыр.
Мешіттің ашылуына Астанадан ат арытып қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, облыстық дін істер басқармасының басшысы Жанболат Сектай, мәжіліс депутаттары Арман Халықов пен Бауыржан Смағұлов сынды құрметті қонақтар келді.
Ресми шара Қарағанды облысының бас имамы Естай Әбдіғалиев бастаған имамдардың дұға бағыштауымен басталды. Одан кейін сөз алған аудан басшысы Әділжан Арғынов қазақтың тағдыры мен тарихынан біраз сыр шертіп, ақ мешіттің аудан халқы мен қонақтарының сұранысын қанағаттандыратынына сенім білдірді.
Кеңес одағының батыры Тоқтар Оңғарбайұлы ағамыз Мәдидің қилы тағдырына тоқталып, оның қайраткерлігі мен ақындығын тілге тиек етті.
Мешітте ерлер мен әйелдер залы және имамдарға арналған екі бөлме бар. Ғимаратты жылытатын заманауи қазандық орналасқан аумақтың көлемі 640 шаршы метр екен. Алла үйінің айналасында 900 және 320 шаршы метрді құрайтын екі автотұрақ бар. Намаз оқитын залдың көлемі 216 шаршы метрді құрайды. Күмбезінің биіктігі — 15,7, ал мұнараларының биіктігі — 21 метр.
Жаңа мешіттің ашылуына орай Қарқаралыдағы спорт кешенінде дзюдодан жастар арасында республикалық турнир өтіп жатыр. Сонымен қатар, аламан бәйге, топ бәйге, қазақ күресі, көкпар сынды ұлттық спорттан да бәсекелер қызып тұр. Жеңімпаз болып топ жарғандары автокөлік мінсе, жүлдеге ілінгендер қомақты қаржылай сыйлықты қанжығаларына байламақ.
Мәди бабамыздың есімін иеленген мешіттің салынуына ауданның жанашыр азаматтары мен алыстағы ағайын да қаржылай көмек беріп қолғабыс еткен. Осы дүбірлі шараға орайластыра ер және қыз балалар арасында құран сүрелерін жатқа оқудан жарыс та ұйымдастырылады екен. Оған қатыспақ ниетпен еліміздің түкпір-түкпіріндегі медреселерден жас жеткіншектер жиылыпты.
Ислам діні бір заманда қазақтың басқа ағым түсінікке елігіп кетпеуіне жасалған екпе секілді болды. Ал оның ендігі миссиясы елді бітістіріп, ұрпаққа бабалардан жеткен асыл сөзді сіңіру болмақ. Ендеше, халықтың рухани діңін қатайтатын жаңа мешіт құтты болсын!
Баршын ЕРТІСҚЫЗЫ