Қарғын суға Қарағанды дайын ба?

Былтыр сіресіп жатқан қар күрт жылынған күннің салдарынан ұзақ жатпай бірден еріп, қарғын су Қарағанды облысындағы бірнеше аудан тұрғындарын әбігерге салған болатын. Наурыздың соңғы күндері Шет ауданы аумағында табиғи сипаттағы 1 төтенше жағдай жарияланды. Жалпы 40 үйді су басып, Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсал елдімекендерінде 292 адам эвакуацияланды, оның 114-і бала.

Кейін су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарына үйлер сатып алынды. Баспанасы қызыл су басып, жарамсыз болып қалған бес отбасы өздеріне үй таңдады. Олар бюджет қаражаты есебінен сатып алынды. Тағы бір отбасына жаңа үй салып берді.

Апатты деп танылмаған басқа 54 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар осы мақсаттар үшін өтемақы алып, мәселені өз бетінше шешуге ниет білдірген болатын.

Сондай-ақ, Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек және бүлінген мүлік үшін өтемақы төленді.

Қырылған мал шығыны өтелді. Өлген мал барлық ветеринариялық-санитариялық норманы сақтай отырып жойылды.

Ал биылғы көктемге дайындық қалай?  Метеорологтар да болжам жасады. Алдын-ала айтылған болжамға қарасақ, Нұра, Шерубайнұра өзендерінде, Нұра өзенінің арнасының бойында орналасқан учаскелерде судың шекті деңгейден асу қаупінің жоғары екені анықталған екен.

Мамандар Ақтоғай, Қарқаралы, Бұқар жырау аудандарында қарғын су көп келуі мүмкін десе, Нұра, Осакаров аудандарын орташа деңгейге қосқан. Абай мен Шет аудандарында биыл үшінші, яғни, тәуекелі аз аймаққа қосқан.

Дегенмен, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Негізінен Қарағанды облысының бірнеше ауданы республикалық манызды жол учаскесі бойында жатыр. Осыған байланысты жолдағы қауіпті де ескеру қажет.

Қарағанды облысында жаңа үлгідегі қар ұстайтын қоршаулар орнатылады. Ал қар басып қалған учаскелердің бірінде тосқауылды металл торстармен алмастыру туралы шешім қабылданды.

Қар жиналуының алдын алу шаралары туралы Қарағанды облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мұқашев: «Қар көшкіні мен мұздақтың пайда болуын болдырмау үшін биыл ұзындығы 3 шақырым Нұра-Осакаров, ұзындығы 2 шақырым «Шахтинск-Сәрепті» және ұзындығы 400 метр болатын  «Сарыарқа» әуежайына кіреберіс автожолдарының учаскелерінде композитті қар ұстайтын қоршаулар орнату жоспарлануда, – деді.

Сонымен қатар, Осакаров-Молодежное автожолының асуында тосқауылдарды металл арқандармен алмастыру көзделген. Бұл жолдың жүру бөлігіндегі қардың желмен тез ұшып кетуіне мүмкіндік береді.

Теміртау-Токаревка автожолындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жалғасуда.

– Су тасқыны кезеңіне дейін жұмысты жеделдету қажет. Сондай-ақ, Саран-Шахтинск автожолындағы Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір қайта жөнделуде, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Бүгінге дейін Қарағанды облысында су тасқынына дайындық барысында 180-ге жуық шара орындалды. 65 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылды және бекітілді, 26 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды, сондай-ақ 18 километрден астам өзен арналарына санация жүргізілді. Автожолдардың 75 учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылды. Жанар-жағармай және инертті материалдар, қаптар мен азық-түлік қоры құрылды.

– 1 наурыздан бастап азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдары жоғары әзірлікке келтіріледі. Бұл Төтенше жағдай министрлігінің бөлімшелерін, әскери қолбасшылық органдарын және полиция департаментінің жеке құрамын қосқанда  4 125 адам және 1 754 техника, – дейді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев..

Оның айтуынша бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Яғни, өзендер қысқы режимде, қар деңгейі облыс аумағын 100% қамтиды. Судың толып кетуiн болдырмау үшiн Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан суды санитарлық ағызу жүргiзiледi.

Қазгидрометтің мәліметінше, қардағы су қоры Нұра өзені бойынша нормадан асып түседі, бірақ Шерубай-Нұра мен Тоқырауын бойынша нормаға жақын қалып отыр. Топырақтың қату тереңдігі өткен жылғы көрсеткіштен аз, бұл су басу қаупін төмендетеді.

Қарғын судан қауіп көп. Дегенмен, Қарағанды облысындағы жауапты сала өкілдерінің дер кезіндегі дайындығы табиғаттың кез келген сыйына төтеп беретіндігін былтыр көрсеткен болатын.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *