Қарағанды бөкетов университетіне «ұлттық» мәртебесі берілді

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді.

Университет тарихы 1938 жылы Қарағанды мемлекеттік мұғалімдер институтының ашылуынан басталады. Бұл өңірлік жоғары мектептің қалыптасуына негіз болды. 1952 жылы ол Педагогикалық институт болып қайта құрылды, ал 1972 жылы университет мәртебесін иеленді.

1992 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне алғашқы ректоры, көрнекті ғалым және қоғам қайраткері, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің есімі берілді.

2024 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен университетке зерттеу мәртебесіне ие болды. Бұл ірі ғылыми жобаларды дамытуға және халықаралық байланыстарды кеңейтуге жаңа серпін берді.

Бүгінде академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті аймағымыздағы алғашқы ұлттық жоғары оқу орнына айналды. Бұл мәртебе университеттің академиялық және ғылыми дербестігін кеңейтіп, алдыңғы қатарлы ғалымдарды тартуға, қосымша ресурстар алуға, инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізуге және заманауи ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға жол ашады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл оқиғаны өңір үшін маңызды тарихи сәт деп атап өтті.

– Біздің университет – енді елдегі ұлттық мәртебесі бар он сегізінші жоғары оқу орны. Бұл – жетістіктерімізге берілген жоғары баға ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білімді дамытуда, кәсіби өсу мен жаңа биіктерді бағындыруда тың мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам. Университет ұжымын және студенттерді осы айтулы жетістікпен құттықтаймын, – деді аймақ басшысы.

Университетте бакалавриат бойынша – 99, магистратурада – 68, PhD докторантурада – 19 (оның ішінде 12 инновациялық) білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. 12 факультетте 14 мыңнан астам студент, магистрант және докторант білім алуда, олардың арасында жүздеген шетел азаматы бар.

Оқу және ғылыми база өзекті зерттеулер жүргізуге, заманауи білім беру технологияларын енгізуге, стартап-жобаларды дамытуға, студенттерге қосымша біліктілік алуға және онлайн оқуға мүмкіндік береді.

Ұлттық мәртебенің берілуі – бүкіл ұжымның көп жылғы еңбегінің лайықты бағасы ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Университет дәстүрге адалдықты инновациялармен ұштастыра отырып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті нығайтып, Қазақстанның дамуына және жаңа буын мамандарын даярлауға зор үлес қоса бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *